Шағын бизнесті қолдауға 48,5 млн теңге қаражат жұмсалды. Ауданға жаңа балалар алаңдары мен жабдықтар орнатылды — «Теңізшевройл» компаниясы биылғы әлеуметтік инвестициялардың қорытындысын шығарды.
«Шаңырақ» қонақ үйінде «Теңізшевройл» компаниясы өкілдерінің және жергілікті тұрғындардың қатысуымен әлеуметтік жобалар мен компанияның қосқан үлесіне арналған, дәстүрлі форматқа айналған кездесу өтті. Айта кетейік, бұған дейін мұндай кездесулер аудан белсенділерімен бірлескен Қоғамдық-консультативтік кеңес отырыстары ретінде өткізіліп келген. 2024 жылдан бастап бұл кездесулер жылына екі рет өткізіліп, қатысуға ниет білдірген барлық тұрғындар үшін ашық форматта ұйымдастырылып келеді.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, белсенді азаматтар, осы ауданда қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Құлсары қаласының жанашыр тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында дәстүрлі түрде өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланды. «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев 2025 жылғы Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының (ӘИБ) қорытындылары туралы баяндады. Биыл бағдарлама аясында 20 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде жергілікті тұрғындардың жоғары бағасына ие болған «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы қайта жанданып, 2 футбол алаңы, 1 футбол және волейбол алаңы, 1 баскетбол және волейбол алаңы, 2 демалыс орны, 5 балалар алаңы, 3 ашық жаттығу алаңы және 1 сахна пайдалануға берілді. Жалпы 2025 жылы шамамен 1300 адамға пайдасын тигізетін 16 нысан іске қосылуы жоспарланған еді.
Сонымен қатар 50 жастан асқан азаматтар мен қарттарға арналған «50+ — ешқашан кеш емес» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырған концерт Құлсары тұрғындарына ерекше әсер қалдырды. «Биыл Жылыой ауданының үкіметтік емес ұйымдары үшін оңай жыл болған жоқ, ағайындарымызбен қимай қоштастық. Біз олардың еңбегін әрдайым естен шығармай, аудан игілігі үшін бастаған істерін жалғастырамыз», — деп атап өтті ҮЕҰ өкілдері.
Сонымен қатар Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Таңдау» жобасы бойынша биыл жалпы сомасы 48,5 млн теңге болатын 14 пайызсыз несие бөлінді. Биыл ең танымал бағыт — тамақтандыру саласы. Сонымен бірге білім беру, тігін және химиялық тазалау салаларында 5 кәсіпорын ашылды. Әлеуетті кәсіпкерлерді оқытуға арналған екінші ағым да өз жұмысын бастап кетті. «Жоба үш ағымнан тұрады, сондықтан қатысқысы келетін азаматтар әлі де «Таңдау» жобасына қосылып, өз кәсібін ашу мүмкіндігіне ие», — деді ТШО өкілі Саламат Сарбалин.
Кездесу барысында аудан тұрғындары 2026 жылы Жылыой ауданын одан әрі дамыту және жобаларды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын белсенді түрде білдірді. Қатысушылар арасында Едігеевтің жұмыспен қамту шаралары жөніндегі баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды.
Халықпен кездесу өткізу — ТШО-ның бұрыннан қалыптасқан дәстүрі. Бұл компанияның ашықтығын көрсетіп қана қоймай, тұрғындарға өз сұрақтарын компания өкілдеріне тікелей қоюға мүмкіндік береді. Айта кетейік, мұндай кездесулердің басты мақсаты — компанияның Жылыой ауданының дамуына қосып отырған әлеуметтік үлесі туралы тұрғындарды хабардар ету.
Сол күні Құлсары қаласындағы №16 орта мектепте «Самұрық» қоры мен «ТШО» бірлесіп жабдықтаған инклюзивті кабинеттер ашылды. Сонымен қатар «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен Жылыой ауданының коммуналдық қызметіне қажетті 5 арнайы техника мен медициналық жабдықтар табысталды.



