Бүгін Құлсары қаласының орталығы Махамбет даңғылының бойындағы Рәміздер алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Елдік пен егемендіктің символы – рәміздер» атты мерекелік шара өтті. Салтанат еліміздің Тәуелсіздігін, бірлігін ұлықтап, жас ұрпақ бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталды.
Шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, құқық қорғау органдарының,әкімдіктің дербес бөлім басшылары, ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты. Салтанатты жиынның көркін Жылыой халықтық ұлт-аспаптар оркестрі өз өнерімен аша түсті.
Мерекелік шараның басында ауданның бір топ жастары бір-бір көк байрақ туды желбіретіп, Рәміздер алаңына алып келгенде көпшіліктің көкірегін патриоттық сезім кернеді. Осындай сән-салтанатты сәттен кейін Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі басталды. Бұл бақыт аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты С.Асқарұлы мен полиция капитаны Н.Көшербайұлына бұйырды. Олар ел рәмізіне деген асқан құрметтің айғағы ретінде аспан түстес көкбайрағымызды көкке көтеріп, ашық аспан астында желбіретті. Шараға қатысқан көпшілік Мемлекеттік Туға қарап, сап түзегенде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны да орындалды.
Шара барысында сөз алған аудан әкімі Ж.Қаражанов барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің әр қазақстандықтың жүрегінде айрықша орыны бар екенін атап өтті.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бұл салтанатты шара – әсіресе жастардың патриоттық рухын көтеретін, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын игілікті іс-шара ретінде есте қалды.
А.МОЛДАШЕВ