Қоғам белсенділермен кезекті кездесу қандай мәселелер талқыланды?

Дәстүрге айналған «Теңізшевройл» консультативтік кеңесі жуырда бесінші отырысын өткізді. Бұл жолы жұртшылық пен компания өкілдері нендей мәселені талқылады және қандай ортақ шешімге келді?

Иә, қазанның 11-і күні Құлсары қаласында «Теңізшевройл» жанындағы консультативтік кеңес мүшелерінің кезекті басқосуы өтті. Онда компания өкілдері ТШО-ның Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жайлы баяндады.

Айталық, бір ғана биылғы жылы 6 жедел жәрдем көлігі, мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған инватакси, ауданның коммуналдық шаруашылығы қызметіне 4 арнайы техника берілді. Оның ішінде кран-манипулятор, сыпырып жинайтын вакуумдық машина және екі аралас жол машиналары бар. Сондай-ақ, «Кең Жылыой» мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен сахналық костюмдер сыйға тартылды. Экстракорпоралды ұрықтандыру ем шарасына демеушілік жасау жобасы аясында көмек көрсетілетін ерлі-зайыптылардың саны биыл 25-ке дейін ұлғайтылды. Ауданда 15 әлеуметтік жоба өз жұмысын жалғастыруда, бұл Атырау облысында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылған барлық жобалардың шамамен 70 пайызын құрайды.

Жұртшылық өкілдерінің өтініші бойынша ТШО қызметкерлері соңғы 3 жыл ішіндегі әлеуметтік инвестициялық бағдарламасының жобалары мен әлеуметтік инфрақұрылым жобаларының тізімін ұсынып, оны компанияның жалпыға қолжетімді ресми сайтында жариялады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бұл тізім нысандардың жай-күйін және жергілікті балансқа берілген жабдықтың бар-жоғын тексеру үшін қажет.

-ТШО жыл сайын аудан тұрғындарының игілігі үшін түрлі жабдықтар береді, ғимараттар салады және қоғамдық жобаларды жүзеге асырады. Кейде біз өз ауданымызға ненің, қандай көлемде беріліп жатқанын білмей жатамыз. Сол себепті азаматтық ұстанымымызды көрсете отырып, біз осы нысандардың қазір қандай күйде екенін тексергіміз келеді. Мен жақында ТШО-ның «Игілік» ерікті әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынып жатқан «Береке» шағын ауданындағы мектепке бардым. Біз жобаны жақсарту мақсатында өз ұсынысымызды білдірдік, компания өкілдері оны бірден қарауға алды, - деп атап өтті Жанаргүл Шарғабаева.

Кеңес мүшелері «демобилизация» қарқыны бойынша өзекті ақпаратты да талқылады. Естеріңізге сала кетейік, «Теңізшевройл» компаниясының мәліметіне сүйенсек, демобилизацияланған әрбір жылыойлық азаматқа облыс пен өзге өңірлерден 17 жұмысшыдан келеді екен.

Компания өкілі атап өткендей, ТШО әлеуметтік жауапты компания ретінде өз құзыреті шегінде Жылыой ауданының дамуына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуге тырысады.

Барлық баяндамалардан кейін кеңес мүшелері өз құрамын жаңарту туралы шешім қабылдады. Жаңа үміткерлер кеңестің келесі отырысында ұсынылатын болды. Еске салсақ, қазіргі таңда консультативтік кеңестің мүшелері қатарында аудан мен Құлсары қаласы әкімдіктерінің, аудандық мәслихаттың өкілдері, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, ТШО қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, соның ішінде Тұрар Шапқара, Ұлмекен Сұлтанғалиева, Жанаргүл Шарғабаева, Дайрабай Елдесбаев, Қанат Бимырзаев, Қанат Еңсеповтер бар.

Жарғыға сәйкес Консультативтік кеңестің мүшелері әкімдік, бизнес және жұртшылық арасындағы диалогты нығайтуды қамтамасыз ететін «көпір» болып табылады. Кеңес мүшелерінің бірінші кезектегі міндеті – компанияны халықтың мұң-мұқтажы туралы хабардар етіп қана қоймай, сонымен бірге жұртшылықты да ТШО-ның ауданда атқарып жатқан жұмысы жайлы құлағдар ету болып табылады.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521