Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында жеткізген мәселесі аз емес. Соның ішінде, осынау, адамды адам аямайтын заманда «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді» деген сөзі жаныма жылулық ұялатты.
Иә, күні кеше ғана Талғардағы жантүршігерлік оқиғаны әлеуметтік желі арқылы дүйім жұрт көрген болатын. Жүрегі шаншымаған ана, қанжыламаған әке қалмаған шығар. Бір кездері біздің қаламызда да жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде жастарымыз қаза болған. Сондықтан, ел Президентінің бұл тақырыпты қозғауы біздің ауданға да тікелей қатысты деп білемін.
Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында:
-Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс,- дей келіп, түйткілдің түйініп тарқатқандай болды. Ендігі кезекте ел Президентінің сөзін бірауыздан қолдап, билік пен бұқара бірігіп, бұл індетті түбегейлі жоюмыз қажет. Әйтпеген жағдайда, заң үстемдік құрмаған мемлекеттің болашағы қай кезде де бұлыңғыр болмақ.
Мемлекет басшысының басқа да көтерген бастамалары өте орынды. «Сабақты ине сәтімен»дегендей, бірқатар мәселелер дер кезінде айтылып, шешімін табады деген сенім мол. Қауіпсіз Қазақстанның іргетасын қалайтын - қарапайым сіз бен біз. Жауапкершіліктен қашпай, күнделікті өмірде әр адам өзінің айналасында болып жатқан құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін алғашқы әрекетті жасаса, мәселе де шешіле кетпек. Сондықтан, барша отандастарымды жұдырықтай жұмылып, бір кісідей Мемлекет басшысының бастамаларын қолдауға шақырамын.
Ұлықпан Сисекенов,
ішкі істер органы ардагері,
отставкадағы подполковник