Көне өнерді серік еткен жандар

Өткен аптаның жұмасы ерекше жандарға мүмкіндік берген күн болды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, олардың қоғамдағы өз орнын табуына көмектесіп, қазақтың төл өнерін кәсіпке айналдырған шеберлерге қолдау көрсетілген жақсы шараның куәсі атандық. Құлсары қаласындағы «Ақтан» сауда орталығында «Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қоғам мүшелерінің қолөнер бұйымдарына арналған шағын дүкен ашылды. Оған аудандық әкімдіктің дербес бөлім басшылары мен аудан тұрғындары, қоғам мүшелері қатысты. Алғашқы сөзді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева алып, жиналғандарды қолөнер бұйымдары дүкенінің ашылуымен құттықтады.

Сондай-ақ қоғамдық бірлестік төрағасы Амангелді Мыңжасаров сөйлеп, бүгінгі әдемі шараға қолдау көрсетіп келген барша азаматқа алғысын білдірді. Ол жалпы бірлестіктің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін біраз жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Ерекше жандардың үйде отырып қалмай, қоғаммен етене араласып, бойындағы қабілеттерін шыңдап, қоршаған ортада кедергісіз өмір сүрулеріне мүмкіндік жасап келе жатқанын айтты.

– Бұрынғы кезбен салыстырғанда бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып отырған әлеуметтік қолдау жоғары деңгейде. Мұндай қамқорлық ерекше жандардың тағдырдың сынағына мойымай, ағысқа қарай жүзіп, алға ұмтылуына зор ықпал етеді. Қазіргі таңда қоғамда көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда бірлестік мүшелері әртүрлі спорт түрлерінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда, өнер саласындағы түрлі байқауларда жетістікке жетіп жүр. Сонымен қатар, арамызда қолөнер шеберлері жетерлік. Бүгінгі шағын дүкеніміздің ашылуы – осы сөзіміздің дәлелі. Ерекше жандардың денсаулығына байланысты жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз. Сондықтан қолдарынан шыққан бұйымдарын емін-еркін сатуына жол ашылып отыр. Осы орайда бізге қолдау көрсетіп жатқан аудандық әкімдікке, сауда үйінің басшыларына алғысымызды білдіреміз,-деді Амангелді Көздібайұлы.

Бұдан соң жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева мен Амангелді Мыңжасаров дүкеннің алқызыл лентасын қиып, қонақтарды бастап кірді. Аналар шашу шашып, құтты болсын айтып жатты. Бұдан бөлек салтанатты шараға қатысушылар да сөз сөйлеп, дүкеннің табысты жұмыс жасауына өз тілектестігін білдірді. Дүкеннің ішінде он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің дайындаған туындылары самсап тұр. Ұлттық нақышта жасалған түрлі қоржын, торсық, қуыршақтар мен тоқыма шұлғылар, көрпешелер секілді басқа да бұйымдар көздің жауын алады. Түрлі картиналар мен гипстен жасалған ақша жинағыштар да «менмұндалап», тұрғындарды өзіне еріксіз тартады. Бұл қолөнер бұйымдарын жасаған жандар Нұргүл Әбдіғалиева, Гүлмира Алмадиева, Индира Өмірзақова, Айгүл Есенғазиевалар еді. Алдағы уақытта өзге де ерекше шебер жандардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары осы дүкеннің ішінен табылмақ.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT