Лауазымды тұлғалардың қайырымдылықпен айналысуы қашанда халық арасында сүйіспеншілік сезімін туғызады. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов үздік оқушылардың бірі Ақкербез Тайжанға ноутбук сыйға тартты. Бұл сыйлықты Ақкербез қуана қабылдап, әкім ағасына алғысын жаудырды.
Ақкербез №19 мектептің 10-сынып оқушысы. Оқуда озат қарындасымыз білім бәйгесінде де бірнеше жүлде жеңіп алған үлгілі оқушы. Ағасы мен апасынан кейінгі отбасындағы үшінші бала Ақкербез спорттық бәсекелерде де үздік атанып, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсенді араласады.
Әлеуметтік парақшасына пост жариялаған аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы Ақкербезді «қайсар қыз» деп атап, ағалық қамқорлығымен ақжарма тілегін жеткізді. Аудан әкімі үлгілі оқушының үйіне барып, сыйлығын өз қолымен табыстап, Ақкербезге гүл шоқтарын ұсынған болатын.
Мұндай жағдайлар қоғамға да жылылық сыйлап қана қоймай, Ақкербездің де мерейін өсіріп, білім алуға деген мотивациясын одан әрі арттырары сөзсіз. Аудан әкімінен құрмет көрген «қайсар қыз» жылыойлықтарға да алғысын жеткізді.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ