Ата-бабамыздың сан ғасырлық азаттық жолындағы асқақ арманын ақиқатқа айналдырған қасиетті мереке – Тәуелсіздік күні. Міне, осынау мемлекеттік мереке қарсаңында Құлсары қаласының орталық көшелеріндегі LED-экрандарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көрсетіліп, рухымызды асқақтатты. Аудан тұрғындары мен қала қонақтарының еріксіз назарын бұрғызған көк байрағымыз Махамбет даңғылындағы және Сырым Датұлы көшесіндегі, Орталық музейдегі үлкен LED-экрандардан көрініс тауып, алыстан көз тартады.
Иә, ашық аспан түстес көк туымызбен көркемделген қала іші бірлік пен татулықтың символына айналып қана қоймай, жылыойлықтардың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатып, ел болашағына деген сенімді нығайта түскендей.
Ал ауданымыздың әкімдік пен басқа да мемлекеттік қызметкерлері бастаған белсенді жастар мен мәдениет саласының үздіктері орталықтағы үлкен LED-экран жанындағы көк туымыздың астында қала мен аудан халқын еліміздің азаттық алған айтулы күнімен шын жүректен құттықтап, бейнетаспаларын әлеуметтік желілерге жариялап, жерлестеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ендеше, Көк туымыз көгімізде мәңгі желбірей берсін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ