Өткен жылдың аяғында басталған абаттандыру жобасы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құлсары қаласында Құрсай каналының жағалау сызығының екі шақырымын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
⁃ Жағалауға 10 200 шаршы метр тротуар плиталары төселді, құлсарылықтардың демалуына арналған 103 орындық, қоқыс жәшігі және 203 шам бағанасы орнатылды. Жобада ландшафт дизайны қаралған. Бүгінгі таңда жағалау бойында 350 тал көшеті егілді. Абаттандыру жобасы өңірдің ірі жер қойнауын пайдаланушыларының «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құлсары қаласындағы Құрсай каналының жағалауын абаттандыру Атырау облысындағы «Таза Қазақстан» акциясының лайықты жалғасы болды, - деп хабарлайды Жылыой ауданының әкімдігі.
Жылыой ауданында бұған дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Теңіз кен орнында жұмыс істейтін Құлсары тұрғындары осы іс-шараға белсенк қатысып, су тасқынына қарсы күрестен қалған қоқыстарды жинады. Сенбілік қорытындысы бойынша арнайы полигонға 180 тонна қоқыс жиналып, шығарылды.
Айта кету керек, өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүзеге асырылуда. Атырау облысының мәслихаты «Атырау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру ережесін» бекітті. Бұл ережелердің мақсаты - елді мекендердегі аумақтардың кешенді және орнықты дамуына ықпал ететін қауіпсіз, жайлы, ыңғайлы, экологиялық қолайлы және тартымды қала ортасын құру.