«Вахтаға бүгін келдім. Себебі компанияда ұлым дүниеге келуіне байланыста ақысы төленетін бес күндік демалыс берді». Бұл Теңізшевройл қызметкері, біздің кезекті кейіпкеріміз Дайшкалиев Бауыржанның танысқан кезде жеткізген қуанышты хабары.
29 жастағы Бауыржанның Теңіз кен орнындағы Кешенді технологиялық желі зауытында қондырғы операторы болып жұмыс істеп жүргеніне бес жылдан асқан. Жас жігіт алдымен мердігер компанияларда еңбек етіп, алдына Теңізшевройл компаниясында жұмысқа тұруды мақсат еткен. Жас жылыойлықтың мақсаты оны алдамады.
- Мен Жылыой ауданына қарасты Ескі Қаратон аулында дүниеге келдім. 2000 жылдары Теңізшевройлдың қолдауымен ауылымыз басқа жерге көшірілді. Яғни бала кезден Теңіз кен орнымен және Теңізшевройл компаниясы туралы көп естідім және осы компанияда жұмыс істеуді мақсат етіп, армандадым. Міне, бүгін көріп тұрғандарыңыздай, арманым адастырмай, еліміздің ең ірі компаниясында еңбек етіп жүрмін.
Бауыржан өзге қызметкерлер сияқты іріктеуден етіп, жұмысқа қабылданған. Жұмысқа орналаспас бұрын, Алматы қаласында білім алып, мердігер компанияларда еңбек етіп, содан кейін ғана ТШО-ға жұмысқа кірген.
- Әрине, оқу бітірген адамға бірден жұмыс табылмайды. Сол себепті өзімді көрсетіп, мердігер компанияларда жұмыс істеп, өзімді шыңдадым. Осының нәтижесінде қазір мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп жүрмін. «Жұмысқа кіру мүмкін емес», «Таныс керек», «Жұмысқа ақшасыз алмайды» деген қаңқу сөздерді естиміз, бірақ бұл сөздер шыңдыққа жанаспайды. ТШО-ға адамды білімі мен біліктілігі ғана алып келеді. Менің өмірім «ТШО-ға дейін» және «ТШО-дан кейін» деп өзгерді. Себебі компанияның әлеуметтік пакетін қолданып, Атырау қаласынан үй алдым. Қазір үш баланың әкесімін, сол себепті әлеуметтік пакет мен үшін өте маңызды, - дейді Бауыржан.
Бауыржан – зауытта маңызды қызмет атқарады. Жұмыс күнін арқаласынан ауысымды қабылдап алудан бастап, басшылықпен жиналыс өткізіп, жұмыс барысын пысықтауға ұласады. Әрі қарай Бауыржан 200-нші қондырғыға барып, оның жағдайын тексереді. Бұл қондырғы мұнайды су мен газдан бөліп, күкірттен тазалауға жауап береді. Сол себепті ол қауіпсіздікке ерекше мән беріп, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды.
- Адам өзін дамытса, мақсатына жете алады. Оның түк қиындығы жоқ. Мен осы сатыда тұрып қалмай, әрі қарай ағылшын тілін одан сайын жетілдіріп, ТШО – ның шетелдегі тәжірибе алмасу бағдарламасы арқылы біліктілігімді шыңдағым келеді. Ол үшін менде барлық мүмкіндік бар деп ойлаймын. АҚШ-қа барып, білімдерін шыңдап келген әріптестерім аз емес, - дейді Бауыржан.
Біз Бауыржанға «Теңіздегі қызметкердің бойынан қандай қасиеттер табылуы керек?» деген сауал қойдық. Ал болашағынан зор үміт күттіретін Бауыржан «Жауапкершілік.Ізденімпаздық. Адалдық» деп жауап берді. Оның сөзінің жаны бар...