Көзі көрмесе де, кітапты көп оқиды

-Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапхана қорында барлығы 211 мың 735 дана кітап бар. Оның 143 мың 83-і - қазақ тіліндегі еңбектер. Биыл орталық қоры 1366 мың жаңа кітаппен толықты. Соның 1304-і ана тілімізде жарық көрген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз, - дейді кітапхана директорының орынбасары Кенже Жапалова.

Әбіш Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген еді. Бүгінде сол асыл қазынамызды жас буынға жеткізуші алтын көпір – кітапхана мен кітапханашылар. Сан ғасырдың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылыми кереметтерді де осы жерден табарымыз хақ.

Қазіргі таңда ауданның кітапханашылары оқырманға тарихи- танымдық рухани құндылықтарды насихаттап, игі де ізгі жұмыстар атқарып, келушілерге сан салалы қызмет түрін көрсетеді. Әлеуметтік сауықтыру, ақпарат тарату және өзара қарым-қатынасты нығайту, көзі нашар көретін зағип оқырмандар үшін интеграциялық қызмет көрсету, ақпараттар алуға бейімделген технологияларды енгізу, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпарат желісіндегі мүмкіндіктерін арттыру мақсатында үздіксіз жұмыстар жүргізіп келеді.

Руханият ошағында бүгінде 3689 оқырман бар. Мамандар олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Тіпті бірлесіп қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шараларды да ұйымдастырып тұрады. Сонымен қатар, студенттермен және оқушылармен түрлі сипаттағы кездесулер, тренингтер, пікірталастарды жиі өткізеді.

Кітапхана директорының орынбасары Кенже Жапалова: «Кітапханаларға оқырман тек кітап алу үшін ғана барады» деп ойлау ескірген көзқарас» - дейді. Өйткені бүгінгі оқырман жан- жақтылықты талап етеді. Басым бөлігі психологиялық тренингтер мен мотивациялық шығармаларды сұрайды. Сондай-ақ, жастар арасында «жеңіл, оқуға ыңғайлы» кітаптар сұранысқа ие.

Жалпы, заманауи технологиялар қарыштап дамыған тұста кітап оқу үрдісі бәсеңдеп қалғаны жасырын емес. Шын мәнінде, кітап адамның рухани байлыққа кенелтіп, ой-өрісін кеңейтуге таптырмас құрал. Кітаптан бас алмай оқитын аға буынның қатары сирегенімен, кейінгі толқын арасында да рухани азықты жанына серік еткендер аз емес.

- «Жастар арасында кітап оқуға қызығушылық бар ма?» деген заңды сауал кім-кімді де мазалайтыны рас. Қазіргі уақытта ақылды гаджеттен бас алмайтын қыз-жігіттердің көпшілігі кітап оқуға де- ген құлшынысының төмен екендігін аңғартады. Негізінен, барлық аудиторияға арналған кітап жарық көруде. Дегенмен, сиясы кеппеген жаңа туындыларды оқитын жас оқырман қатары аз. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, казіргі жастар техникалық және ақпараттық технология, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға оқуға түскен. Сол себепті өз салаларына қатысты әдебиеттерге ден қояды. Әрине, барлық оқырманның сұранысын орындауға тырысамыз. Орталықта болмай қалған кітаптарды облыстан алдыртып, тауып береміз. Керек материалдардың тіпті электронды түрлерін де ұсынамыз -дейді Кенже Жапалова.

Кітапханада мәселе де жоқ емес. Қазіргі кезде тұрақты оқырмандар қатарында мүмкіндігі шектеулі және зағип жандар да бар. Өкініштісі сол, олар кітап алғысы келгенімен де оқи алмайды. Өйткені, брайль ғарпіндегі кітаптар жоқтың қасы. Қағаз бетіндегі нүктелердің ізімен жүріп отырып, қай кейіпкердің қандай күй кешіп, оқиғаның қалай өрбігенін оқу – оңай іс емес. Алайда жанарынан айрылып, өмірді саусақ ұшымен танитын тағдырлы жандардың қажетіне жарарлық қазақ тілді аудиторияға арналған бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптардың жоқтығы қынжылтады. Бір сөзбен айтқанда, көзі көрмейтін жандардың кітап оқуына мүмкіндігі жоқ. Орталықта тек «сөйлейтін қалам» арқылы оқылатын Абай Құнанбаевтың жалғыз кітабы ғана бар. Оны тек балалар ғана оқиды.

- Зағип жандар мен көзі нашар көретіндерге арналған кітаптар қорын көбейту керек. Себебі, олардан түсетін сұраныс өте көп. Сондықтан жергілікті атқарушы орган өкілдері осы мәселені ескер- се,- дейді кітапханашылар.

Айнұр МАХАМБЕТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521