«Күнде жұмысқа асығып келемін»

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, жұмысшы мамандарының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік екенін ұғынамыз. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие жұмысшы мамандықтары жылы осынау құндылықтарды бағалау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз. 

Мемлекет басшысының 2025 жылды Қазақстан үшін «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталатынын жеткізген еді.

Жалпы, қоғамының әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген жандар қатары көп. Солардың бірі - жұмысын жан қалауымен атқарып, Мақат балалар өнер мектебінің таза болуына екі жылдан бері өз үлесін қосып жүрген Светлана Әбілова.

Ол 1967 жылы Мақат ауданында көп балалы отбасында өмірге келген. Л. Шахатов атындағы орта мектебінің түлегі. Белгілі себептермен оқуға бара алмай, еңбекке ерте араласқан.

Содан алғаш еңбек жолын 1985 жылдары Мақат желілік өндірістік басқармасы мекемесінде тазалықшы болып қызмет етуден бастайды. Алайда, 1998 жылы аяқ асты қысқарту болып, жасап жүрген жұмысынан босап қалады.

«Сол жылдары тұрмыс құрып, үлкен өмірге қадам бастым. Әрі қарай еңбекке араласуды жөн санап, 2005 жылы аудандық кірістер басқармасына жұмысқа орналастым. Ол жерде екі жылдай жұмыс жасап, жұмыстан босап қалдым.

2012 жылы «Мақат балалар өнер мектебіне» күзетші болып жұмысқа орналасып, кейіннен тазалықшы қызметіне ауыстым. Әрине, қандай болмасын жұмыстың оңайы болмайды. Әр саланың өзіндік ерекшелігі мен көпке көріне бермейтін қиындығы болады.

Күн сайын таңғы сағат 9.00-де келіп, өз міндетімізге кірісеміз. Өнер мектебінің таза болуына жауап береміз. Жұмысымызды оңай деп айта алмаймын. Алайда, қызықты тұстары өте көп. Жыл мезгілінің кез келген уақытында өзінің қиындықтары болады. Жазда аптап ыстық, ал қыста суық. Жаңбыр жауғанда есік алды балшық болып қалатын сәттер де кездеседі. Күз және көктем мезгілінде жұмыс қарқыны арта түседі. Қыста да қол қусырып қарап отырмаймыз. Ауладағы қарды күрейміз. Қалай десек те, күрек пен сыпырғымыздың бос тұрған кезі болмайды. Әрдайым жұмыс табылады», - дейді Светлана Калиерқызы.

Осы салада он екі жылдай қызмет атқарып жатқан ол - өз ортасында беделді жұмысшы. Әріптестері де оның жауапкершілігінің жоғары, өз ісіне тиянақты екенін айтады. Оны өнер мектебінің ұйымшыл ұстаздары мен салт-дәстүрге берік оқушылар құрмет тұтады.

Бұл жұмыста еңбегі бағаланып, мектеп директорынан Алғыс хат алған. Кейіпкеріміз бүгінде адал еңбекпен тапқан табысына риза.

«Жалақымыздың берекесін берсін деп, шүкіршілігімізді айтып отырамын. Өзім жастайымнан тазалыққа құмар болдым. Үйіңнің де, өзің тұратын ауылдың да таза болғаны жақсы ғой. Осы игі істің ішінде өз үлесімді қосып жүргенім - мен үшін үлкен абырой. Басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған. Күнде жұмысқа асығып келемін, өйткені әр күніміз той-думанмен өтеді десек болады. Біреулері ән шырқап, енді біреулері домбыра да күй шертеді - дейді кейіпкеріміз.

Иә, әр тұлға өзінің еңбегін сүйіп жасап, алға дамуға ұмтыла берсе, мемлекетіміз де көркейе бермек.

Тазалықшы мамандығы - бұл адамның жауапкершілігі, еңбексүйгіштігі мен тазалыққа деген сүйіспеншілігін көрсететін мамандық. Сондықтан, олардың еңбектерін бағалап, жасап жатқан жұмыстарының мәнін түсіне білуіміз керек.

Г.Мәмбетқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT