Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде, негізінен, бес мәселе қаралды. Алдымен, ауданның құрылыс бөлімінің 2023 жылғы мемлекеттік сатып алулар жоспарының орындалысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қазыбек Ағыраев хабарлама жасады.
Кірісінен шығысы көп...
Ол өзі басқаратын бөлімнің аудан әкімдігінің 2020 жылғы 6 ақпандағы №49 қаулысына сәйкес мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде жұмыстар атқаратынын мәлім етті. Аудан бойынша бүгінгі уақытқа дейін жалпы сомасы 2,2 млрд. болатын конкурс тәсілімен 109 мемлекеттік сатып алулар жарияланған. -Одан үнемделген шартты сома 223,6 млн. теңгені құрайды. Олардың ішінде 40 жұмыс конкурсы, 24 қызмет және 45 тауарлар конкурсы бар,-деді баяндамашы.
Ол қазіргі таңда өз алдына дербес бөлім болып шыққан мекемеде маман тапшы екенін, соған қарамастан мемлекеттік қызмет көрсетуге үлгеріп жатқанын жеткізді. Құрылыс саласы бойынша депутаттардың сауалына жауап берген Қ.Ағыраев аудандағы дарынды балаларға арналған лицей ғимаратының құрылысы салынатын жердің жаңа орталық аурухананың маңы болып белгіленгенін хабарлады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандағы сенімгерлік басқаруға берілген коммуналдық мүліктердің жай-күйі туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова хабарлама жасады.
Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелер бюджеттен тікелей қаржыландырылады және оның қаржылық тұрақтылығы бюджет кодексімен кепілдендірілген. Ал квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыру мемлекеттік тапсырыс және ақылы қызмет арқылы жүзеге асады. Олардың қаржылық тұрақтылығы ұйым басшысының қаржыны сапалы жоспарлау мен жұмсауына тікелей байланысты. Биылғы жылдың ІІ тоқсан қорытындысымен ауданның коммуналдық меншігінде 27 ұйым бар, оның ішінде 18-і мемлекеттік, ал 3-еуі коммуналдық мемлекеттік мекеме болса, аудандық «Жылыойсу» КМК, орталық стадион, Құлсарыдағы мәдениет үйі мен ауылдық округтегі мәдени ошақтар квазимемлекеттік сектор субъектісі болып табылады.
-Ауданның коммуналдық меншігіндегі «Жылыойсу» КМК туралы айтсақ, былтырғы жылдың кірісі 437 533,0 мың теңге, ал шығысы 842 903 мың теңге болды, яғни қаржы шаруашылық қызметін шығынмен аяқтады. Оның басты себептері, мүліктердің амортизациялық тозу көрсеткішіне, тарифтерінің төмен болуы, кредиторлық және дебиторлық берешектердің уақытылы жабылмауынан орын алды. Аудан әкімінің қаулысы негізінде жергілікті атқарушы органның резерві есебінен екі мәрте қаражат бөлінді,-деді ол.
Мәдениет мәйегі – мән беретін мәселе
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының негізгі қағидасы - мемлекеттік мүлікті қоғам игілігіне пайдалану болса, осы бағытта ауданның коммуналдық есептегі бос тұрған мүліктерді бәсекелестік ортаға ұсынып, жеке бизнес субъектілеріне пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды бәсекелестік ортаға берудің негізгі жолдары – жалға беру, сенімгерлік басқаруға беру және сату болып табылады. 2024 жылдың ІІ тоқсанында ауданның коммуналдық нысаны бойынша 42,5 ш.м 2 орынжай, 12 арнайы техника жалға беріліп, 14 келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, бір мемлекеттік мекемеден барлығы 7 автокөлік жекешелендіріліп, жергілікті бюджет кірісіне 5 561,1 мың теңге қаражат түсіпті.
-Коммуналдық меншіктегі жалпы құны 2 230 291,5 мың тенгені құрайтын 25 объекті сенімгерлік басқаруға берілді. Оның ішінде 6 жылжымайтын мүлік, 12 автокөлік құралы мен арнайы техникалар, 7 су объектісі бар. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет кірісіне алынған мүліктерге тоқталсам, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 Қаулысымен бекітілген «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың қағидаларымен» аудандық соттың 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысы негізінде және ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушысы К. Мұхитованың мүлiктi тiзiмдеу, қабылдау-беру актісіне сәйкес 2023 жылы түскен 1369 дана алкоголь өнімдері, 112 дана электронды темекі өнімдері, 2024 жылдың ІІ тоқсанындағы 243 дана алкоголь өнімдері ауданның коммуналдық меншігіне табысталды,-деді Ж.Дүсіпова.
Соңынан бөлім басшысы иесіз мүлікті анықтау және меншіктегі мүліктерді құжаттандыру бағытындағы жұмыстар жөнінде анықтама беріп өтті.
Тұрақты комиссия отырысын жүргізіп отырған депутат Нұрсұлтан Қапанов ауылдық округтердегі мәдениет үйлерін жеке кәсіпкерлерге беру туралы ұсынысын алға тартты. Яғни, мәдениет үйінің жұмысын жандандыру үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланса, бюджет шығыны азаятынын айтады. Ол үшін мәдени ошақтың түтінін түзу ұшыратын жандар болса, сенімгерлік басқаруға беру керек деді. Әріптесінің ұсынысын депутат Е.Нұрланов та қолдады. Ол қай-қай мәселенің экономикалық тиімді жағын қарастыруға шақырды. Бұл мәселе бойынша пікірлер екіге бөлінді. Нағыз өнердің, мәдениеттің бастауы саналатын киелі ошақтарға немқұрайлы қарауға болмайтыны, бәзбіреулер сенімгерлікке алып, ертесі күні жаңа ғимараттардың іші «жын ойнаққа» айналып, бүлініп, қараусыз қалып жатса – ол да елдікке жараспайтын іс екенін алға тартты.
Баспанасыз дәрігерлер,
жөнделмеген ескі пәтерлер
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Құлсары қаласының тұрғын үй қорының жай-күйі, тұрғын үй, коммуналдық саласындағы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Жолдыбаев баяндама жасады. Ол бүгінгі таңда бөлімде 119 қызметтік пәтер бар екенін, онда ауданға қызмет бабымен келген мамандар тұрып жатқанын айтты.
-Қызметтік пәтерлердің қазіргі жай-күйін анықтау және жасақталған келісім-шарттағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бөлім мамандарымен бірнеше мәрте тексеру жұмыстары жүргізіліп, акт жасақталып тұрады. Пәтерлердің бүгінгі күйі қанағаттандырарлық. Сонымен қатар, тексеру барысында жөндеу жұмыстарын қажет ететін 13 қызметтік пәтер анықталды. Бөлім мамандарымен оларға ақаулық актісі мен ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін сметалық құжаттама жасалды. Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен 129 971,0 мың теңге қаражат бөлінді,-деді ол.
Ғ.Жолдыбаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып жатыр. Оны ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегіне 2606 мұқтаж азамат тіркелген. Оның ішінде 183 жетім бала, 850 көпбалалы отбасы, 456 мемлекеттік қызметкер, 277 – І , ІІ топ мүгедегі, 187 мүгедек бала асыраушы, 36 зейнеткер, 8 ұрыс қимылдарының ардагері, 558 толық емес отбасы, 14 созылмалы ауруы бар азамат, соғыс ардагеріне теңестірілген бір адам мен апатты тұрғын үйі бар 36 азамат бар.
Депутат С.Мәмбетова дәрігерлердің пәтермен қамтылу мәселесін көтерді. Қазір ауданға өзге облыстардан білікті мамандар көптеп тартылуда. Бірақ тұрақтайтын үйі жоқ. Әсіресе отбасымен көшіп келген дәрігерлер үшін бұл мәселе қиынға соғып тұр.
–«Дәрігерлер жетіспейді, білікті мамандар керек» деп шулаймыз. Ал қазір ауданға басқа қалалардан мықты-мықты деген ақ халатты абзал жандар келіп жатыр. Біз соларды ұстап қалуымыз керек қой. Көпқабатты ықшамаудандағы пәтерлердің күйі анау, ешқандай жағдай жасалмаған, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Және сіздің айтуыңыз бойынша, ол пәтердегі жөндеу жұмыстары жаңа жылға дейін жүргізілетін көрінеді. Ал орталықтағы жаңа пәтерлер мүлдем бос емес. Осыдан кейін біз дәрігерлерді қалай ұстап қаламыз? Ең маңызды нәрсе – халықтың денсаулығы емес пе? Бұл мәселе тез арада шешілуі керек,-деді ашына.
Қаладағы құрылыс қарқыны қалай?
Спорт саласындағы атқарылған жұмыстар туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров әңгімеледі. Оның айтуынша, ауданда жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны 21 мыңнан асқан, яғни, халық санына шаққанда 24,5 пайызға жетіп отыр. Бөлімнің 2023 жылға арналған бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспары бойынша 52 жарыс өткізілді. Оның ішінде 5 облыстық, 47 аудандық жарыс ұйымдастырылған.
-Ауданның құрама командаларының мүшелерін дайындау және олардың облыстық спорт жарыстарына қатысуы үшін жергілікті бюджеттен бөлімге 6187,5 мың теңге бөлінді және толығымен жұмсалды. Соның есебінен облыстық жарыстарға ересек спортшылар да қатысып, аудан қоржыны 70 медальмен толықты. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған, көру мүшесі зақымдалған және есту қабілеті төмен мүмкіндігі шектеулі спортшылар облыстық іс-шараларға қатысып, 24 медаль жеңіп алды. Ал бөлімнің биылғы жылға бекітілген жоспарына сәйкес 58 спорттық шара ұйымдастырылады. Оның ішінде 3 мерекелік, 7 бұқаралық аудандық ашық турнирлер, біріншілік және чемпионаттар бар,-дейді алдағы жоспары туралы. Бөлім басшысы ауданнан шыққан Қазақстан Республикасының чемпиондары мен халықаралық, әлемдік жарыстағы жетістіктер туралы да баяндады. Ә.Науаровты мұқият тыңдаған халық қалаулылары спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын заманауи үлгіге сай дамытуды ұсынды.
Бұдан соң Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов аудандық тұрақты комиссияның 2024 жылғы 11 шілдедегі №7 «2023-2024 жылдары Құлсары қаласы бойынша атқарылған жұмыстары туралы» қаулысының орындалысы туралы хабарлама жасады. Ол қазіргі таңда қала ішінде жүргізіліп жатқан төсемтас төсеу жұмыстарының қазан айында аяқталатынын жеткізді. Оның айтуынша, абаттандыру жұмыстары бойынша бөлінген қаражат түгел игерілген.
Қаладағы 5-учаске, «Жадырасын», «Оңтүстік аэропорт», «Мереке», СМП-615, «Мешіт» ықшамауданы, 7 мен 8-учаске, басқа да жерлерден бой көтерген балалар әмбебап ойын алаңында көлік тұрағы да салынып жатыр. Одан кейін жаттығу және ойнайтын құрал-жабдықтар қойылады. Уақыт алып жатқаны – орнату жұмыстары. Сондай-ақ қаладағы 5 мектептің ауласына осындай спорт кешенін салуды жоспарлап, бір мекемемен келісім-шартқа отырған едік. Бірақ мердігер мекеменің құжатынан жалған мәліметтер табылып, қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр. Сондықтан кешен салу жұмысы тоқтап тұр,-деді қала әкімі.
Ол сонымен қатар, су тасқынынан кейін қайта жаңғырту жұмыстарына «Достық» ықшамауданындағы көпірді қайта орнату жобасы кіргенін, осыған орай жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын хабарлады. Жоба жауапты бөлімге жолданған. Құрылыс жұмыстары қазан айында жүреді деп жоспарланған. Сондай-ақ Қ.Адинов Атырау тасжолынан Құлсарыға кіреберістегі жерге салынатын аллеяның жобасын слайд арқылы көрсетті. Бұл жоспар алдағы жылы жүзеге асатын болады. Сондай-ақ қала ішінен болашақта салынатын саябақ пен аллеялар құрылысына да тоқталды.
Бейберекетсіз аялдамалар, қоқысқа көмілген көшелер...
Депутат Бекет Құлбаев қала ішіндегі сын көтермейтін кейбір мәселелерді өткір көтеріп, бұл орайда дәлелді деректермен сөйлей білді. Күйі кеткен жол белгілерін де слайд арқылы көрсетіп, өз ұсыныс-пікірін алға тартты. Ол тіпті көшедегі бағдаршамға дейін сүмелекке оранып, қаладағы тазалық жұмыстарының бетімен кеткеніне налыды. Автокөлік жүретін жолдардағы шашылып жатқан уақ шебіннің кез-келген уақытта ұшып келіп, жаяу жүргіншінің көзін шығарып кетуі әбден мүмкін екенін ескертті. Осы және басқа салғырттықтың салдары қаланың дамуына кедергі келтіретінін баса айтып, қапаланды. Әріптесінің сөзін қостаған комиссия төрағасы С.Мәмбетова қаланың әр жеріне қойылып жатқан аялдамаларға шүйлікті.
–Аялдамаларды қондыруын қондырдыңдар, енді жұмысты аяғына дейін жеткізу керек қой. Орнатылған әр аялдаманың сапалы болуы, қаланың көркіне көрік қосуы - біз үшін де, тұрғындар үшін де маңызды,-деді ол.
Бұдан соң жауыр болған қоқыс мәселесі көтерілді. Қала әкімі осы уақытқа дейін үйі суға кеткен тұрғындарға барынша көмектесіп, қоқыс қалдықтарын шығарып, төгіп беруге атсалысқанын, ендігі әкімдік тарапынан ондай қолдаудың бола бермейтінін жасырмады.
-Өйткені, біріншіден, қоқыс төгетін полигонда орын жоқ. Екіншіден, техника тарту күші аз. Үкімет тарапынан әр үйге ақша бөлінді ғой. Бұл – тұрғындардың жеке үйлері. Сондықтан ары қарай өздері жұмыстану керек,-деді.
Ал депутат С.Мәмбетова қала әкіміне бұл мәселеде санасып отыруға болмайтынын, алда жаңбыр жауып, жауын-шашын түссе, қоқыс балшыққа айналып, қала әбден былыққа бататынын жеткізді. Онсыз да лас су ішіп отырған халыққа қоқыстың қолқа қаптыратын зиянды иісін жұту обал екенін ашына айтты. Осы уақытқа дейін аудандағы мердігер мекемелер тарапынан болатын көмек, бөлінетін бірнеше техникалар, полигон мәселесін шешу сияқты уәделердің желге ұшқанына қапаланды. Қала әкімі мекемелерге хат жолдап жатқанын, бірақ 1-2 мекемеден басқасы мардымды жауап бермегенін жеткізді.
Қала басшысының жұмысына депутаттар тарапынан бірқатар сын айтылды. Осыған дейін берілген сын-ескертпелердің қорытындысын да сұрады. Мәселен, депутат Е.Асылбеков сайлаушылармен кездесу кезінде көтерілген Құлсары қаласындағы І ықшамаудандағы апаттық үйдің ахуалы жайлы сұраса, С.Мамбетова тас жол құрылысы, төсемтас төсеу, әмбебап ойын алаңын салу, аялдама орнату жұмысының уақытылы әрі сапалы жүргізілуін қадағалау, жобалық-сметалық құжаттардың аяқталуын қамтамасыз етуді, Құлсары қаласын қоқыс қалдықтарынан арылту және су тасқынынан кейінгі бүлінген орынды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Комиссия отырысына шақырылған «Жылыойгаз» бен «Жылыой тазалық» ЖШС басшылары Б.Иманқұлов пен Б.Абдрахмановтар да қала тазалығы мен орталық жылыту қазандығына қатысты сауалдарға жауап берді.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер толықтай талқыланып, тиісті қаулылар қабылданды.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ