Қоғам мен билік арасындағы ашық әрі нәтижелі диалог – тұрақты дамудың басты кепілі. Осы мақсатта қаламызда жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, құқықтық және әлеуметтік бағыттағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге жалпы саны 37 тұрғын қатысып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алуға мүмкіндік алды. Қабылдауға 8 сала маманы жұмылдырылып, Құлсары қаласы әкімі аппаратының және аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің өкілдері халыққа кеңес берді. Тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің қатарында жұмыссыздық және жұмыссыз ретінде тіркелу жолдары, жер учаскесіне кезекке тұру тәртібі, жерді жалдау мерзімін ұзарту, тал кесуге рұқсат алу рәсімдері, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар болды. Әсіресе, еңбекке орналасу және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша нақты түсіндірмелерге сұраныс жоғары болды. Мүмкіндікті пайдаланған жылыойлықтар көкейтесті сұрақтарын қойып, сәйкесінше жауаптарын да алды.
Сала мамандары әрбір азаматтың өтінішін жеке қарап, заңнама аясында толыққанды жауап берді. Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін қажетті құжаттар мен электронды форматта өтініш беру жолдары, жер қатынастары бойынша кезек тәртібі мен мерзімдері, экологиялық талаптарға сәйкес тал кесуге рұқсат алу процедуралары жан-жақты түсіндірілді. Бұл ретте әлеуметтік төлемдерге байланысты мемлекеттік қолдау шаралары мен оларды рәсімдеу тәртібі де нақты айтылды. Нақты сауалмен келген азаматтарға жауап берген Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Гүлназ Зағыпарова:
- Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – тұрғындарға бағыт-бағдар беру, заң аясында нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Көп жағдайда мәселе ақпараттың жеткіліксіздігінен туындайды. Сондықтан әр азамат өз құқығы мен мүмкіндігін толық білсе, көптеген түйткілдің түйіні дер кезінде шешілер еді. Алдағы уақытта да осындай ашық қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылса Жылыой жұртына бұл тиімді кездесу болмақ,-деді ойын білдіріп.
Иә, мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімді нығайтады. Сонымен қатар халық тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта жұмыс сапасын жақсартуға негіз болары сөзсіз.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ




