«ҚҰЛСАРЫ ХАЛҚЫНА МЫҢ АЛҒЫС!»

Ауданда 15-ке жуық өзге ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Басым көпшілігі – орыс, татар, өзбек ұлттарынан. Өткен ғасырдың 60-жылдары мұнайлы өлкеге келіп, тағдырын Жылыой өңірімен тоғыстырған олар жуырда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ауқымды іс-шаралармен атап өтті. Өткен аптаның бейсенбісі, мамырдың алғашқы күні Құлсары қаласының Орталық алаңында өткен «Береке бастауы – бірлік» атты театрландырылған концерттік бағдарлама да – соның айғағы.

1996 жылдан бастап тойланатын Қазақстан халқының бірлігі мерекесі көп ұлтты Қазақстанның татулығы мен ауызбіршілігінің айғағы іспеттес. Сол дәстүрден аудан жұртшылығы да ауытқымай, мамырдың алғашқы күнін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Орталық алаң сахнасындағы шара шымылдығы Жайна Нұрханованың «Мой мир» әнімен ашылды. «Биби» үлгілі би ансамблі мен «Ұшар» би тобының бишілері өзге ұлт өкілдерінің дәстүрлі билерін мың бұралтты. Олардың қатарында орыс, якут, өзбек, монғол халқының ұлттық билері көрерменнің көзайымына айналып, жұртшылық өнерлі жастарға қошемет білдіруден шаршамады. Мерекеге келген көп көрерменнің бірі - Айнагүл Өтешова. Ол қызының алғаш орталық сахнаға шығып өнер көрсетуін күтіп тұр екен:

- Концерт өте жақсы өтуде. Аудан мұндай іс-шараларды жыл сайын өткізеді ғой. Қай концерт болмасын отбасымызбен шығып, тамашалағанды жақсы көреміз. Оның үстіне, бүгін «Би-би» ансамблінің бишісі, қызым да сахнаға бірінші рет шығып жатыр. Жалпы өзге ұлт өкілдерінен татар танысым бар. Қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өңірдің салт-дәстүрі мен тіліне әбден үйренген ғой. Қазақша сайрап тұр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақ тілі жасасын!-дейді.

Бұл күні қазақы өмірге әбден еті үйреніп, келін болып түскеннен қиындықты да, қуанышты да қатар көрген татар қызы Сәлима Самигуллина 79 жасқа толды. Бірлік күнімен тұспа-тұс келген туған күнін жыл сайын құттықтап келетін құрбысымен бірге дастархан басында атап өтіп жатқан апамызға арнайы барып, сұхбат алған едік. Ыссылай бауырсағын пісіріп, алдымыздан күтіп алған ол дастархан басында әңгіме тиегін ағытты.

- Ұмытпаймын, 19 тамыз күні тұрмыс құрдым. Жолдасымның біздің ауылдағы тумалары «татардың қызы» деп Құлсарыға әкеліп, қосты. Күйеуім осы өңірдің татар жігіті еді. Ағайынтумалары осы Құлсарыда да, мен шыққан ауылда да болды. Шыны керек, мен мұнда келген жылдары не орысша түсінбедім, не қазақша білмедім. Ауылда өскен 20 жастағы татарша ғана сөйлейтін қыз едім. Басында біз жер үйде тұрдық. Атаенем болды. Сол шаңырағымызда мал қора болатын. Сонда кіріп талай жыладым. Иә, басында қиыншылықтар көп кездесті. Соған сәйкес қуанышты күндеріміз де көп еді. Бәріне уақыт керек болды. Алғашында аудандық перзентханада 12 жыл «санитарка» болып жұмыс жасадым. Ешкім мені «өзге ұлтсың» деп бөліп-жармады. Әрине, келген жылдары мұндағы салт-дәстүрге үйрену қиын болды. Десек те, жергілікті тұрғындардан тек қолдау көрдім. Қазір, шүкір, ұл-қыздарым бар, немерелерім бар. Жолдасым қайтты,-дейді ол шай үстінде өткенді еске алып.

Мереке күні аудан халқына тыныштық тілеген ол құлсарылықтарға алғысын да аямады. «Мен Құлсары халқына үлкен алғыс білдіремін, мың алғыс оларға, мың алғыс!» деп сұхбат соңында ақ тілегін қайта-қайта жаудырды.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT