Жылыой ауданында 14 наурыз - Көрісу күніне арналған «Көрісу - ізет пен ілтипат» атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік шара көрісу күніне арналған театрландырылған қойылыммен басталды. Театрландырылған қойылым аяқталған соң, аудан әкімі Жұмабек Қаражанов құттықтау сөз сөйледі:
«Баршаңызды Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айрықша мейрам. Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт — дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі іспетті.
Ұлық дәстүр бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Көрісу — адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Амал мерекесі құтты болсын!», - деді.
Мерекелік құттықтаудан соң аудан өнерпаздары концерттік бағдарламамен жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.