Үкіметтік емес ұйымдар неге белсенділік танытпай отыр?

Осы аптада аудандық балалар кітапханасында «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық Орталығы» қызметкерлері ауданымыздағы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова ашып, оның мақсатымен таныстырып өтті. Осы шараны ауданымызда өткізуге қолдау көрсеткен облыс әкімдігі, облыстық Ішкі саясат басқармасына ризашылығын білдірді.

«Көз жанары» қайырымдылық қоры ашылды

Шара кезінде «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жолдас Гумаров ауданымыздан «Көз жанары» корпоративтік қайырымдылық қорының Құлсары қаласындағы филиалы ашылып отырғаны туралы хабарлады. Бұл бірлестік Атырау қаласында цех ашып, 15 мүгедекті жұмыспен қамтып отырған көрінеді. Сонымен қатар жақында аудио студиясын ашқан. Бірлестіктің жұмысын жандандыруға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сөз соңында зағиптар үшін бір топ электронды кітап жинағын аудандық кітапхана қорына табыс етті. Аталған қоғамдық қордың директоры Бауыржан Жасақбаев аудандағы зағиптардың көптен бері ойында жүрген ұсыныстарының қолдау тауып жатқанын айтып, ризашылығын білдірді.

Ауданда 44 үкіметтік емес ұйым тіркелген «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық Орталығы» кеңес беру бөлімінің басшысы Сара Жұмақұлова үкіметтік емес ұйымдарды ашу және жабу заңдылықтарын түсіндірді. Ауданымызда ұйым ашып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғысы келетін жастар да бар екен. Олар оз ойларын ортаға салып, тиісті кеңестерін алды. Аталған орталықтың мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Мейрамгүл Есниязова мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде құжаттарды дұрыс рәсімдеуді түсіндірді. Оның айтуынша, Жылыой ауданында 44 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның қазіргі кезде 14-і ғана белсенді жұмыс жасап отырған көрінеді. Кездесуге келген үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен өкілдеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 17 бағыт бойынша алуға болатыны түсіндірілді.

Жобаға қаржы тарту көздері

Бұл тақырыпта «Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Күмісқалиев әлеуметтік жобаға қаржы тарту бағытында өз тәжірибесімен бөлісті. Ерлан - ауданымыздың төл тумасы, Сарықамыс ауылында дүниеге келген. «Алтын жүректі адам» ретінде Қазақстанға кеңінен танымал Ерлан бірнеше жылдан бері жүйке жүйесі зақымданған балаларды тегін емдеп келеді.

- Әлеуметтік желіде, яғни фейсбукте парақша ашып, оған атқарылып жатқан жұмыстарымды салып отырдым. Әрине, кез келген жақсы жобаны жүзеге асыру үшін қаржы керек. Менің жағдайымда жобаны жүзеге асыру үшін халық өзінің қол ұшын беріп отыр. Яғни халық қоғам үшін қажетті жобаны өздері қолдап, қолдарынан келгенше қаржыларын ұсынып жатыр. Оның ішінде кәсіпкерлермен қатар қарапайым зейнеткерлер де бар. Мойнымызға үлкен жауапкершілік алғасын оны аяғына дейін жеткізу - біздің міндетіміз,-дейді Ерлан.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521