Әлеуметтік желідегі трендтерді түгендеп, шоу-бизнестің үздіктері мен мәдениет саласының майталмандарын анықтайтын елімізге танымал бағдарлама «Қызық премия» биыл да әдеттегідей ауқымды деңгейде өтті. Бір қызығы, оған жылыойлық тұрғындар да шақырту алып, әсем қала Алматының төріндегі үздік шоудың қонағы атанды.
Жыл сайын жылдың кіл мықтыларын сарапқа салып, «instagram» мен «tiktok» жұлдыздарының басын қосатын телевизиядағы рейтингі жоғары жоба жуырда ғана Республика сарайында өтіп, оны елімізге танымал тележүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабектер жүргізген болатын. Қызықты кеште Қайрат Нұртастан бастап, барлық қазақстандық өнер жұлдыздары жиналып, Мирас Жүгінісов, Нұрлан Қоянбаев, Фариза Ескермес, Анар Батырхан, Елдос Сметов сынды кино, спорт сахналарының жүйріктері төбе көрсетті. Міне, осындай қызықты бағдарламаға шақырту алған отандастар арасында жерлесіміз Асқар Толыбаев та бар. Ол бұл жаңалыққа таңданысын жасыра алмады.
Осыдан сегіз ай бұрын Құлсары қаласында табиғи апат орын алғаны аян. Тасқынның салдарынан су астында қалған баспанасына аяқтарына АЗК етік киіп, жары Амангүл Ізімқызымен бірге барған Асқар екеуінің қол ұстасып, су кешіп жүрген сәттерін бейнетаспаға түсірген еді. Барлық қазақстандықтар тамашалаған танымал таспада жерлесіміз Асқар Толыбаев:
- Ертеде үйленіп жатқан кезімізде той үстінде жұрт: «Көлде жүзген қос аққудай қатар жүріңдер» деп тілек айтып, үлкендер ақ батасын беріп еді. Сол тілек, міне, 34 жылдан кейін қабыл болып, екеуміз қазір бір-бірімізді жетектеп, қос аққудай жүзіп келе жатырмыз,-деген еді әзіл-шынын араластырып. Қысқа ролик күтпеген жерден әлеуметтік желі арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, бірден танымал болды. Қос қала тұрғынының бұл бейнеролигі тағдырдың маңдайға жазған сынағына мойымайтын, керісінше, позитивті көңіл-күймен қиындықты бірге жеңетін құлсарылықтардың қайсарлығының нағыз үлгісін көрсетті. Автордың айтуынша, олар су астында қалған үйінің жағдайын көзбен көруге барып, бейнетаспаны қиын кезеңнен естелік үшін түсірген.
- «Қызық премияға» қараша айында ұйымдастырушылардан шақырту алдық. Алғашында жоба жетекшілері қызыма хабарласып, бізбен қалай байланыса алатынын сұраған. Біз шақыртуды естіп таң қалдық. Жұмыста едік, «Қалай болар екен?» деп жүргенде қызмет орнымызға хат жіберіп, уақытша босадық. «Бір бейнеттің артының қайыры бар» демекші, қаншама қиын күндерден кейін осындай жақсы жаңалықты естіп, тосыннан сыйлық аламыз деп күтпедік. Бағдарлама жоғары деңгейде өтті. Бізді алыстан шақыртып, елеп-ескерген ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Олардың өтініші бойынша жобада болған сәттерді түсіруге және таратуға болмайтын еді.
Дегенмен, қысқа ғана түсіріп жағдай сұрасқан ініме жіберген бейнебаян әлеуметтік парақшаларға шығып, жария болып кетті. Ал бейнетаспаны танымал болайын деп түсірмедік. Сәуірде өткен тасқын ешкімге де оңай болмады. Мұндай бейнетті ешкімге тілемеймін. Қазіргі таңда шаңырағымызды қайта жөндеуден өткіздік,-дейді қала тұрғыны. Ал ерлі-зайыптылар бағдарлама ұйымдастырушыларының атынан Дубайға жолдама ұтты.
Бүгінде жерлесіміз ұлы мен қызының асқар таудай әкесі. Арсен мен Айқындай немерелері мен Мейірман, Айназым, Сардар, Інжу, Әлинұрдай жиендерінің сүйікті атасы. Олар ата-әжелерінің қазақстандық жұлдыздардың ордасына барып, көгілдір экраннан көрінгеніне қуанышты. Ал ұл-қызы мен аудан тұрғындары Толыбаевтар жанұясының бүкіл қазақстандықтар алдында қаламыздың атын көтермелеп, даңқын асырғанына дән риза.
Д.ДЕРБІС