Жылыой – мұнайымен ғана емес, соңғы жылдары өнерге, ойға, жаңа ізденіске ұмтылған жастарымен де танылып келе жатқан аудан. Сол жастардың ішінде киноиндустрияға шын беріліп, осы бағытта шығармашылық жолын табандылықпен жалғастырып жүрген бір топ жігіт бар. Олар қысқаметражды сериалдар түсіру арқылы камераның көзімен қоғамдағы өзекті мәселелерді жеткізіп, түсірілім құралдарын терең ой көзіне айналдырып келеді. Сол арқылы аудан жастарына сабақ боларлық видео материалдар түсіріп, астарлы әзілмен көптің көңілінен шығып жүр. Бүгінде дарынды жігіттерден құралған топ «Somdau Project» деп аталады.
Аталған жоба 2020 жылдың тамыз айында өз жұмысын бастаған. Оның негізін қалағандар Али-Самед Айтбаев пен Абылайхан Қуаналиевтер. Олардың сөзінше жобаның алғашқы қадамы үлкен студиядан, қомақты қаржыдан немесе дайын алаңнан басталған жоқ. Бастапқыда тек шағын форматтағы қысқа видеолардан, әлеуметтік желілерге арналған әзіл-драмалық және пародиялық бағыттағы контенттен бастау алған. Дегенмен сол қарапайым дүниелердің өзінде көрерменге ой салу, күнделікті өмірде байқала бермейтін сәттерді астарлап жеткізу ниеті анық сезілді. Уақыт өте келе бұл ниет мақсатқа, ал мақсат нақты бағытқа айналды десек артық айтпаған болар едік. Бүгінде талантты құрамның негізгі мақсаты – қазіргі қоғамдағы шынайы оқиғаларды, әлеуметтік мәселелерді, қарапайым адамдардың өмірін көрерменге түсінікті, әсерлі әрі есте қаларлық форматта жеткізу. «Ұсынған контентіміз көрерменді бір сәтке болса да ойландырып, эмоция тудырып, ішкі сұрақтарына жауап іздетуі тиіс» дейді бұл туралы өздері.
Сонымен қатар ұлттық менталитетке жақын, қазақы болмысты жоғалтпайтын, бірақ заманауи формада ұсынылатын креативті әрі сапалы дүние жасау жобаның негізгі ұстанымдарының бірі. Өйткені бүгінгі көрермен тек күлкі немесе жеңіл көрініс емес, мағынасы бар, өмірге жақын дүниені іздейтіні рас. Бұл туралы жоба жетекшісі Али-Самед Айтбаев: - Қазіргі таңда топ құрамында бірнеше шығармашылық жас бар. Креатив жетекші, мотиватор әрі стилист ретінде Айболат Есен жұмыс атқарады. Абылайхан Қуаналиев – автор-сценарист, режиссер әрі актер болса, Жақсылық Ержанов пен Ғазиз Есенгелдиндер актер әрі сценарист ретінде жобаны одан әрі толықтырып жүр. Бұдан бөлек актерлік құрамда Нұрболат Қаражанов, Әділхан Кемелов, Шәкірат Елемес, Әкежан Әбілхайыр, Біржан Табынбаев, Оралхан Қарашаев сынды жігіттер өнер көрсетеді. Ал Нұрлан Нұртаев актерлікпен қатар хэйр стилист қызметін атқарып, жобаның ұйымдастырушылық, үйлестіру жұмыстары Сакен Райхановқа сеніп тапсырылған. Команда мүшелерінің кейбірі бірнеше функцияны қатар алып жүреді, бұл олардың әмбебаптығы мен жобаны шын ниетпен қолдайтындығын көрсетеді,-дейді өз сөзінде.
Бүгінге дейін жоба аясында қысқа метражды әлеуметтік видеолар, инстаграм форматындағы сериалдар, жарнамалық және имидждік роликтер, сондай-ақ, пародия жанрындағы жұмыстар жарық көрді. Олар: «Ностальгия шетел әншілеріне пародия», «Кіріп шығайық» атты кинопародия, сондай-ақ жарнама форматындағы видеолар мен әзіл вайндар.
Бұл дүниелердің кейбірі көрермен тарапынан жақсы пікір алып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Мұны жасалған еңбектің көрермен жүрегіне жеткенінің айқын айғағы деп қабылдасақ болады. Өйткені жоба қазақ тіліндегі заманауи контенттің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Қазіргі таңда команда YouTube арнасына арналған веб-сериал түсіру үстінде. Бұл жобаның сюжеті қоғамдағы өзекті мәселелерге, адам тағдырына, моральдық таңдауларға негізделген. Мұнда кейіпкерлер арқылы көрермен өзін, айналасын, өмірдегі шешімдердің себеп-салдарын көреді. Жоба жетекшісінің сөзінше топ құрамы алдағы уақытта бірнеше бөлімнен тұратын жаңа сериалдар, форматы кеңейтілген әрі кәсіби деңгейдегі контенттер, сондай-ақ, YouTube пен Instagram платформасына бағытталған жаңа жобалар түсіруді жоспарлап отыр.
Иә, биыл жігіттерден құралған түсірілім тобының мақсаты көп. Олар алдымен контент сапасын жаңа деңгейге көтеріп, аудиторияны кеңейтуді, жаңа форматтар мен жанрларды зерттеу арқылы үлкен жобаларға батыл қадам жасауды көздеп отыр. Бұл мақсаттардың барлығы бір күнде орындалмайтыны анық, алайда тұрақты еңбек пен үздіксіз ізденіс арқылы жүзеге асатынына команда анық сенеді. Топта қазіргі таңда актерлік оқу орнын бітірген мамандар әзірге жоқ, алайда барлығы КВН сахнасын көрген жандар. Сол үшін оларды сахна төрінде шыңдалып, көрерменмен тығыз жұмыс жасай алатын, өздерін еркін ұстау арқылы, ерекше образдарды сомдай алатын жігіттер деп ауыз толтырып айта аламыз. Ал болашақта жобаның дамуына байланысты кәсіби актерлерді, сценаристерді және техникалық мамандарды команда қатарына қосу жоспарда бар. Бүгінде командада нақты демеуші жоқ. Десек те әр жобаға байланысты қолдау көрсететін демеушілер ара-тұра кездесіп тұрады. Бұл да жобаның өз күшіне, идеясына және еңбегіне сеніп келе жатқанын көрсетеді.
Әрине ауданымызда бастау алған бұл шығармашылық қозғалыс – аймақтық деңгейдегі қарапайым бастама ғана емес, қазақ кино кеңістігінде өз орнын табуға ұмтылған жас буынның үнi. Қазіргі таңда құрам «Пранк» веб сериалын түсіру үстінде. Бұл мүмкіндіктің тек үлкен қалада емес, ниет пен сенім бар жерде туатынын дәлелдейтін жол. Камера арқылы айтылған әр ой, әр тағдыр – осы жігіттердің қоғамға, көрерменге, болашаққа айтқан сөзі деп қабылдау қажет. Сол сөздің салмағы артқан сайын бұл жобаның да көкжиегі кеңейе беретініне сенеміз!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ




