Аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
Мәселен, жақында қала аумағында өрескел тәртіп бұзған құқық бұзушының әрекеті әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған еді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қала тұрғыны 17 қаңтар күні сағат 17:00 шамасында автодорожник аумағындағы 200-ші көше бойында көлігінен ағаш және пластик қалдықтарын заңсыз лақтырып, тастап кеткен. Аталған дерек бойынша аудандық полиция басқармасы, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына(Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес заң талаптарына сай әкімшілік хаттама толтырды. Құқық бұзушының әрекеті қоғамдық орындарды ластауға жатқаны анықталып, барлық іс материалдар аудандық сотқа жолданды. Өз кезегінде жылыойлық полицейлер жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару айыппұл арқалауға әкеп соғатынын еске салады. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және заң талаптарын қатаң түрде орындауға шақырады.
А.Ерденқызы




