Құлсары қаласындағы «Атамұра» (8-учаске) ықшам ауданында орналасқан көне баспаналардың мәселесі әлі шешілмей келеді. Салынғанына 80 жылға таяған үйлердің бірі өткен жылы құласа да, үй иесіне жанашырлық танытатын бір жан табылмаған. Ел аузынан түспейтін өзекті тақырыпқа айналған олардың жағдайын өз көзімізбен көріп келген едік.
Расында да, сырт көз алтын көмбенің үстінде отырған мұнайлы өлкеде мұндай баспаналар әлі де бар екен-ау деп таңырқары хақ. Еліміз Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс мерекесін тойлап, майдангерлердің соңғы легі Отанына оралып жатқан 1946 жылы салынған баспаналарға биыл 79 жыл. Саман тастан қаланған осындай ескі үйлердің өңірде 16-сы бар екен. Бүгінде жергілікті әкімдік оның 11-ін ғана апатты деп таныған. Үйі құлап, басыбайлы баспанасынан айырылып, бүгінде жалдамалы пәтерді паналап жүрген Жұмағыз Демесінова өз сөзінде көмек сұраймын деп бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын жеткізді.
- Үйім өткен жылы сәуірдің 27-сі күні таңғы сағат 7-лерде баламыз екеуміз осы бөлмеде жатқанда құлады. Содан кейін бірден әкімшілікке арыз жазып бардық. Олар бізге «биылғы наурызда пәтер береміз» деді. Онымен ешқандай өзгеріс көріп жатқан жоқпыз. Мен «Ең болмаса маған үй жалдап беріңіздерші» деп өтіндім, әкімшілік оған да келіспеді. Қазір үйді өз ақшама жалдап отырмын. Ең болмаса маған үй алуды жеделдетіп берсе деймін. Мен қашанғы осылай «жетім бұрыш» жағалап жүре беремін, маған баспана керек. Табысым болса азғантай, ол кірісім кредитіме, күнделікті тамағыма кетіп отыр. Шынымды айтсам, жалдамалы пәтерге төлесем, тамағыма ақша болмай қалады,-дейді жалғызбасты ана.
Баспаналар бір-біріне жалғасып, екі үйлік қылып салынған. Сондықтан үйі құлаған тұрғынның жарлас көршілері әр таңды қорқынышпен қарсы аламыз дейді. Олар алдағы көктемгі жаңбыр суына алаңдап отыр. Жаңа баспанаға зәру жандар «енді кімнен көмек сұраймыз?» деп қынжылады. Жұмағыз Демесінованың көршісі Нәсіп Сүгірова:
- Жұмағыздың үйі құлады. Анда барды, мында барды. Енді міне, өзінің дәл жарлас көршісі Серікболсынның үйі де құлайын деп тұр. Оның да бармаған жері жоқ. Несін жасырамыз, өзі мүгедек бола тұра үйінің асыраушысы. Бұл мәселені шырылдап айтып жүргеніне қанша уақыт болды? Бұл жерге де қарап кетуге түрлі адамдар келеді, тиісінше бізді де неше түрлі жерге шақырады. «Көмек болып қалар-ау» деген үмітпен асығып барамыз. Алайда осы уақытқа дейін ешқандай қолдау жоқ, өзгеріс жоқ. Білесіз бе, бұл – біздің жанайқайымыз! Біздің көмек сұрайтын адамымыз да қалмады. Иә, «биыл наурыз, сәуірде үй береміз» деп әкім айтты. Біз, әрине, күтіп жүрміз. Бірақ, бұл іс тағы да кейінге шегеріліп қала ма деп қорқамыз,-дейді ашынып.
Осы орайда мәселенің мәнісін білу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен хабарластық. Олардың айтуынша, апатты үйдің тек 7 тұрғыны ғана үйге мұқтаж азаматтар тізіміне тіркелген. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, оларға баспана кезегі келгенде ғана берілмек. Биыл көне үйлердің бастап құлағанына да 1 жыл болып қалды. Мәселе бәз қалпында. Ондағы әрбір үй заман көшінен қалып қойғандай. Тар көше, опырылған төбе, сөгілген қабырға, күнкөрісі төмен отбасылар. Қарап тұрып көңілің құлазиды. Десе де, жаңа жылдан жағымды жаңалық күтеміз. Баспанаға мұқтаж жандардың тілегі орындалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ