Иә, лудомания – адамның құмар ойындарға шамадан тыс әуестігі. Бұл мінез-құлық адамды эмоционалды және қаржылық жағынан тәуелді етіп, өмірдің басқа салаларынан елеусіз қалуына әкеп соқтырады. 2024 жылы Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Осыған байланысты елімізде құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бағытында бірқатар шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі айқындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне толықтырулар енгізіліп, сәйкесінше, олардың қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайды қоспағанда ойын мекемесіне баруына тыйым салынады. Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға немесе бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылданады. Бұл ретте құмар ойынға мемлекет шектеу қойғанымен, біз өзімізді өзіміз шектемесек, мәселе шешілмейтінін ұмытпайық! Құмар ойын - жамандықпен сыңар ойын, жарға апарып жығар ойын екенін ескерейік!
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша департаменті