МЫНАУ КЕҢ БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ ЕРКІН ЕРКЕСІНЕ АЙНАЛҒАН КИІК ЖАРЫҚТЫҚТЫҢ КӨЗ АЛДЫМЫЗДА АЗАЙЫП БАРА ЖАТҚАНДЫҒЫ КІМ-КІМДІ ДЕ АЛАҢДАТАДЫ. БАЛА КЕЗІМІЗДЕ ЖОЛЫМЫЗДЫ КЕС-КЕСТЕП ҮЙІР-ҮЙІРІМЕН ЖОРТЫП ЖҮРЕТІН ТҮЗ ЖАНУАРЫ ҚАЗІР ТАМ-ТҰМДАП ІЛУДЕ БІР РЕТ КӨЗГЕ ІЛІГЕ МЕ, ЖОҚ ПА? БҮГІНДЕ АДАМНАН ҚАТТЫ КӨҢІЛІ ҚАЛҒАНЫ СОНШАЛЫҚ, ОНДА ДА ЕКІ АЯҚТЫ, ЖҰМЫР БАСТЫ ПЕНДЕ БАЛАСЫН КӨРСЕ СОНАДАЙДАН ТҰРА ҚАШАДЫ. ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫНА БІТКЕН БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ ЕРЕКШЕ ЖАРАТЫЛЫСЫ БҮГІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ АЙРЫҚША ҚОРҒАУЫНА АЛЫНҒАН. БІРАҚ СОҒАН ҚАРАМАСТАН, «ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА» ЕНГІЗІЛГЕН КИІК БАЙҒҰСТЫ ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚАМЫ ҮШІН АТЫП АЛУҒА ҚҰШТАР ПЕНДЕЛЕР АЗ КЕЗДЕСПЕЙДІ.
Сондықтан Қазақстан республикасы Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың сәуірінің 9-ы күні арнайы нұсқау берген еді. Соған сәйкес Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығы шықты. Оны орындау мақсатында желтоқсанның 1-інен аудан аумағында кең ауқымды «Киік» акциясы басталған-ды. Өткен жылдың аяғына дейін созылған акция аясында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясымен бірлесіп, жойылып бара жатқан киіктерді атудың жолын кесу, олардан алынатын ет өнімдерін, мүйізін заңсыз дайындап, сатумен айналысатын азаматтарды анықтауға күш салды. Бұл ретте мүдделі органдармен бірлескен түрде мобильдік топтар құрылып, киікті атумен, мүйізін шетелге шығарумен шұғылданып жүрген браконьерлерді бұғаулауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асты. Әрине, құқық қорғау органының қызметкерлері тек жоғарыда айтылған шеңбермен шектеліп қана қоймады. Браконьерлердің заңсыз әрекетіне қатысы бар даладағы қыстақ иелері мен өзге де киік мекендейтін аумақта орналасқан малшылар қосынын да аралап, тексерді. Автотрассаларда, «Шеп» бекетіндегі көлік құралдарын да мұқият қадағалап, азаматтардың аңшылық мылтық, суық қару, оқ-дәрілерді қолдану ережесін сақтауы қатаң бақылауға алды. Осы акция аясында құқық қорғаушылар бұрыннан орын алған экологиялық қылмыстардың, заңсыз аң мен балық аулау сынды құқық бұзушылықтың ашылуына күш салды.
Акция кезінде киік атып жүрген браконьерлер қолға түсе қойған жоқ. Дегенмен, рейдтік шаралар кезінде жеті азамат ұсталды. Олар қолына қару ұстап, аудан аумағында заңсыз аң аулаумен айналысып жүргені белгілі болды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, кез келген түз тағысын нысанаға алып шыққан соң, олардың жолда киік кездесе қалса аяушылық танытпайтыны анық. Сондықтан «Киік» акциясы аясында олардың заңсыз әрекетіне тұсау салынып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» деп аталатын 382-бабы бойынша үстінен әкімшілік іс көтеріліп, тексеру амалдары жүргізілу үстінде.
Нұржан ЖЕТЕНОВ,
аудандық полиция бөлімі
жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторы,
полиция майоры