«АМАНАТ» партиясының Атырау облыстық филиалында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына және мұғалімдерге арналған «Мен айтамын!» атты ауқымды шара ұйымдастырылды. Түрлі тақырыптарды көтерген ашық алаңда қазіргі қоғамның дертіне айналған, көп адамды құрдымға кетірген құмар ойынға да баса назар аударылып, қатысушылар бұл мәселе төңірегінде де өз пікірлерін ортаға салды.
Иә, лудомания – бұл психологиялық тәуелділік. Бұл дерттің бір рет дәмін көргендер үнемі құмар ойынын ойнауға және сол үшін ақшасын жұмсауға бейім тұрады. Кейбіреуі, тіпті, айналадағы ағайын мен адамдардың жүзін көрмей, қоғамнан алыстап жатады. Үнемі жеңіс күттіретін бұл құмар ойын бүгінде қоғамның өзекті мәселесіне айналып, ойыншылардың қаржылық жағдайын құрдымға кетіріп қана қоймай, жеке өміріне немесе отбасылық жағдайына, сондай-ақ жұмысына кері әсер етіп жатады. Тіпті құмар ойынның соңы ұзақ емдеуді қажет ететін материалдық күйреуге әкеп соқтыратын ауыр психологиялық ауруларға да ұласып жатқандығы рас. Бұл жөнінде әңгіме қозғаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің психологі Анар Сағынбаева құмар ойынның құрдымына түскен жанның қандай болатынын қарапайым тілде нақты мысалдармен айтып берді.
Сондай-ақ шараға қатысқан облыстық білім басқармасы жанындағы қосымша білім беру орталығының психологі Шынар Төкенова, ювеналды полиция инспекторы Орынгүл Күшқалиева, полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға өкілі Марьяна Жанғалиева, отбасын қолдау орталығының директоры Шолпан Қоңыровалар лудоманияның кейінгі жылдардағы көрсеткішін сарапқа салып, оның алдын алудың жолдарына нақтырақ тоқталды.
- Лудомания осыдан бірнеше ғасырлар бұрын пайда болды. Бірақ қоғам дерті ретінде кейінгі жылдары ғана танылды. Бұл көбіне психологиялық тұрғыда өз сана-сезімін бағындыра алмай, өз-өзімен күресе алмайтын жандарда көптеп кездеседі. Және отбасында қаржылай қиындықтар туындатып, жедел ақша табуға итермелейді. Сол мақсатта ол бәріне барады. Тіпті ұрлық жасап, адам тонап, ауыр қылмысқа да барудан тайынбайды. Сондықтан осындай жаңа дүниенің жетегінде кететін азаматтар үшін құмар ойын тым қауіпті. Қазіргі қоғам құмар ойынды есірткімен теңестіріп, ал лудомания дертіне шалдыққанды нашақордан кем көрмейді. Демек бұл соңы жақсылыққа апармайтын өзекті мәселе деген сөз. Сол үшін ата-аналарға айтарым, балаларыңыздың қандай нәрсемен шұғылданатынын бақылап, жиі әңгімелесіңіздер. Оларға мейірімдеріңізді төгіп, дос болыңыздар және ұл-қыздарыңыздың уақытын тиімді өткізуіне жұмыстаныңыздар,-деді психолог Анар Сағынбаева.
Құмар ойынның қызығына батып, қалыпты өмір салтына қайта орала алмай жүрген жандарды аталмыш ойын жеңілген сайын өзіне еліттіріп тұратыны рас. Осылайша қайта ұтуға мүмкіндік сыйлап, жеңіс тұғыры алыстан жиі қол бұлғап тұрады. Алайда бір емес, бірнеше рет ақша жұмсаудың арты үлкен қарыздың батпағына батуға, тіпті адам өліміне әкеліп соқтырып жатады. Және бір сәттік қызығушылықтың арты әке-шешеден, жанұядан, бала-шағадан жырақтатып, қоғамнан шеттетеді.
Шараға қатысқан сарапшылардың айтуынша, балалардың құмар ойынға деген тәуелділігі - ата-аналардың да компьютер мен гаджеттерде көп уақыт өткізетіндігінен, балаға назар аудармағанынан және ұзақ уақыт бойы үйде болмағанынан пайда болады екен. Сол үшін бірінші ата-аналар өздерін тәрбиелесе екен дейді. Және балалары үй тапсырмасын орындамай, наразылық танытып, жиі ашуланса - мұның барлығы теріс белгі екендігін де ескертті.
Бүгінгі таңда лудоманияның алдын алу үшін психологтар арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, мектеп қабырғасындағы оқушылар мен университет және колледж студенттерімен жиі басқсоулар өткізіп, олардың құмар ойындарына деген көзқарасын білуге тырысып келеді. Сондай-ақ кейбір психологтар жеке кеңес беру, топтық қолдау бағдарламалары сияқты шаралар өткізіп, жаңашыл әдістерді қолдануда.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ