Қайта оралған ұлттық мереке

25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІ. АРАҒА 10 ЖЫЛ САЛЫП, ҚАЙТА ОРАЛҒАН МЕРЕКЕ БИЫЛ ЕЛІМІЗДЕ ҮШІНШІ ЖЫЛ ТОЙЛАНҒАЛЫ ОТЫР. 2022 ЖЫЛЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ РЕСПУБЛИКА КҮНІН ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ. 

Тәуелсіздік тарихына сәл шегініс жасайтын болсақ, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғары Кеңе- сінің шешімімен «ҚазКСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат еді. Декларация пәрменімен еліміздің іргетасы қаланды, шекара шегенделіп, ішкі-сыртқы саясат бағамдалды. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және жерімізді мекен ететін басқа да этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін қайта түлету, ұлттық болмысты нығайту сияқты мем- лекеттік қағидалар бекітілді. Декларацияның арқасында өз әскерімізді, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына қол жеткіздік.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда тұрақты түрде мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет мемлекеттік мереке болып жарияланды. Халқымыз бұл айтулы мерекені 17 жыл бойы үздіксіз тойлап келген еді. Бірақ соңғы 13 жыл бойы тойланбады.

2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267-ІІ заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Республика күні мәртебесінен айырылды. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан себепсізден себепсіз мүлде алынып тасталды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Енді бұл мейрамды күллі ел болып, жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деді.

Республика күні – еліміз үшін орны ерекше мерекелердің бірі. Осыдан 24 жыл бұрын қабылданған егемендігіміз туралы Декларация Қазақстан Республикасының саяси сахнада жасаған маңызды қадамы болды десек қателеспеспіз. Бұрын біз сыртқы саясатты өзіміз жүргізген жоқпыз, сол себепті Қазақстанды көп елдер біле бермейтін. Себебі, әлемнің саяси картасында алқызыл түске боялған КСРО деген ел болды. Оның құрамында қандай мемлекеттер барын кім білсін?! Одақ құрамындағы республикалардың бірде-бірі дербес ішкі және сыртқы саясат жүргізе алмайтын. Декларация осыны жолға қойды. Территориялық тұтастығымыз қорғалатыны, өзіміздің заңдарымыз қабылданатыны, мемлекеттік бюджетіміз, рәміздеріміз болатыны айтылды. Мұның бәрі – сол кездегі өлшеммен алсақ, бұрын болмаған жетістік. Мысалы, бюджет жағынан да біз Мәскеуге тәуелділікте ұсталдық. Сол себепті, үлкен қалаларымыз болмаса, ауылдық жерлер дамымай жатты. Басқаны былай қойғанда, мұнай өндіріп отырған облыстың бас қаласы – сол кездегі Гурьевтің (қазіргі Атырау) жағдайы жақсы болмады. Бірер көшесінде асфальт, қалғанының бәрі – қара балшық. Тозығы жеткен ескі үйлер, шұңқырға толы көше. Ауылдарда кәдімгі шаңтозаңды қара жол. Өзіміздің мемлекеттік бюджетіміз болса осы мәселелерді шешуге жұмсалатыны анық еді. Ал, егемендік туралы Декларация – тәуелсіз ел атануымыздың бастамасы. Сол себепті оның ортамызға қайта оралып, ұлттық мереке ретінде аталып өтуі маңызды. Бұл – Мемлекет басшысының әріден ойлайтын көрегендігінің, халықтың ой- пікірімен санасатынының көрінісі.

Егемендікті сақтау, қорғау – ел бірлігіне сызат түсірмеу арқылы жүзеге асатынын естен шығармайық. Бұл мереке – Қазақстанды мекендеген ұлттар мен діндер арасындағы өзара бірлік пен ынтымақтастықты бұрынғыдан да нығайта берсін деген тілектеміз. Өйткені, бүгінгі жетістіктеріміз – тәуелсіздіктің жемісі.

Айнагүл КҮНҰЗАҚҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT