Ауданда алғаш рет Ұлттық кітап күні тойланды. Қаладағы «Нұрсая» саябағында басталған іс-шара кешкісін орталық кітапханада жалғасын тапты. Оған өңірдің зейнеткер кітапханашылары, кітап үйінің тұрақты оқырмандары мен жастар қатысты. «Кітап патшалығындағы мереке» деп аталатын ауқымды бағдарлама аясында қызықты ойындар ұйымдастырылып, жиналғандар кітап кейіпкерлерін тауып сайысқа түсті.
Оқу мәдениетін арттыру, оқырманға қолдау көрсету, жастар арасында кітап оқуды жандандыру, қоғам мен кітапхана байланысының жаңа формасын қалыптастыру мақсатында өткен іс-шара шымылдығы Т.Құлтумиев атындағы саз мектебі ұстаздарының орындауындағы «Жылойға сәлем» әнімен ашылды. Бұл уақытта кітапхананың кең дәлізіне жайылған «Дәмді кітаптар» библиофуршетіне сұраққа дұрыс жауап бергендер ғана жақындап, білімі арқасында жүрек жалғап жатты. Содан кейін ғана концерт басталып, жылыойлық өнерпаздар әннен шашу шашты. Алғашқы сөз аудандық кітапхана директоры Сандуғаш Қалиеваға беріліп, ол өңірдегі кітапхана бөлімшелерін марапаттады. Және жиналғандарға тілегін жеткізіп:
- Қазақтың қайталанбас ұлы қаламгері, көрнекті ойшыл Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Бүгінгі таңда осы нақылды ойымыздан бір елі шығармай оқырмандар санын көбейтуге қолымыздан келгенше жұмыс жасап жатырмыз. Қазір өңірде 11 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Олар – балалар кітапханасы, аудандық және ауылдық кітапханалар. Балалар кітап үйіне жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан қазір олар біздің ғимаратқа уақытша орналасты. Ал кітап қорына келсек, бізде 214 500 кітап қорымыз бар. Оларды, әсіресе, зейнеткерлер мен мектеп оқушылары жақсы оқиды. Жастардың да кітапқа деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді,-деді.
Іс-шара әрі қарай «BookDating» атты кітап кейіпкерлерінің дефилесі негізінде ұсынылды. Бұл кезеңде қонаққа келген жергілікті жас ақын, журналистер өздерінің сүйікті кейіпкерлерін жиналған қауымға жасырып, дұрыс тапқан оқырмандарға кітапхана атынан сыйлық табыстады.
Ал жиынның «Кітаптар деликатесы" кезеңінде жаңа әдебиеттерге, кітапханадағы барлық кітап көрмелеріне библиографиялық шолу жүргізілді. Оны кітапсүйерлер бір демде тамашалап, пікір алмасып та үлгерді. Соның бірі - зейнеткер кітапханашы Ғани Ибраева. Өткен дәуірдегі кітапхана жұмысы мен қазіргі руханият ордасының қызметін салыстырған ол өз сөзінде:
- Біздің кезімізде компьютер деген атымен болған жоқ.Теретін дүниені қолмен жазып, арасында хатшылар басып беретін. Біз сондай заманда қызмет атқардық. Мұндай шаралар сол кезде де жақсы өтті. Десек те жаңа заманның кітапханасы мен мұндағы қызмет сапасы әлдеқайда артық. Жапжарық, зәулім ғимарат пен кітапханашылардың бірдей киімінің өзі адамның көзіне қуаныш сыйлайды. Енді, міне, бүгін алғаш рет Ұлттық кітап күні деп барымызша тойлап жатырмыз. Шара өте жақсы өтуде. Бәрін тамаша ұйымдастырған. Өзіміздің шәкірттерімізді көріп бір жасап қалдық десем артық айтқандық емес. Кітап оқу керек. Таң-тамаша әлемнің бәрі соның ішінде,-деді жастарды кітаппен дос болуға шақырып.
Кітапхана төріндегі ауқымды кеш Quiz ойынымен жалғасты. Оған қонақтардан құралған 4 бірдей команда қатысып, интеллектуалдық сайыста аудан тарихына қатысты қызықты сұрақтар қойылды. Жеңімпаздарға кітап үйінің демеушілерінің атынан қаржылай сыйақылар беріліп, іс-шара көрермендері қанжығалары майланып, үйлеріне тарқасты. «Кітапханадағы түн» шарасы осылайша кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, тұрақты оқырмандарға жаңаша бір дем бергендей еді.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ