Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегінде «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады» деген еді.
Жуырда Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адиновтің жергілікті тұрғындармен өткізген кездесуі, міне, осы Президенттің Жолдауында айтылған жайттың жарқын көрінісіндей болды. №6 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратының акт залында өткен жиында қала басшысы құлсарылықтар алдында осыған дейін атқарған жұмысы жайлы қысқаша хабарлама жасағаннан кейін жиынға келген жергілікті жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді. Сондай-ақ, күрмеуі қиын, күрделі мәселелер төңірегінде нақты жауабын беріп, оның шешу жолдарын да қарастырды. Тұрғындар әкімді сұрақтың астына алмастан бұрын қала әкімі Қадіржан Адинов оларды 2024-2025 жылдар аралығында Құлсары қаласында жүзеге асқан және әлі де жалғасып жатқан жұмыстармен таныстырып, ЛЭД экран арқылы слайд ұсынды. Және бірден сөзге көшіп:
- Құрметті тұрғындар. Қаламызда көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Мысалы, Құлсары қаласында «Инженерлік инфрақұрылым құрылысы және аулаларды абаттандыру» жобасымен 2023 жылы мемлекеттік сатып алу порталы өтті. Сол арқылы «Өмірзақ» ЖШС-і жеңімпаз болып танылып, құрылыс жұмыстарын осы мекеме жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстың 50%-ға жуығы аяқталып, ықшам аудандарда жарық шамдар мен тас жол төсеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ дәл осы мердігер мекеме 11 дана әмбебап балалар ойын алаңын аяқтауға жақын. Одан бөлек көптің көкейінде жүрген «Мұнайшылар» жастар үйі жөнінде де айта кетейін. Бұл ғимаратқа жасалуға тиісті күрделі жөндеу жұмыстарын «Алтын-Жаңбыр» ЖШС аяқтамай, сотқа талап арыз жолдаған едік. Сот шешімімен арызымыз қанағаттандырылып, келісім шарт бұзылды. Атқарылмай қалған жұмыстарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттама қайта жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы "Тенгиз Транс Казахстан" мердігер мекемесі жеңімпаз атанды. Қазір құрылыс қайта жанданып, жұмыс жүріп жатыр. «Алдағы шілде айында аяқталады» деп жоспарлап отырмыз. Қаламыздағы зираттар, атап айтқанда, Құлсары ата, Күмбез ата, Басшы ата, Мамық ата, Диар ата, 4-ші және 9-учаскедегі зираттарды қоршау жұмыстарын жүргізген «ГрадСтройСервис» ЖШС де өз қызметін уақытылы орындамағаны үшін сот арқылы келісім-шартты бұзып, жұмыстар тоқтатылды. Қазір қайта сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «AMANTA GROUP» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Және келісім шартқа сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізілуде,-деді.
Бұл тұста қала басшысы Ө.Алдахов көшесіне аллея салу үшін жоба жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «ClimaEng» ЖШС-нің жеңімпаз атанып, жұмысты бастап кеткенін де айта кетті. Баяндамаға сүйенсек мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз болып танылған «ОКАСОВ Х.К» мердігер мекемесі қаламыздағы көгалдарға суару жүйесін орнатқан. Ал «Сагди Сервис» мекемесі «Дана Сай» ЖШС-нің демеушілігімен теміржол вокзалы ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Қаладағы автомобиль көпірлеріне қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына тоқталған қала әкімі Қадыржан Адинов:
- Құлсары қаласы Н.Арқабаев көшесіндегі автомобиль көпірін қайта жаңғырту үшін жоба жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «CK-Kazаlem» ЖШС жеңімпаз атанды. Және мекеме құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Одан бөлек Құлсары қаласы Ұ.Абдрахманов және И.Тайманов көшелеріндегі автомобиль көпіріне де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер мекеме анықталды. Жұмыстар маусым айында басталады. Ал, І ықшам ауданындағы және Махамбет даңғылы көшесіндегі автомобиль көпірлеріне күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамаға енгізілді. Сараптама оң қорытындысы шыққан соң мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ І ықшам аудан бойына арбат салу мен Қ.Сыдиықов көшесіне аллея салу және «Бабаларға тағзым» алаңын қайта жаңғырту үшін «Poligram» ЖШС-мен жоба жасақталып, сараптамаға енгізілуде. Оң қорытындысын алған соң, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланған,-деді сөзін жалғастырып.
Жиын барысында тұрғындар көше жарығына қосылатын көшелер тізіміне 278 көше де енгізіліп, нақты жұмыстың 2025-2026 жылдары жүргізілетінін естіп, бір қуанып қалды. Және қаламызға ерекше сән берген көп қабатты үйлеріне қасбетіне салынған суретшілер өнерінің әлі де жалғасатынын естіді. Яғни, бес көп пәтерлі тұрғын үйге күллі қазақ еліне еңбегі сіңген танымал тұлғалардың бейнесі салынатын болады.
Баяндаманың аяқталуын тағатсыздана күткен жергілікті халық әкім сөзінен кейін микрофон алдына кезекке тұрып алды. Олар жеке бас мәселесін ысырып тастап, тұрғындарға ортақ мәселелерді тізіп сала берді. Олар жұмыссыздық, жарық, су, мектеп, балабақша сынды тақырыптар аясында ой өрбітіп, ұсыныстарын да жасырмады. Жасанды жол кедергісі жайын білгісі келген тұрғын Кенжеғали Даутаев:
- Мен 4-учаске тұрғындарының атынан сөйлеп тұрмын. Күні кеше Исатай Тайманов көшесіндегі тас жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, автомобиль жолдарын жаңартып бердіңіздер. Енді сол жерге қашан жасанды жол кедергісі салынады екен? Немерелеріміз үшін, қала берді жолдың арғы бетінен бергі бетіне шығатын балалар үшін алаңдаймыз. Қанша дегенмен орталық көше болған соң көлік шұбырып жатыр. Екінші мәселе, осы учаскеде балалар ойнайтын алаң жоқ. №7 жалпы орта білім беретін мектептің жанында бар. Бірақ оның жағдайы нашар. Өткен жылы осы аумақта суға кеткен үйлер бар. Егер сол пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылатын болса, сол жерлерге әмбебап балалар алаңын салып берсеңіздер жақсы болар еді,-деп сауалын да, ұсынысын да жеткізді. Оған қала әкімі Қадыржан Адинов:
- Иә, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді жасанды жол кедергісі 1-2 ай көлемінде салынады. Қазір мердігер мекеме анықталуда. Ал балалар алаңына келетін болсақ, бірден айтайын, биыл 4 учаскеге салынбайды. Себебі біздің осы 2025 жылғы жоспарымызға еніп тұрған 11 әмбебап алаң бар. Біз бірінші соны аяқтаймыз, содан кейін барып ұсыныстар бойынша жұмыс жасаймыз. Мен мұны 2026 жылдың жоспарына енгізіп қояйын,-деді жауабын беріп.
Кезекте тұрған тұрғындар да қала өміріне қатысты түрлі түйткілді мәселелерді ортаға салып, әкімнің тікелей жауап беруін талап етті. Жарық мәселесімен қатар, көшелердің шұрық-тесік жолдары, қоғамдық көлік қатынасының аздығы, жаяу жүргінші жолақтарының болмауы, интернеттің әлсіздігі сынды өзекті проблемалар көтерілді. Әр тұрғын өзін мазалаған мәселені бүкпесіз жеткізіп, жауапсыз қалмады. Есесіне қала басшысы Қадыржан Адинов те тұрғындармен ашық диалог форматында сөйлесіп, әрбір сұраққа нақты әрі негізді жауап беруге тырысты. Бір мәселелер дереу қолға алынатынын жеткізсе, кейбірі алдағы жылдардың жоспарына енгізілетінін ашық айтты.
Жиын соңынан Құлсары қаласының әкімі тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, әрқайсысының мәселесіне жеке-жеке тоқталды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ