Көкірегімен көріп, көңілімен тоқитын жандар

Адамзат баласы ғұмыр кешіп жатқан осынау ғаламшар ғажайып сұлулыққа толы мекен дерсің. Әсем табиғат, көркем жаратылыс, шуақ шашқан алтын күннің нұры мен толассыз жауған жаңбырдың өзі - адамзатқа берілген ең үлкен сый, ең асыл қуат.

Сенім мен үміт жетелеп...

Бірақ, өкінішке қарай, Жаратқанның осындай бізге жасаған ғажайып тартуын өз көзімізбен күнде көріп, сезініп тұрсақ та, кейде өзімізге де, өзгеге де өкпе айтуға дайын тұрамыз. Аз ғана сәтсіздікке ұшырасақ, соған бола көңіліміз құбылып, мінезіміз өзгеріп сала береді. Ал егер бір сәтте осы сұлулықтың бәрінен айырылып, жарық дүние көз алдыңда қара түнекке айналса - сіз не істер едіңіз?

Міне, кейде өзіміз үшін үйреншікті, тіпті қалыпты болып кеткен мүмкіндіктер – кейбір адамдар үшін қол жетпес асқақ арман екенін аңғармай жатамыз. Бүгінде сондай өмірлік қиындықтарға тап болса да, мойымай, алға ұмтылып, жанардағы жарық сәулесі сөнсе де, жүректегі үміт отын өшірмей ғибратты ғұмыр кешіп жүрген жандар арамызда бар. Олар: көру қабілетінен айырылса да, өмір сүруге деген құштарлығын жоғалтпаған тағдыр иелері. Бүгінгі мақалада біз Жаратқанның адамзат баласына сыйлаған жер жаһандағы жарықты көзбен көрмесе де, көкірек көзімен сезініп, жүректегі сенім мен үміттің шырағын сөндірмеген аудандық “Қазақ соқырлар қоғамының» қызметі туралы сөз қозғамақпыз.

Қоғам - өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған көру қабілетінен айырылған жандардың бір-біріне тірек болуы мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйым. Бір сөзбен, мүмкіндігі шектеулі болса да, мақсаты шексіз жандардың ортасы.

Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарады және өз жұмысын табысты жалғастырып келеді. Солардың қатарында аудан орталығы Құлсары қаласында орналасқан «Қазақ соқырлар қоғамының» аудандық филиалы да бар. Бүгінде бұл қоғамның қызметі қалай жалғасуда? Қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Қоғам мүшелеріне қандай қолдау көрсетіледі? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білу мақсатында біз аудандағы «Қазақ соқырлар қоғамы» филиалымен байланысқан едік. Біздің сұрақтарымызға аудандық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мәдениет ісін ұйымдастырушы Жайнаргүл Баймешова жауап берді:

- Жылыой ауданындағы «Қазақ соқырлар қоғамы» 1980 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қоғамның басты мақсаты – көру қабілетінен айырылған жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды қоғамнан шет қалдырмай, өмірге белсенді араластыру. Бұл ұйым жай ғана қоғам емес, ол жүректердегі үміт пен армандардың тоғысқан мекені. Бүгінде аудандағы «Қазақ соқырлар қоғамының» 101 мүшесі бар. Оның ішінде: І топтағы көз мүгедектері 56 адам болса, ІІ топта 26, ал ІІІ топта 19 адам тіркелген. Бүгінде біздің қоғам белсенді түрде қызмет атқарып келеді. Қоғам мүшелері өздерінің икеміне қарай түрлі іспен айналысады. Мәселен, кейбірі шахматпен шұғылданса, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасайды. Қоғам тарапынан қандай да бір мәдени немесе қоғамдық шара өтетін болса, зағип жандар белсенді түрде атсалысады, – дейді ұйымдастырушы.

Сонымен қатар, Жайнаргүл Тұрғанқызы ханым қоғам мүшелерінің жетістігі мен олардың белсенді әрекеттері туралы сипаттап кетті:

- Біздің қоғамда «Әжелер» тобы жұмыс істейді. Олар қазақтың қолөнерін ұлықтап, түрлі бұйымдарды өз қолымен жасап шығады. Әрі қоғам аудандық орталық кітапханасы мен аудандық музейімен тығыз байланыста. Әртүрлі мерекелік шараларды бірлесіп ұйымдастырып келеміз. Жақында Әкелер күніне орай өткен «Әке - ең жақсы адам» атты мерекелік шараға Айнагүл Жикеева, Ысқақ Мансұр, Аянат Ақылбекқызы, Саламат Темірбеков сынды қоғам мүшелері қатысып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай аудандық орталық кітапханада өткен «Ән падишасы – Шәмші аға» атты мерекелік кеште Мансұр Ысқақ пен Күміс Молдабекова өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, 2 шілде күні зағип жандардың арасында өткізілген жүз торлы дойбы және тоғызқұмалақ жарысына, Атырауда ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан облыстық сайысқа қоғам мүшелері белсене қатысып, бақ сынады. Мұнда әрбір жан қолынан келген іспен айналысады. Олар көру мүмкіндігінен айырылса да, қоғамнан шет қалмауға, өз орнын табуға ұмтылып жүр.

Жомарт жандардың жақсылығы

Сондай-ақ, Жайнаргүл Тұрғанқызы ханым әңгіме барысында 2024 жылдың сәуір айында ауданымызда орын алған алапат су тасқыны кезінде Соқырлар қоғамының ғимараты зардап шегіп, ауыр жағдайға тап болғанын еске алды:

- Ғимаратымыз су астында қалған кезде алғаш болып қолұшын созып, кітапханадан уақытша орын ұсынып, қолдау білдірген Балзия Бегланқызы мен ғимаратымызды қайта қалпына келтіруге көмектескен аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуаққызына алғысымыз шексіз»,-деп ерекше ризашылығын білдірді.

Қазіргі таңда Соқырлар қоғамына көрсетіліп жатқан қолдау мен демеу – ерекше атап өтуге тұрарлық. Мәселен, ғимаратты жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Атырау Жарық» мекемесі, жылумен қамтып отырған «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, кәріз жүйесі мен ауыз су мәселесінде қолдау көрсеткен «Жылыой су» кәсіпорнының басшысы Батыр Кейкінов мырза, ал тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығарып, тазалықты қамтамасыз етіп отырған – «Жылыой Тазалық» ЖШС-іне алғыстары шексіз.

Сондай-ақ қоғамның түрлі іс-шараларына демеушілік білдіріп жүрген жомарт жандардың еңбегі де елеулі. Айталық, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, зағип жандардың балалары мен зағип бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Қайнар Қоданов мырзаға да алғыстан басқа айтары жоқ. Ал Құрбан айт мерекесінде қоғамға қамқор қолын созып, дастархан жайып, қуаныш сыйлаған «Үш Қазан», «Аңсар», «Дәмді», «Аруана» мейрамхана басшылары мен жаз мезгілінде маусымдық жеміс-жидектермен қамтамасыз етіп жүрген «Аман-Есен» шаруа қожалығы жетекшісіне риза көңілдерін жеткізді.

Міне, осы тектес қолдау білдіріп жүрген азаматтардың ізгі істері мен материалдық қолдаулары ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Қоғам мүшелері бұл қамқорлықты шын жүректен бағалап, әрбір жанашыр жандарға шексіз алғысын білдіріп келеді.

Алдағы уақытта да «Қазақ соқырлар қоғамының» аудандық филиалы өз қызметін бұрынғыдан да бетер жандандырып, ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында тың серпінмен жұмыс жүргізе бермек. Қазірдің өзінде қоғам мүшелері түрлі мәдени және рухани бағыттағы жобаларды мықтап қолға алды.

Атап айтсақ, «Естіде ескірмеген ескі әндер» ретро фестивалі, «Ауыл кеші көңілді» атты мерекелік іс-шара, сондай-ақ Абайдың 180 жылдығына арналған танымдық кеш сынды маңызды жобалар жоспарға енгізілген. Бұл бастамалар қоғам мүшелерінің жігері мен рухани күшінің, өмірге деген құлшынысының айқын көрінісі. Аталған шараларға демеушілік танытып, қолдау білдіремін деген азаматтар болса, «Қазақ соқырлар қоғамымен» байланысып, өз ниетін жеткізе алады.

Иә, көбіміз «қолда бар алтынның қадірін» кеш түсініп, еріншектік пен енжарлықты сылтау етіп, өмір сыйлаған мүмкіндіктерді бағалай алмай жатамыз. Ал бұл мақалада сөз болған тағдыр иелері өмір жолында кездескен талай ауыртпалыққа мойымай, тағдырдың салған сынағына төтеп берген қайсар жандар. Көздің емес, көкіректегі көңілдің жарығымен өмір сүріп келе жатқан олар - қазіргі қоғамнан өз орнын ойып тұрып таба білген, әртүрлі жобалар мен шараларда белсенділік танытып, қолынан келгенін аянбай атқарып жүрген ерекше тұлғалар. Әрине, олар үшін «мүмкіндігі шектеулі» деген жай атақ қана, шын мәнінде өмірге деген құштарлығында шек жоқ, мүмкіндікті қолдан бермейтін талпынысы зор батыл адамдар.

Сондықтан да тағдыр салған сынақ оларды әлсіз етпеді, қайта жігерін жанып, қайратын қайрап, нағыз мықты адамдардың қатарына қосты. Демек, «Қазақ соқырлар қоғамы» жай ғана үкіметтік емес ұйым емес, ол - үміт пен арманның, сенім мен өмірге деген құштарлықтың мекені. Құдай оларға көзбен көру мүмкіндігін бермесе де, жақсылықты жүрекпен көру қабілетін нәсіп етті. Иә, олар әлемді жанарымен емес, көкірегімен сезінетін, мейірім мен ниеттің нұрына бөленген, қоғамға шырақ жаққан нұрлы жандар. Расында да, дені сау адамзат баласына мынау жарық дүниенің қадірін, жарқын болашақтың қасиетін жете сезіндіріп, ұғындырып тұрғандай!

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT