Құлсарыда жаңа мешіт ашылып, халық игілігіне берілді. Бір мезетте 400-ге жуық жамағат намаз оқып, құлшылық қыла алатын имандылық үйі халықтың қаржысына салынып, асар әдісімен бой көтерді. Күмбезін күн сүйген Алла үйінің ашылуына облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы мен ауданның бас имамы Думан Балықшиев және найб имамдар, ауданның зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері, ақсақалды аталар мен ақжаулықты аналар және тұрғындар қатысты.
Қаланың сәулетіне сәулет қосқан көрнекті мұнара тәуелсіз елдің ұрпақтарын бауырмашылдық пен кеңпейілділікке бастамақ. Осындай имандылықтың ошағына айналатын еңселі ғимараттың бой көтеруіне егемен елдің азаматтары мен ұрпақтары себепкер. Ендеше Тәуелсіздік мейрамымен тұспа-тұс ашылған мешіт Жылыой халқы үшін тұтастық пен бірліктің, адамгершіліктің себепшісіндей болмақ.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген өңірдің бас имамы Б.Ұласқанұлы жамағатқа деген ақжарма тілегін жеткізді.
- Бүгін Құлсарыда тағы бір мешіт бой көтерді. Мешіт – тек намаз оқитын орын емес, рухани тәрбие мен ынтымақ ошағы. Бұл мешіттің ашылуына атсалысқан жомарт жандардың сауаптары еселене берсін! Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кім Алланың разылығы үшін мешіт салса, Алла оған жәннаттан үй тұрғызады»,-деп сүйінші хабар берген. Бүгінгі игілікті істің берекесі барша жылыойлықтарға дарысын,-деді облыстың бас имамы Б.Ұласқанұлы. Мешіттің ашылуында құрылысқа қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан белсенді азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ салтанатты сәт кезінде еліміздің Бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Райымбек Раметжанұлы қалалық мешіттің имамы болып тағайындалды.
Күре жолдың жиегінде орналасқан заманауи үлгіде салынған мешіт кең намаз залы, ерлер мен әйелдерге арналған бөлек намазхана, дәретхана, имамдар бөлмесі және дәрісханамен толықтай жабдықталған. Жер көлемі – 0,21 гектар. Одан бөлек, мешіт ауласында құрылысы бітпеген тағы бір екі қабатты ғимарат бар. Болашақта оның бірінші қабаты асхана, екінші қабаты медресе болмақ. Сонымен қатар ерлер мен әйелдерге арналған ғұсылхана, шаруашылық бөлмесі және орталық кәріз жүйесіне қосылған 10 кубтық кәріз құдығы бар. Арнайы өртке қарсы дабыл жүйесі мен қауіпсіздік камерасы да жаңа мешітте орнатылған.
Ш.Хамитова



