Қиын бала қайдан шығады?

Өткен аптада аудан бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтың төрағалығымен өткен отырыста екі отбасына қатысты мәселе қаралды.

Алғашында қала тұрғыны М-ның 1989 жылы туған қызы былтырғы жылы қатерлі дерттен қайтыс болады. Қызы дүние салған соң 2018 жылы өмірге келген жиен немересін өзінің қолына алып, тәрбиелеуде. Ал кішкентай қыздың әкесі жоқ. М-ның қайтыс болған қызының 2008 жылы туған үлкен қызы тағы бар. Алайда, қыздардың нағашы әжесі, үлкен жиенін аналарының көзінің тірісінде, ауруы дендеп бара жатқан соң бағып-тәрбиелеуге шамалары келмей, былтырғы жылы Атырау қаласындағы интернаттың біріне тапсырғанын айтады. Оның үстіне, қыз баланың денсаулығында кемшілік бар екен. Қазіргі таңда әкесі де, шешесі де жоқ, екі қызға да заңды өкіл тағайындалмаған. Жалпы, қыздардың нағашы әжесі де, қайтқан аналары да осы ауданның тумасы болып келеді. Бірақ, белгілі бір себептермен Ақтөбе облысына қоныс аударып, 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Құлсарыға қайта көшіп келген. Аудандық білім бөлімі басшысы А.Қақпанбаеваның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қыздардың нағашы әжесі М-ның тұрмыстық жағдайы төмен көрінеді. Өзі жалдамалы пәтерде тұрады. Тұрмысқа шықпаған, Теңіз қалашығында жұмыс істейтін тағы бір қызы бар. Ол жұмыстан демалысқа келген уақытта үйлеріне бөтен адамдар жиі жиналады. Тіпті, көршілерінің шағымданып, айтуы бойынша бөгде адамдар бұрын сотты болған, ішімдікке әуес азаматтар екені анықталған. Осы себепті, полиция қызметкерлері «Көршінің түн тыныштығын бұзғаны үшін» деп заң аясында шара қолданған. Тұрғын М-ның тұрып жатқан үйлерінің де ішінен қолаңсы иіс шығады, санитарлық жағдайы мәз емес дейді куәгерлер. Осыған байланысты олардың отбасылық жағдайын зерделеу үшін акт жасақталған. Одан бөлек, қандайда бір медициналық дәлелді құжаттар болмаса да, көзбен көріп-ақ комиссия мүшелері 2018 жылы дүниеге келген 4 жасар қыз баланың денсаулығында кінәрат бар болуы мүмкін деп топшылап отыр. Осыған орай, комиссия төрағасы тиісті мамандарға тапсырма берді.

Жоғарыда баяндалған жағдай бойынша комиссия мүшелері кәмелеттік жасқа толмаған екі қыз балаға заңды өкіл тағайындауға немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғаны себепті балалар үйіне орналастыру туралы өз ұсыныстарын білдірді. Нақты бір шешімі шыққанша құқық қорғау саласы мамандарының тұрақты бақылауында болып, М-ның әлеуметтік жағдайы мен үй-жайы қадағалауға алынып, мәселе толыққанды зерделенетін болады.
Ал отырыс күн тәртібінде қаралған келесі мәселе жасөспірім Н.Ж-ға қатысты болды.

Ақпан айының 27-жұлдызында қала тұрғыны Б. өзінің кәмелеттік жасқа толмаған ұлы Н-ның үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны жөнінде 102 арнасына қоңырау шалып, хабарлама түсіреді. Жүйелі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған бала аман-есен, еш дене жарақатынсыз табылады. Ол өз түсініктемесінде Құлсарыдағы ықшамаудандар маңайында жүргенін айтқан.
Анықтау барысында арызданушы, баланың анасы Б. өзінің ұлын дүниеге келген сәтінде туған ағасына берген болып шықты. Ағасы 1999 жылы Қарақалпақстан Республикасында үйленіп, некеге тұрады. Алайда, олардың балалары болмайды. Сондықтан, өзінің туған қарындасының баласын заңды түрде асырап алу үшін Қарақалпақстанның Тахиаташ қаласындағы «Қамқорлық және қорғаншылық» бөліміне арызданады. Бұл ойлары іске асып, жиенін қолына алып, баланың шын аты-жөнін өзгертіп, өз тегіне аударып алады. Уақыт өте келе 2010 жылы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Хромтау ауданына көшіп барады. Сол жылдан бастап оқушы Хромтау мектебінде білім алған. 5-сыныптан бастап Ақтау қаласындағы мектептердің бірінде оқыды. Алайда, 2018 жылы жасөсіпірімнің заңды әке-шешесі өзара келісе алмай, баланы биологиялық анасына қайтарады да, бала сол кезден бастап Құлсары қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектептің 6-сыныбына қабылданады. 2018 жылдың 5 желтоқсанында баланың ата-анасы заң жүзінде ажырасып тынады. Ал 2019 жылы жасөспірім Н-ның биологиялық анасы оны Қарақалпақстандағы туған ағасына, яғни баланың заңды әкесіне апарып, сол жақтың мектептебінің біріне орналастырған. Ол жақта баланың тәртібі онша жақсы болмайды. Әкесінің айтқанына бағынбаған соң Құлсарыға кері қайтарып, №5 орта мектепке орналастырады. Дегенмен, Н аталған мектепте де ұзақ оқымайды.

Баяндамашы, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының инспекторы Ж.Жолдасқалиқызының сөзіне сүйенсек, жасөспірімнің теріс қылықтарынан шаршаған оның биологиялық тұрғыдан туған анасы Б. баладан бас тартып отыр. Себебі, ол ұрлықпен айналысады, басқа да құқық бұзушылық әрекеттерге барған, үйінен жиі қашып кетуді әдетке айналдырған. Әзірше, кәмелеттік жасқа толмаған Н. тәртібіне байланысты Атырау қаласындағы «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» орналастырылған. Орталықта бала 3-айға дейін тұра алады. Ал оған дейін ұсыныс білдіруші мамандар биологиялық анасы да, заңды ата-анасы да бас тартып, керек қылмай отырған баланың тағдырын шешуді, комиссия отырысында мәселені жан-жақты талқылап, заңды әке-шешесін ата-аналық құқығынан айыруды да сұрады.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521