АСТАНА. KAZINFORM — Хоргос бақылау-өткізу пункті арқылы өтетін трансшекаралық автотуризм Қытай Халық Республикасының Ұлттық мерекесі кезінде барған сайын танымал бола түсуде, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытайдың Ұлттық мерекесі мен дәстүрлі Чжунцю (Күз ортасы немесе Ай мерекесі) мерекесіне арналған 1–8 қазан аралығындағы демалыс күндері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы (СУАА, Қытайдың солтүстік-батысы) Хоргос БӨП арқылы көптеген қытайлық турист өз автокөліктерімен шетелге Орталық Азия мен Еуропа елдеріне саяхатқашығып жатыр.
— Ұлттық мереке кезінде досыммен бірге Алматы мен Шарын шатқалына баруды жоспарлап отырмыз. Одан кейін Астанаға барып, серуендеп, жергілікті тағамдардан дәм татып, табиғатты тамашалағымыз келеді, — деді Цзянсу провинциясынан келген турист Ван Минчжэнь (Қытайдың шығысы).
Ал Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласынан келген Цзян Вэй үшін Хоргос — Ұлы Жібек жолының бойымен өтетін, 20-дан астам елді қамтитын автосаяхатының бастау нүктесі.
— Біз Шаньдун, Шэньси және Хэбэй провинцияларынан келген автокөлік әуесқойларымен бірге осы жерден Орталық Азия мен Еуропаға сапар шегеміз. 70 күннен кейін, желтоқсанда Хоргосқа қайта ораламыз, — деді ол.
Хоргос БӨП шекара қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында автокөлік өткелі арқылы 1,1 миллионнан астам турист өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға жоғары. Трансшекаралық турлар мен жеке автосаяхаттарға деген сұраныс қарқынды өсіп келеді.
— Өз көлігімен сапар шегетін туристерге кедендік рәсімдерді тиімді жүргізу үшін арнайы дәліздер ашылды. Бұл көліктердің тексеру аймақтарына реттелген түрде кіруіне мүмкіндік береді және көлік тексеру уақытының қысқаруына бағытталған шаралар атқарылып жатыр, — деді Хоргос бақылау-өткізу пункті шекара қызметінің өкілі Чжу Чуньжу.
Сонымен қатар, Хоргос халықаралық автовокзалында Қазақстанның негізгі қалаларымен байланыстыратын бірқатар халықаралық жолаушылар бағыттары ашылды. Бұл туристерге саяхаттау нұсқаларын кеңейтті.
Айта кетсек, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 12 қыркүйекте Алматы — Көкпек — Көктал — Хоргос республикалық маңызы бар автожолының 291–306 шақырым аралығындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарын аяқтап, пайдалануға бергенін хабарлаған болатын.