Көкейде жүрген көп сауал

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов жеке қабылдау өткізді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаған аудан әкімі заң шеңберінде жауап беріп, көкейде жүрген көп сауалдың нүктесін қойды.

Аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы кезекті жеке қабылдауын аудандық балалар кітапханасында өткізді. Қабылдауға алдын ала 20-ға жуық тұрғын тіркелді. Дегенмен, бас-аяғы 5 адам келіп, жеке сауалдарын қойды. Олардың басты мәселелері жер кезегі, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылым жүргізу хақында болды. Аудан әкімі жеке қабылдау жөнінде:

- Қабылдауыма келген тұрғындар тұрғын үй, жұмыспен қамту, абаттандыру мәселесін қозғады. Әрбір азаматтың мәселесін шешуге тырысамыз. Кейбір мәселелер бірден қабылдау кезінде шешімін тапса, енді бірін шешу үшін уақыт қажет етеді. Мұндай жағдайда жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауға алынады,-деді өз сөзінде.

Аудан басшысы жеке қабылдауды жиі-жиі өткізіп тұрады. Кез келген тұрғын өтінім беріп, көкейіндегі мәселесін бетпе-бет көрісе отырып көтеруге кедергі жоқ. «Естуші Үкімет» негізінде жұмыс жасайтын басшылар қай кезеңде де бұқараның мұң-мұқтажын тыңдап, түйткілдің түйінін тарқатуға кіріскен. Қарапайым халықтың мәселесі шешілсе, аудандағы ахуал да реттеліп, болашағы жарқын болары сөзсіз. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстардың да нәтижесін көрсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT