Құлсарыдан қанат қаққан қарлығаштар

Көлемі жағынан соңғы сексен жылдағы ең ірі табиғи апат болып саналатын көктемгі су тасқыны еліміз үшін күтпеген жағдай болғаны рас. Оның бір ұшы біздің ауданға да тиіп, қаншама жанұя баспанасыз қалды. Алайда ҚР Президентінің берген салмақты уәдесінің арқасында үйлері су астында қалған қала халқы жаңа баспананың кілтін иеленіп жатыр.
-Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі,-деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі игі амалды жылдамдатып, көмекке мұқтаж болған қаншама тұрғынды сабырға шақырған еді. Уәденің аты - уәде. Бүгінде өз мұнарасының көз алдында құлап, су астында қалғанын көрген аудан тұрғындары мемлекет тарапынан берілген қаржылай қолдауға жаңа баспаналы болса, тең жартысы үйінің іргетасын жаңадан құйып, қабырғасын қалап жатыр. Одан бөлек, «Болашақ» ықшам ауданынан да баспаналы болған отбасылар аз емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жүректен жүрекке» деп аталатын қайырымдылық жобасының шешімімен шын мұқтаж жандар, әлеуметтік осал топтар, қамқоршысынан айырылғандар және көпбалалы отбасылар баспананы алғашқылардың бірі болып алуы керек.
Міне, осындай жоба аясында жаңа үйінің табалдырығын қуанышпен аттап, жаңа өзгерістерді жақсылыққа жорыған отбасылардың қатарында апалы-сіңлілі Дауылбаевалар жанұясы да бар. Ата-анасынан айырылған қыздар бұған дейін әжесімен тұрып келген. Су тасқыннан кейін әжесінің денсаулығына байланысты қыздардың үлкені Шаттық артынан ерген қос сіңлісін өз жауапкершілігіне алуды жөн көрген. Тәуекелге бел байлап, өсіп-өніп, қалада тұруды қалаған оларға өздерінің сұрауы бойынша Атыраудың қақ төрінен үй бұйырған болатын

. -Баспанамызды шілде айында алдық. Жаңа үйге кіргенімізге үш айдан асып бара жатыр. Қазір үшеуміз тұрамыз. Құжаттар бойынша аз-мұз қиындықтар туындағаны болмаса, қазіргі үйіміз өзімізге ұнайды. Үй жарық, әдемі, орталықта орналасқан, сіңлімнің мектебі де жақын. Өзім бұрыннан Атырауда оқып жүргендіктен бұл қала бізге жат емес. Бірден үйренісіп кеттік,-деген үйдің үлкен қызы Шаттық Дауылбаева Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Химиялық талдау және сараптама» мамандығы бойынша 3-курста білім алып жатыр. Ал, ортаншы қыз Ақтілек сол университет қабырғасында «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығының 2-курс студенті.

Қыздардың туған жеріне келгенде құшақ жайып қарсы алатын жақындары бар. Дауылбаевалар, негізінен, 5 ағайынды. Үш қыздың алдында әкенің орнына әке болған бір аға, ананың орнына ана болған бір апасы бар. Апалары тұрмыста, ал ағалары үлкен шаңырақта ата-әжесінің қолында тұрып жатыр. Бүгінде бауырлар бір-бірін іздеп, қайда жүрсе де, қандай жетістікке жетсе де жанашырлық танытып, тағдырдың басқа салған қиындығына мойымай үлгілі жанұяның нағыз бет-бейнесі болып жүр.

-Бір тудың астында өмір сүріп жатқасын, ұлтқа бөлінбей, керісінше ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмыла іске кірісіп, халыққа жанашырлық танытсақ, көп қиындық артта қалары сөзсіз. Біз бірліктің үлгісін көрсете білуіміз керек. Шын жақсылық жасаушының көмегі осындайда білінеді деп ойлаймын. Бүгінде біз құлсарылықтарды қуантсақ, ертең басқа отбасыға қуаныш сыйлауға аттанамыз,-дейді тасқыннан зардап шеккендерге қолынан келгенін аямаған Рафик Якубұлы.
Бүгінде көмекке мұқтаж қарияны да, жасты да өз назарына алған мемлекет қаншама жанұяның қуанышына себепші болды. Құлсарылық үш қызды да ұмытпай, қайырымдылық қолын созып, Атыраудан үй алып берген Қазақстан халқы Ассамблеясына апалы-сіңлілер шын жүректен алғыс сезімін білдіреді. Өз туған жерінен қанат қаққан қаракөз қыздардың бұл жаңалығына үнсіз қарап отыра алмаған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова да арнайы барып, қуанышына ортақтасып қайтқан болатын. Иә, әр аудан тұрғынын өз бауырындай көріп, оларға бұйырған жаңа баспананы өзіне бұйырғандай қуану - жанашырлықтың айқын көрінісі.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521