ӘКІМ КУБОГЫ ҮШІН САЙЫС

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА АУДАНЫМЫЗДА ТҮРЛІ МӘДЕНИ-КӨПШІЛІК ІС-ШАРАЛАР ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ САЙЫСТАР ӨТКІЗІЛУДЕ. ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГІ ҮШІН КІШІ АЯҚ ДОПТАН ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. №6 ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ СПОРТ АЛАҢЫНДА ӨТКЕН ДҮБІРЛІ ЖАРЫСҚА «ҚҰЛСАРЫ», «ЖАҢА ҚАРАТОН», «САРЫҚАМЫС», «ЕМБІ», «ҚОСШАҒЫЛ», «АҚҚИІЗТОҒАЙ», «МАЙКӨМГЕН» ЖӘНЕ «ШОҚПАРТОҒАЙ» КОМАНДАЛАРЫ ҚАТЫСЫП, БАҚ СЫНАСТЫ.

Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Хәлел Жамалов барлық командаларға сәттілік тілеп, сөз сөйледі:

-Футбол - әлемдегі адамдардың қызығушылығы жағынан нөмірі бірінші спорт. Миллиондаған жанкүйерді өзіне баурап алған аяқдоп ауданымызда кеңінен қанат жайып келеді. Аудан әкімдігі - әрқашан аудан спортының қамқоршысы, қолдаушысы.

Аудан жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, достық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында ұйымдастырылып жатқан жарыста сіздерге сәттілік тілеймін. Әр команда, әр спортшы сауатты ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз атына лайық болады деген ойдамын,- деді аудан әкімі.

Бұдан соң шаршы алаңдағы аяқдоп бәсекесі басталып та кетті.

Бір күн бойы болған ойындар өте қызықты әрі тартысты өтті. Қала, аудан, ауылдық округтерден жиналған, барлығы 8 командада 14 пен 29 жас аралығындағы спортшылар ептілік пен шеберлік үлгісін көрсетті. Аудан әкімі Кубогы мәресіне де келіп жетті. Бәрінен «жүзден жүйрік танылып» оза шапқан «Қосшағыл» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды «Құлсары» командасы жеңіп алды. Ал үшінші орынды «Сарықамыс» командасы еншіледі.

Шаршы алаңда ерекше көзге түскен жеке спортшылар да марапатталды. Турнир қорытындысы бойынша Төре Рахымғалиев («Қосшағыл» командасы) «Үздік ойыншы» деп танылса, Қадірбек Хамитов ("Құлсары" командасы)– «Үздік шабуылшы» және Әли Шыныбаев ("Сарықамыс" командасы) «Үздік қақпашы» атанды.

Тартысты додада жеңіске жеткен командаларға арнайы ақшалай 150 000, 100 000, 80 000 теңге көлеміндегі сый-сыяпаттар табысталып, медальдармен марапатталды.

Азамат МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521