"Күйші болғым келеді"

"Күйші болғым келеді"
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра,

Нағыз қазақ, қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра.

Қарағай қақпақ, қос ішекті домбырамен сыр шерту – атадан балаға мирас болған өнер. Күй - өміршең жанр. Сондықтан да күй бүгінгі композиторлар шығармашылығының төл туындыларынан көрініс беріп тұрады. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, сазгер Тоқсанбай Құлтумиев.

Жас зерттеуші ретінде Тоқсанбай атаның өмірін қағаз бетіне түсірдім. Ғылыми жетекшім №5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Н.Қорғанбаеваның тапсырмасымен күйші туралы тарихи деректермен танысу үшін тарихи-өлкетану мұражайына бардым. Онда арнайы бұрыш жасақталған екен. Керекті деректер таптым.

Тоқсанбай Сүйіндікұлы 1932 жылы 18 қарашада ауданға қарасты бұрынғы Ұялы ауылдық кеңесінде, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ол домбыра тартуды әкесі Сүйіндіктен үйренген екен. Ол туралы атаның қызы Қамқа Тоқсанбайқызы айтқан еді.

Бала Тоқсанбай мектепте оқып жүрген кезден бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысқан. Ол Құлсарыдан аудандық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырады. Өзі осы оркестрдің жетекшісі болып қызмет атқарған. Күйшілік өнер талантты жігітті Алматыдағы жастар фестиваліне жетелеп, одан екінші дәрежелі лауреат атағымен оралады. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Дина Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетті. Сол жылдары музыкалық шығармалар жазған. Солардың бірі - «Анама», «Жазыңменен өмірімді жылытшы», «Өзіңсің ғой өмірімнің бұлбұлы», «Оператор қарындас» әндері мен «Октябрь маршы», «Партия туралы поэма», «Комсомол» атты күйлерін шығарып кеткен екен.

Күйшінің аты жерлестер жадында мәңгілікке қалды. Оған дәлел, аудандағы №1 саз мектебіне Тоқсанбай Құлтумиев есімі берілсе, Құлсары қаласының орталық көшесінің бірі атамыздың атымен аталады. Сондықтан №1 саз мектебіне бардық. Мектептің директоры Гүлбану апаймен әңгімелесіп, жетекшім екеуіміздің дайындаған сауалымызға жауап алдық. Тоқсанбай атаның көзін көрген Амангелді Жылгелдиев ағамен кездестік. Ол кісі дүлдүл домбырашының күй орындаудағы шеберлігінен сыр шертті. Н.Тілендиевтің өзі Тоқсанбай Құлтумиев контрабаспен «Адай» күйін орындағанда, «Төбе шашым тік тұрды» деп баға берген. Оны да Амангелді ағам айтып берді.

Иә, батыстық күйшілік өнердің бастауы болған Күй атасы – Құрманғазы мен Диналардың жалғасы – Тоқсанбай Құлтумиев, Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымовтың ізін жалғастырушы кейінгі ұрпақ осындай алдыңғы толқыннан үлгі-өнеге алып, өнердің өрісін кеңейтеріне көзім жетті.

Сөз соңында айтарым, осы тақырып бойынша «Зерде» ғылыми жобасына қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алдым. Болашақта Тоқсанбай Құлтумиев атам сияқты күйші болғым келеді.

Әлішер Нәдірқожа,

№5 Абай мектебінің оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521