Қоғам игілігі жолындағы әйел көшбасшылар: Астанада аудан және ауылдық округ әкімдері үшін семинар-тренинг өтті

2025 жылғы 6–7 қараша күндері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада аудан мен ауылдық округтердің әйел әкімдеріне арналған екі күндік семинар-тренинг өтті.

Іс-шара ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істерi және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – әйел басшылардың басқарушылық қабілеттерін жетілдіру, көшбасшылық әлеуетін нығайту және мемлекеттік басқару жүйесіне адамға бағдарланған, инклюзивті тәсілдерді енгізу.
Семинар бағдарламасы мазмұнды әрі жан-жақты болды. Қатысушылар стратегиялық менеджмент пен көшбасшылық, басқарушылық ойлау қабілетін дамыту, тиімді шешім қабылдау және жергілікті деңгейде нәтижелі команда қалыптастыру тақырыптарын талқылады. Ерекше назар азаматтармен байланыс пен коммуникация мәселелеріне аударылды – бұл «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаты. Әйел әкімдер тұрғындармен сенімді диалог орнату, сұраныстарға дер кезінде жауап беру және тұрақты кері байланыс тетіктерін қалыптастыру тәжірибелерімен бөлісті.
Бағдарламаның маңызды бөлігі бюджет жоспарлау қағидаттарына арналды – ауылдық округтер мен аудандар деңгейінде ресурстарды ұтымды бөлу және оларды ашық әрі тиімді пайдалану мәселелері қарастырылды. Қорытынды сессия мемлекеттік басқарудың құқықтық аспектілеріне арналды: қолданыстағы заңнамалық нормалар, мемлекеттік органдар қызметін реттеу және азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған құқықтық құралдар талқыланды.
Семинар аясында мазмұнды дәрістер мен шеберлік сабақтарын Ұлттық комиссия төраға орынбасары Ләззат Сүлеймен жүргізді. Ол әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту мен басқарушылық әлеуетін арттырудың тәжірибелік тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар, семинар жұмысына Мемлекеттік басқару академиясы мен Парламенттің өкілдері қатысып, стратегиялық менеджмент, коммуникация және құқықтық реттеу мәселелерін талқылады.
Семинардың модераторы – Ұлттық комиссия мүшесі, Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Жұлдыз Дәулетбаева.
 
Бірінші сессия аясында «Стратегиялық менеджмент және көшбасшылық» тақырыбында лекциямен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Эльмира Оразалиева сөз сөйледі.
 
Іс-шара аясында Парламент депутаттары да өз ойларын ортаға салды.
«Коммуникациялар және халықпен байланыс» сессиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай баяндама жасаса,
«Мемлекеттік басқарудың құқықтық аспектілері» секциясында Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ сөз сөйледі. 
 
Қатысушылар әйел көшбасшылығы тақырыбын жан-жақты талқылап, пікірталастар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауының аясында өрбіді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар Мемлекеттік басқару академиясының сертификаттарын алды. Олар мұндай бастамалардың әйел көшбасшылардың кәсіби қауымдастығын нығайтуға және ашық әрі диалогқа негізделген мемлекетті дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.
 #ҰлттықКомиссия
#UlttyqKomissiya
#НацКомиссия

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT