Киік тағдыры талқыға түсіп тұр

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына зиян келтірмей және киік популяциясын сақтай отырып, экономикалық әрі экологиялық тепе-теңдікке қалай қол жеткізуге болады? Жалпы, киік санын реттеу қажет пе? Елордада өткен «Киік популяциясы санын басқару» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында экологтар, сарапшылар, Экология министрлігінің өкілдері осы сауалдарға жауап табуға тырысты. Қазақстандағы киік саны қанша? Елімізде киіктің үш популяциясы мекендейді.

Осы жылдың көктемінде әуеден жүргізілген санақ қорытындысына қарағанда олардың саны бүгінде 1 млн 318 мың басқа жеткен. Оның 801 мыңы - Орал, 489 мыңы - Бетпақдала және 28 мыңы - Үстірт популяциясы. Айта кетерлігі, жер бетіндегі киіктердің 95 пайызы Қазақстанда тіршілік етеді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаевтың айтуынша, киік санының күрт азайып кетуіне байланысты 1999 жылдан бастап оларды аулауға тыйым енгізілген. Бұл тыйым 2023 жылға дейін қолданыста болады. Дегенмен, киікті ғылыми мақсатта ғана аулауға рұқсат. «Қабылданған шаралардың арқасында киік саны жыл сайын орташа есеппен 40 пайызға көбейіп келеді. Мәселен, олардың саны 2017 жылы 152 мың бас болса, биыл 1 млн 300 мыңға жетіп отыр. Дегенмен, киік басының өсіміне осы уақытқа дейін инфекциялық аурулар мен жұт та кері әсерін тигізіп келді. 1980 жылдан бергі киік саны динамикасына сараптама жасасақ, орташа есеппен әрбір 3,5 жыл сайын киіктің қырылып қалғанын байқауға болады. Ол кездері шамамен барлық популяцияның 34 пайызы немесе жалпы санының 18 пайызы қырылып қалған екен», – деді комитет төрағасы. Осы уақытқа дейін киік арасында жұқпалы аурудың таралуына не түрткі болғандығы белгісіз болып тұр. Айталық, 2015 жабайы аңның арасында тараған пастреллез ауруынан 150 мыңнан астам киік қырылып қалды.
Нұрлан Қылышбаевтың айтуынша, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті киік популяциясын басқарудың бірнеше нұсқасын қарастырып отыр. «Мүдделі мемлекеттік органдармен кеңес жүргізіліп, Зоология институты ғылыми мекемесімен ғылыми зерттеуге келісімшарт жасалған. Нақты шешім әзірленгенге дейін «Охотзоопром» РМКК және облыстардың аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының инспекторларына киіктерді егістік алқаптарынан қуу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көмек көрсету туралы тапсырма берілді. Киік басының артуына байланысты олардың теріс әсерін қысқарту мақсатында жабайы аң жаппай жүретін жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға мораторий енгізу, миграция жолдарына мониторингті күшейту, экологиялық қоршау салу мәселесін зерделеу қажет деп санаймыз», - деді ол. Оның атап өтуінше, киіктердің ауыл шаруашылығына тигізер залалын қысқарту үшін биыл Бөкей ордасы резерваты мен Ащыөзек қорығында жалпы аумағы 657 504 гектар болатын арнаулы орын әзірлеу қажет. Дәл осы ерекше қорғалатын табиғи аумақта киіктің орал популяциясының негізгі бөлігін ұстауға болады.


КИІК САНЫН РЕТТЕУ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?
«Зоология институты 2022 жылға арналған киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін ұсынды. Ғылыми қорытындыға сәйкес, киіктің орал популяциясы санының күрт өсуіне байланысты шөп пен су үшін үй жануарларымен бәсекелестіктің артуына, киіктердің ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарына кіруіне орай олардың артық басын реттеу қажеттігі туындап отыр. Мұндай жайттың бетпақдала популяциясында да байқалатындығын атап өткен жөн», - деді Нұрлан Қылышбаев. Комитет төрағасының атап өтуінше, биологиялық негіздемеге сәйкес, ұсынылып отырған биыл реттелуі тиіс киіктің орал популяциясының басы оның жалпы санының 10 пайызына тең. Оның 5 пайызы - аталық киік, 47,5 пайызы - ұрғашы киік және 47,5 пайызы - биылғы төл. «Ал Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағындағы бетпақдала популиясы үшін 2022 жылы есепке алынған санның 2,5 пайызын аулау ұсынылып отыр. Оның 5 пайызы аталық киік, 47,5 пайызын ұрғашы киік және 47,5 пайызын биылғы төлі құрайды. Киік санын биологиялық, сонымен қатар экономикалық тұрғыда реттеутің оңтайлы мерзімі 15 қыркүйектен бастап 30 қараша аралығына дейін», - деді Нұрлан Қылышбаев. Сонымен қатар ол киік санын «Охотзоопром» кәсіпорны арқылы реттеуге болатындығын алға тартады. «Ғылыми қорытындыға сәйкес, киік санын реттеу оның биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өкілетті органның мамандандырылған ұйымының күшімен жүргізілуі тиіс. Киік санын реттеу нәтижесінде алынған, табиғи жолмен өлгендерінен жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген мүйіздерді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына оларды міндетті түрде түгендеу және таңбалай отырып жинауға мүмкіндік беру қажет», - деді ол. Оның атап өтуінше, комитет киік санын реттеуді бастағанға дейін оларды саны реттеуге жататын жабайы аң түрлері тізбесіне қосуды жоспарлап отыр. «Біз киіктердің санын бүгінге дейін аңның осы түрін қорғау қызметін орындап келген өкілетті орган – «Охотзоопром» мамандандырылған ұйымның күшімен реттеуді ұсынамыз. Олар - киік дағысы мен миграция жолын білетін жоғары деңгейдегі мамандар. Сонымен қатар «Охотзоопромның» ғана емес, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциялардың, табиғатты қорғау полициясының да бақылауында болуын ұсынамыз», - деді Нұрлан Қылышбаев. Комитет басшысы киіктерді аулау процесі мен тетіктері әзірленетіндігін де айтады. «Бүгінде Зоология институтының ұсынысын ескере отырып, киік аулау тетіктерін анықтау жөніндегі жұмыс тобы құрылып жатыр. Халықты киік санын реттеуге немесе сіздер айтқандай атуға жіберу көзделіп отырған жоқ. Бұл браконьерліктің, бақылаусыз аңшылықтың артып кету тәуекелін болдырмау үшін жасалады», - деді ол. Осы орайда Зоология институтының зертхана меңгерушісі Алексей Грачев киіктерді аулауға қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Дегенмен, ол биыл сынақ ретінде киік санын реттеуді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына жүктеу қажет екендігін алға тартады.


ФЕРМЕРЛЕР ШАҒЫМЫ
Астанаға өңірлерден ат арытып арнайы жеткен фермелер киіктен көріп отырған шығындарының көп екендігін айтады. Мәселен, Ақмола облысынан келген «АgroMarTrade» серіктестігінің басшысы Магомел Дзейтов өткен жылы 8,2 мың гектар алқабының киік тұяғының астында қалғанын, ал биыл оның көлемі арта түсетіндігін алға тартады. Фермер биыл екі мың гектар алқапқа екен мақсарыны қайтадан себуге мәжбүр болған. Ал батысқазақстандық Бауыржан Сабанов мемлекетке алақан жайып ақша сұрайтындықтарын айта келе тек киік мәселесін шешіп берсе дұрыс болар еді деген ойын жеткізді. Сонымен қатар ол аталған мәселені талқылау барысында егістік алқаптарын қоршауға субсидия беруді ұсынды. «Бүгінде киіктермен бірге тіршілік етіп жатырмын десем артық айтқаным емес. Меніңше, олардың саны екі миллионға жуықтап қалған. Егістік алқабымыз шамамен 500 гектарды құрайды. Ал 300 гектар жерімізде шамамен 15 мың киік жайылып жүр. Киіктің орал популяциясы Батыс Қазақстан облысының алты ауданына тараған. Киіктің бәрін атып көзін құрту керек демейміз. Бірақ, шамадан тыс көп, егістік алқабымызды таптап, еңбегімізге зая қылып жатыр. Үстірт популяциясы аз екен. Тіпті, біздегі киіктерді жүк көліктеріне тиеп, сол жаққа да жеткізе болар еді», - деді Бауыржан Сабанов.

С.БАҚТЫҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521