Құлсарылық қыздар Атыраудан баспаналы болды

Көктемгі алапат су тасқынынан кейін Құлсары қаласында баспана жайы өзекті мәселенің біріне айналды. Мән-жайды жете түсінген кейбір қоғамдық ұйымдар мен қайырымды азаматтар үйсіз қалған жұртшылыққа қолдан келген көмегін аямады. Жақында құлсарылықтар сондай бір қамқорлықтың жарқын куәсі болды.

Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның ХХХІІІ сессиясында су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық және қайырымдылық көмек көрсетудегі маңызды рөлін атап өткен еді. Сондай-ақ, ұйымның баспанасыз қалған тұрғындарға ерекше көңіл бөлу қажеттігін де тапсырған болатын.

Осыған орай, Ассамблея мүшелері шын мұқтаж жандарға, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына, асыраушысынан айырылған, құқық белгілейтін құжаттарында мәселелер туындаған немесе жеке тұрғын үйі жоқ көпбалалы отбасыларға қайырымдылық қылып, баспана алып беруді әлдеқашан бастап кетті.

Иә, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері мен меценаттары үйсіз қалған отбасыларды баспанамен қамтып, қайырымдылық көмек көрсетіп жатыр. Ассамблея мүшелерінің бұл ізгі ісі сонау Ақмола және Қостанай облыстарынан бастау алып, бұған дейін солтүстік аймақтағы бірнеше отбасы үйлі болды. Енді міне, тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір отандас бауырларымыздың қамқорлығы құлсарылықтарға да келіп жетті.

«Жүректен жүрекке» деп аталатын Ассамблеяның қайырымдылық жобасы аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған апалы-сіңлілі құлсарылық үш қыз Атырау қаласындағы «Нұрсая» ықшамауданынан берілген екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтіне ие болып, зор қуанышқа бөленді.

Сөйтіп Дауылбаевтар отбасы жақында қоныс тойын тойлады. Тілсіз жаудың зардабынан олардың Құлсарыдағы үйлері суға кетті. Отбасындағы ең үлкен қыз Шаттық Дауылбаеваның жасы небәрі – 19-да. Ата-анасынан айырылған үш қыз бұған дейін әжелерінің қамқорлығында болып келіпті. Алайда, денсаулығының нашарлауына байланысты кейуананың қыздарды қарауға шамасы жетпейді. Сондықтан бойжеткен Шаттық ізінен ерген екі сіңлісін қамқорлығына алған.

-Сәуір айындағы су тасқыны кезінде үйіміз суға кетіп, жабырқап қалған едік. Ал бүгін қуаныштан төбеміз көкке екі елі жетпей тұр. Жергілікті әкімдіктен хабарласып, баспаналы болғанымызды естігенде тіпті сенбедік. Қайырымдылық қолын созып, Атыраудың төрінен үй алып беріп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысымызды білдіреміз,-дейді қыздардың бірі Ақтілек Дауылбаева.

Пәтердің іші жиһаздар мен керек-жарақ тұрмыстық бұйымдармен жабдықталған. «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» дегендей, бос пәтер беріп қана қоймай, жаны жомарт, қайырымды жандар үйдің ішін керекті жабдықтармен де толтырып қойыпты. -Қазақстанда өмір сүретін әрбір ұлт пен ұлыстың бір-біріне қайырымдылық жасап, қолдау көрсетуі еліміздегі татулық пен бірліктің тағы бір дәлелі болды деп айта аламын дейді, - Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Мұхтар Күлжан.

Тасқыннан зардап шеккендерге қол ұшын созғандардың бірі – Рафик Якубұлы. Ол «бір тудың астында өмір сүріп жатқасын, ұлтқа бөлінбей «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірліктің үлгісін көрсетуіміз керек» дейді.

-Біздің қайырымдылық әрекетіміз мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бүгін атыраулықтарды қуантсақ, ертең Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір көпбалалы отбасыға баспананың кілтін табыстауға жолға шықпақпыз, - дейді ол.

Құлсарылық қаракөз қыздардың қуанышына ортақтасуға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова да барып, қамкөңіл жандардың мерейін көтеріп, қуанышымен құттықтап қайтты.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT