«ТШО-да жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын!»

Теңіз кен орнында, соның ішінде «Теңізшевройлда» көптеген жылыойлықтар еңбек етіп жүр. Олардың бірі – 29 жастағы Құлсары қаласының тұрғыны Қайрат Жанаев. Жас маман үш жылдан астам уақыт ДМК қондырғысының операторы болып жұмыс істейді. ТШО-ға қалай жұмысқа тұрғанын, қызметінде немен мақтанатыны туралы Қайраттың өзі айтсын.

- Мен қазір Құлсары қаласында тұрамын, алайда Мұнайлы ауылында дүниеге келдім. 2012 жылы гимназияны «Алтын белгімен» аяқтап, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетіне оқуға түстім. Әрине, «Мұнай-газ ісі» мамандығына оқуға түстім. Себебі мұнайшы болу бала кезден бергі арманым еді. Менің әкем де (Жанаев Ертілеу Байболұлы) мұнайшы болды. Әкем 1982-2012 жылдары «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында бұрғылаушы қызметін атқарған, - дейді Қайрат.

Қайрат «Теңізшевройлға» өз күшімен орналасты. Интернеттен өндіріске бос жұмыс орындары ашылғанын көрген жас жігіт, еш ойланбастан ресми сайтқа түйіндемесін жіберген. Көп күттірмей компанияның «Адам ресурстарын басқару» бөлімінен қоңырау түсіп, сұхбат пен тестілеуден өтіп, жұмысқа шақырту қағазын алды.

- 2020 жылы «Теңізшевройл» компаниясының іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, технологиялық қондырғы операторы қызметіне қабылдандым. Қазіргі таңда ДМК қондырғысында оператор қызметін атқарамын. Мен жұмыс істейтін қондырғы мұнайды сілтінің көмегімен меркаптаннан тазалауға жауап береді. Жұмыс барысында көптеген химиялық қосындылармен жұмыс істейміз. Сол себепті міндетіме аса үлкен жауапкершілікпен қараймын. Негізі Теңізде жұмыс істеген үш жылда мен өзімнің және айналамдағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қамқор болуды үйрендім. Өйткені қауіпсіздікке аса үлкен мән бермей, бір қадам да аттауға болмайды, - дейді Кайрат.

- Адам алдына қойған мақсатына жету үшін аянбай еңбектену керек. Мен де еңбектендім, білімімді шыңдап, көптеген дайындық курстарынан өттім. Өйткені Теңізде еңбек ету – өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Менің мақсатым адастырмай, осы қызметке орналастым және мақтанамын. Теңіз кен орнында еңбек ететін сан мыңдаған адамдардың барлығына талап бір – қауіпсіздік ережелерін бұлтжытпай орындау. Қауіпсіздікті сақтаған адам ғана отбасына аман-есен оралады.

Қайрат демалысын Құлсары қаласында өткізеді. Сол себепті ол «Теңізшевройл» ЖШС «Игілік» әлеуметтік ерікті инфрақұрылымдық бағдарламасының игілігін көріп жүрген жанның бірі деуге негіз бар.

- Қаламыз көркейіп келе жатыр. Өткен жылы ТШО қолдауымен орталық стадион салынды. Одан бөлек аурухана, балабақша пайдалануға берілді. Барлығы халық игілігі үшін ғой, - дейді құлсарылық жігіт.

Қайраттың айтуынша, Теңіздегі барлық жұмысшылар бір үлкен отбасы іспетті. Сондықтан ол әріптестері мен жұмысын жоғары бағалайды.

– Теңізде бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Әріптестеріміздің көңіл-күйі, жұмысының қалай жүріп жатқаны, бірдеңе мазалағаны бізді қызықтырады. Өйткені, әріптесіңмен жақын болу маңызды, – дейді Қайрат.

Жас маман қол жеткізген жетістіктерімен шектеліп қалмай, білімін шыңдап, еліміздің мұнай-газ тарихында өзіндік ізін қалдыруға ұмтылады. Тікелей өндірісте жұмыс істеп, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ұжымын құрметтейтін оның барлық мүмкіндіктері бар, бастысы – соны пайдалана білу.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT