Күй атадан балаға дарып, оны қадірлеп, көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа мирас еткен баға жетпес қымбат қазына. Қаймағы бұзылмаған хас өнер қазақтың қоңыр домбырасының үнімен құлаққа күмбірлеп жеткенде күй құдіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы бір ұлттық өнерге кішкентайынан құмартып, насихатталуына өзіндік үлесін қосып жүрген ел ертеңінің бары қуантады. Бұл ретте домбыра үйірмесінен дәріс алып, қазақтың аспабын жетік меңгеруге құлшыныс танытып жүрген оқушылардың да қатары артуда. Сондай жас өскіннің бірі - қасиетті қара домбыраға қаршадайынан құштар боп, қос ішектің қоңыр үніне елітіп өскен №21 мектептің 5-сынып оқушысы Салауат Абзалұлы мен №6 мектептің 7-сынып шәкірті Ақбаян Байтаңатова.
Олар - Құлсары қаласындағы "Хадия" өнер мектебінің шәкірттері. Қос балғын домбырашыға ұстазы Жұлдызай Ғалымжанқызы дәріс береді. Қос шәкірт домбыра үйірмесіне қатысқан аз уақыттың ішінде өнер жолында біршама белесті бағындырып, түрлі додадан топ жарды. Аудан, облыс, республика көлеміндегі сайыстарда бақ сынап, бірінші орындарды иеленіп келеді. Әсіресе балғын домбырашы Салауат Абзалұлының арманы - асқақ, мақсаты - айқын. Ол өнерге деген құштарлығын былайша жеткізді:
- Күй тыңдасам көңіл-күйім көтеріліп, ерекше әсерге бөленемін. Біресе желдіртіп, біресе желпіндіре соғып, тұла бойымды шымырлатып, алпыс екі тамырды идірген күй құдіретіне тамсанып өстім. Мені де күй әлеміне алып келген осы қос ішектің құдіретті күмбірі,-дейді. Ол жуырда Алматы қаласында өткен "NEW STAR" халықаралық байқауына қатысып, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, жүлделі І орынды жеңіп алды. Осылайша жас күйшінің жүлде қоры тағы бір марапатпен толығып, жаңа жыл жақсы да жағымды жаңалықтармен басталды.
- Әрине, жас домбырашы жайлы құр мадақ айту жараспас. Ол үшін орындауындағы күйлерді тыңдай білу керек. Балғын өнерпаздың шығармашылығы шыңдалып, өресі кеңейіп, талай биік асуларды аларына сенім мол. Қазір бала болса да Салауаттың бойында өнер адамына тән қасиеттер қалыптаса бастады. Қарапайым, әрі биязы мінезді, кішіпейіл күйшінің кемел келешек иесі болары анық,-дейді ұстазы. Біз де жас өскіннің өнер жолындағы қадамына сәттілік қана тіледік!
Е.ҚОШАҚАНОВ