.
«Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, «Құлсары-Мұқыр» тас жолының «жыр» болып келе жатқанына бірнеше ондаған жылдың жүзі болғаны рас. Ақырында, міне, тиісті «тендер» өтіп, мердігер мекеме анықталып, өткен жылдан бастап негізгі жұмыстар қолға алына бастаған еді. Қазіргі таңда жөндеумен «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айналысып жатқаны белгілі болды. Кәсіпорын асфальт төсеуге кірісіп кетті. Бұл жөнінде облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.
Аудан журналистері екі аралықтағы жолдың құрылысын өткен жылдан бері жазып, бақылауда ұстап келеді. Өйткені бұл газет оқырмандарын да толғандырып жүрген проблема. Әсіресе Құлсары мен Доссор аралығындағы тас жолдан күй кеткелі өзекті мәселеге айналды. Оның үстіне, былтырғы көктемгі су тасқынынан кейін Құлсарыдан Ақтөбе қаласына қоныс аударған жерлестеріміздің қатары да көбейді. Демек Құлсары мен Ақтөбе аралығындағы тас жол жылыойлықтар үшін күретамырға айналады деген сөз.
Негізінде, бұл жол құрылысын еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылы қолға ала бастаған еді. Сол кездегі министрдің хабарламасында: «Құлсары-Мұқыр жолдарын салуға техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Наурыз айында сараптама аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Содан кейін жобасы бекітіліп, қаржы тетіктерін қарастырып, жұмысты 2024 жылы бастаймыз деп жоспарлап отырмыз» деген еді. Айтқандай, негізгі жұмыс өткен Ұлу жылы басталып, биылғы көктемде тақтайдай тегіс тас жол төселіп жатыр.
Әрине, ендігі мақсат - аталған атыраулық мекеменің жұмысты сапалы атқарып, талапқа сай уақытында аяқтауын қадағалау. Оны тиісті құзырлы органдар бақылауға алар деген ойдамыз. Өйткені бұл трассаның Атырау аймағы үшін стратегиялық та маңызы зор. Жол тез іске қосылса, онда жүргізушілер Атырау-Ақтөбе республикалық трассасына тіке шығуға мүмкіндік алады. Маңғыстау облысы мен Құлсары қаласынан шыққан автокөліктер Мақат ауданының Доссор кенті арқылы айналып жүрмей, Ақтөбе қаласына үш сағатта жетіп барады. Яғни, 150 шақырым жолды және уақытты да үнемдейді деген сөз. Оның үстіне ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан үлкен өндірісті өңірдегі шаруалардың Қызылқоғадағы ағайынмен қарым-қатынасы да жақсарады.
Бұл мәселені көптен бері көтеріп келе жатқан облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев жақында өзінің фейсбук парақшасында:
«Құлсары - Мұқыр тас жолы туралы. Бұл жолдың күрделі жөндеуден өтуіне және жаңадан салынуына көп еңбек сіңіріп, жүйелі жұмыс жасадым. Ол - даусыз. Бірақ қоғамдық негізде елге жасаған жұмысымды ешкімге бұлдамаймын. Көп адам жұмыстанды, әрине, бірақ Құдайдың қалауымен нәтижеге өзім жеткіздім. Алғашқы жоспар бойынша 2019 жылы тапсырма беріліп, 2024 жылы жолды жөндеу басталу керек еді. Бірақ іске аспай, тек қағаз жүзінде қалып қойды. «Жол бойында елді мекендер жоқ» деп жөнделетін жолдар тізімінен алып тастаған екен. «2025 жылдан кейін қайта қараймыз, әзір жасалмайды» деген жауаптар берді. Бұл шешімге келіспей, депутаттық сауал жолдадым, жиналыстарда өзекті мәселе етіп көтердім. 2024 жылдың мамыр айында Астанаға тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың өтемақысын төлету мәселесімен барғанда, осы жолдың ақшасын бөлуді толық шешіп келдік. Бұл жолдың жөнделуі үшін ең көп еңбек сіңіріп, нақты нәтижеге қол жеткізуге себепші болған облыс әкімі Шапкенов Серік Жамбылұлы екенін анық айта аламын. Сондықтан баяғыда шешіліп тұр еді деген өтіріктер бос сөз. Жала жабу. Ең бастысы тас жол ел игілігіне бұйырсын!»-деді.
Ендеше, Құлсары мен Мұқыр аралығындағы тас жол тезірек қолданысқа беріліп, халық қалаулысы айтқандай, халықтың игілігіне бұйырсын!
Е.ҚОШАҚАНОВ