Көктемгі су тасқынынан кейінгі кезең қала тұрғындары үшін ең қиын сәттердің бірі еді. «Бір қиындықтың артынан бір жеңілдік бар» демекші мемлекет берген қаржыға баспанасын қайта тұрғызып алған жерлестеріміз жетерлік. Соның бірі – «Достық» ықшамауданындағы №69 үй тұрғыны Күләш Машенова.
Азан-қазан болған алмағайып уақытта басыбайлы баспанасынан безіп, бас амандығы үшін басқа қалаға бас ауған сәтте Бейнеуде бой тасалаған. Ал, «Достық» ықшамауданындағы ескілеу үй судың екпініне төтеп бере алмай, қабырғасы сөгіліп, тұруға жарамсыз болып қалған. Ол қайта қалпына келтіру жұмыстары бастау алып, үйдің іші судан тазарған уақытта бірден іске кіріскен алғашқы құлсарылықтардың бірі. Үкімет ұсынған ақшаға бірден көндігіп, келісім-шартқа қол қояды. Қиын күндер келмеске кетіп, өмірінің жаңа тарауын бастаған Күләш Аманбайқызы:
-Шыны керек, алғашқы уақытта абдырап, «қайтпек керек» деп тосылып қалғанымыз жасырын емес. Дегенмен, Үкімет үкілеген үмітімізді ақтап, үдеден шығар қаражат ұсынып, келтірілген шығынды толығымен өтеп берді. Мен өзге тұрғындар секілді екінші, үшінші қайтара бағалауды ұсынбай, бірден келісім беріп, үйді бұзу жұмыстарын бастап кеттім. Бүгінгі күні баспанамды толықтай бітіріп, көшіп келдік деп айта аламын. Қол үзіп қалған инфрақұрылым да біртіндеп қалпына келіп жатыр. Тек көңілге кірбің түсіретіні газдың жоқтығы. Қарапайым тамақ пісіру үшін көрші үйдің көмегені мұқтаж болып отырмыз. Жалғыз жүрекжарды тілегіміз - көгілдір отынның қолжетімді болуы. Бір жағынан күздің де бел ортасына жақындап қалдық. Күннің суытуы да қыр астында тұр. Ал, жалпылай алғанда ел басшыларына ешқандай өкпеміз жоқ, ырзамын деп те айта аламын. Тіпті, ескі үйімнің орнына, қазіргі кезде өз қалауымдағыдай жаңа баспанамды салып алдым.
«Қараңғы түннен кейін, шартарапқа сәулесін шашқан күн шығады» деген рас екен. Себебі, басқа түскен сын сағаттар артта қалып, алдыңғы күнімізге үрейден үміт басым,-дейді мемлекетке алғысын жаудыра.
Кей мәліметтерге сүйенсек, қаламызда 3000-ға тарта баспана өр судың астында қалған. Дегенмен, тұрғындардың көп бөлігі мемлекеттен бөлінген қаржыны алып, келтірілген шығынын толық өтеп алды. Қазіргі кезде қаламыздың жаңа тынысы ашылып, құрылыстың қызу жүріп жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұзылған қалаішілік инфрақұрылым да қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Ендігі мақсат: алдағы уақытта адам шошырлық мұндай апаттар азайып, болашағамыз баянды болсын деп тілейміз.
Ерназ Алтайұлы