Қоқыстың иісі қолқаны қапқан Қосшағыл

Қоқыстың иісі қолқаны қапқан Қосшағыл
Фото: Ш.Мұхтарқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.

КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Соған сәйкес аудан әкімі Жұмабек Қаражанов ауданға қарасты ауылдық округтердің халқымен бекітілген кестеге сай кездесуін өткен аптада Ақкиізтоғай ауылынан бастап кеткен еді. Жылына бір мәрте ғана емес, тоқсан сайын халықпен жүздесу тұрғындардың ұсыныс-пікірлері арқылы көп уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер түйінінің тарқатылуына себеп болып отыр.

Айталық, аядай ғана Қосшағыл ауылының ішкі мәселелері бір басына жетіп артылады. Бұған дейінгі кездесулерде ауылдың жанашыр азаматтары көптеген проблемаларды жасырмай баяндап, оның шешілу жолдарын да бірге ақылдасып, ұсыныстарын ортаға салатын. Бұл жолы әкім, ең алдымен, өткен кездесулерде халық тарапынан көтерілген мәселелердің орындалысын тілге тиек етіп өтті.

-Қосшағыл ауылының тұрғындарымен осыған дейін 5 рет кездестім. Оның 2-еуі 2022 жылы болса, 3-еуі биылғы жылы. Оның ішінде бір кездесу ауылға қарасты Қарағай елді мекенінің халқымен ұйымдастырылған еді. Ең бірінші жол мәселесі бойынша есеп берсем: Қосшағылдағы 2 шақырым ауылішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарына қаражат бөлініп, жол құрылысын атқаратын жеңімпаз болып жергілікті «Казкомсервис» ЖШС танылды. Алайда жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіліп, жол салу келесі жылға қалды. Ал көше жарығы бойынша да жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды, сараптамадан өтті, қаражат бөлінді, жеңімпаз анықталды. Қазіргі таңда мердігер мекеме қажетті материалдарды алып жатыр. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан электр желілерін жаңарту сұралған болатын. Бұл жұмысты сол кезде қарастырып, анықтап берген болатынбыз. Сондай-ақ, жаңадан берілетін жер учаскелеріне электр желісін жүргізу мақсатында ЖСҚ жасақталды. Жобалаушы мекеменің жұмысын уақытылы орындамағаны үшін сотқа жүгініп, бүгінде сот процесі жүргізілуде. Одан бөлек, ауылға сұраған 160 орындық балабақша салуға жер қаралып отыр. Оның да ЖСҚ-сын жасақтау бойынша облыстық Білім беру басқармасымен келісіліп жатыр. Ал ауылдағы №2 мектептің жөндеу жұмыстарына қатысты халық тарапынан көптеген сын айтылды. Оны бәріңіз білесіздер! Мердігер мекеме өз міндеттерін толық орындамай сотқа беріп, қазіргі таңда жаңа кәсіпорын анықталып, іске кірісіп кетті. Бүгінгі таңда барлық жұмыстың 80 пайызы жасалды. Оқу процестері жалғасып жатыр. Қарағай елді мекені тұрғындары Құлсарыға қатынап білім алатын оқушы балалары үшін тасымалдауға автобус сұраған болатын. Облысқа бөлінген 23 көліктің 2-еуі біздің ауданға берілді. Соның бірі - осы қарағайлық оқушыларға арналады. Ол №19 жалпы орта білім беретін мектеп базасына тіркелген. Одан басқа, тұрғындар демеушілікпен спорт жабдықтарын алып беруді сұраған еді. Бұл тілек те орындалды. Атап айтсақ, шахмат 30 дана, дойбы 30 дана, тоғызқұмалақ 30 дана, тағы да басқа құрал-жабдықтар бар. Ауыл халқы бұған дейін ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жаңа көліктермен қамтамасыз етуді өтінді. Осыған сәйкес, «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен ауданға 6 және облыс әкімінің қолдауымен 5 жедел жәрдем көлігі алынып, халыққа қызмет етуде, - деді аудан әкімі Ж.Қаражанов.

ЖЕРАСТЫ СУЫН САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Әкімнің сөзінен соң сұрақ қойып, ұсыныс-пікірін айту үшін тұрғындарға кезек берілді. Ең алдымен, ауыл тұрғыны Сайын Сарманов есімді азамат аудан аумағында орналасқан табиғи фонтандар жайын айтты.

-Қосшағыл ауылы бір жағы «промсу», бір жағы «совхоз» болды кезінде. Сол шаруашылық 1993 жылдары тарай бастағанда жоғары жақтан арнайы өкілдер келіп, «фонтандардың бәрін біз есепке аламыз, аузына крант қойып, қандай мөлшерде су кетіп жатқанын есептейміз, ал сіздер суды крант арқылы аласыздар» деді. Біз бұған әлбетте қарсы шықтық. Өйткені, егер крантты жабатын болсақ, фонтандар бітеліп, құм басып қалады. Сонымен бұл аяқсыз қалды. Бірақ біз табиғи жерасты суымызды сақтап, көзін ашып, халықтың игілігіне ұтымды пайдаланатын тұстарын қарастырып, болашақ ұрпақ үшін мол су қорын қалдыруымыз керек қой. Бұл - экологиялық мәселе. Екінші айтарым шаруашылыққа пайдаланатын техникалық су жөнінде. Біз қашанғы шетелден экспортталып келетін өнімдерді тұтынамыз. Қарапайым қияр-қызанақ, ет-сүтімізді, көкөніс-жемісімізді өз ауламызға егіп, бау-бақшаға айналдырсақ деген ойым бар. Осы үшін бізге сәуір айының 15- інен бастап, қазан айының 15-іне дейін үздіксіз жүріп тұратын техникалық су жүргізіп беруіңізді сұраймын, - деді.

Бұл сұраққа әкім:

-Осы мәселеге орай халық тарапынан «фонтандарды жаппаңыздар, ашық қалсын, крант қоймаңыздар» деген сұраныстар түсіп, облыста кең көлемде жиналыс өтіп, фонтандарды ашық қалдырғанбыз. Негізі фонтандардың өз иесі болу керек. Біз осы жұмыс барысында қожайынын анықтап, заңдастырып ол үкіметтің қарауында бола ма, немесе коммуналдық мекемелерге қарай ма, бәрін реттегелі отырмыз,-деп жауап берді.

Жалпы кездесу барысында халық көптеген сауалдарды бірігіп жолдады. Соның бірі - «үп» еткен желге шыдамай сөніп қалатын жарық үшін шағымданды. Ауыл ішінің санитарлық жағдайына алаңдаушылығын да білдірді. Ауыл тұрғындарының айтысына қарағанда, ауылдан басқа жерге қоныс аударып көшіп кеткен кей тұрғындардың ескі үйлері көшедегі бұралқы ит-мысықтың жиналып, ұйығатын орнына айналған. Қараусыз қалған иесіз үйлерге тұрғындар қоқыс апарып төгіп, «полигонға» айналдырған. Қоқыстың қолаңсы иісі қолқаны атып тұрғанға ұқсайды. Қала берді, сол маңда тұратын тұрғындарға қауіп те жоқ емес екен. Сол екі-үш үйдің иелерімен сөйлесіп, заң аясында әрекеттер жасап, мүмкін болса ескі баспананы бұзып алу жағдайын қарастыруды сұрады. Одан бөлек ауылдағы жылу, жарық, ауыз су, интернет мәселелері де сөз болды. Көпшілігі коммуналдық төлемдер тарифі бағасының өскеніне наразылығын білдіріп жатты. Жиынға қатысып отырған жауапты мекеме басшылары тұрғындар қойған сұрақтарға жауап беріп, заңды шешімін қарастыратынын айтты. Ал тұрғындар болса ауылда жиі ұйымдастырылатын осындай кездесулердің нәтижесінде күрмеуі қиын көп мәселенің түйіні тарқатылатынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Халықпен кездесуден соң аудан әкімі ауылдағы мектеп-интернат пен №2 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратын аралады.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521