Қазақстан – жүздеген ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Біздің аудан да көптеген ұлт өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Соның бірі – өзі өзбек болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын «Алтын алқа» иегері Навбахор Сейтімбетова. 1987 жылы туған Навбахор 2005 жылы жолдасы Амангелді Сабуровпен отау құрып, 2006 жылы отағасының ата қонысы - Жылыой жеріне көшіп келген. Бүгінде жеті баланың анасы атанып отырған Навбахор Рустамқызы өзге деп өзектен теппей, өзіндей көрген қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді.
Алғаш үйленген жылдары ата-енесінің ақ батасын алған қазақ шаңырағының келіні 2019 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 3 бөлмелі пәтердің кілтін алған. Бүгінде балаларының алды студент атанса, кенжесі 3-сынып оқушысы. Олар да қоғамдық өмірге белсене араласады. Ермұхан атты баласы бокстан аудан намысын қорғап жүрген былғары қолғап шебері. Ардақты жар, өнегелі келін, аяулы ана атанған Навбахор Сейтімбетова:
- Жылыой халқына, әкімдігіне алғысым шексіз. Жолдасымның ата жұртына келгелі 20 жылға жуық уақыт өтсе де, ешкім мені ренжітіп немесе шеттетіп көрген емес. Құлсарылықтардың барлығы қонақжай, қайда барсам да құшақ жая күлімсіреп қарсы алады. Баршаңызды Алғыс айту мерекесімен, сонымен қатар Рамазан айының кіруімен шын жүректен құттықтаймын,-деп, жылыойлықтарға жалынды сәлемін жеткізді.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ