Халықтық штаб құрылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауын аудан халқының арасында насихаттау, онда көтерілген мәселелер мен жүктелген міндеттемелерді тұрғындарға түсіндіру мақсатында Жылыой ауданында Халықтық штаб құрылды. Оның құрамында аудандық мәслихат депутаттары, «AMANAT», «Ауыл», «Байтақ» партиясының және Үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері бар.
6 қыркүйектен бастап өз жұмысын бастап кеткен штаб мүшелері аудандағы алғашқы кездесуін өңірдегі іргелі отандық компания - «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан бастады. Басқарманың бас кеңсесінде мұнайшылармен жүздескен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, партия мүшелері Сайлаубай Кенжеғалиев, Аманкелді Сатыбалдиевтер Президент Жолдауында көтерілген игі бастамалар мен нақты тапсырмалар туралы түсінік берді.

Спикелер, әсіресе алдағы 6 қазанда өтетін референдумның маңыздылығына кеңірек тоқталды. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, әлем елдерінде энергия тапшылығы жылдан жылға күшейіп бара жатқандығын, сол себепті еліміз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруі керектігін жеткізді.

«Бұл ретте АЭС құрылысын қолға алуы - Қазақстанның болашаққа жасаған батыл қадамы» деді спикерлер.

Айтылған мәселе хақында өз ой-пікірлерін ортаға салған мұнайшылар де аз болмады. Дәл осындай кездесу аудандық орталық ауруханадағы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен өтіп, «ҚазТрансОйл» Ұлттық компаниясының Құлсары мұнай құбырлары басқармасында жалғасын тапты.

Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында штаб мүшелері, сонымен қатар, саяси кеңес құрамы арасында түсінік жұмысын жүргізіп, «Құлсары аумақтық» мүшелерімен, «Жылыойсу» ұжымымен, Қосшағыл, Қара Арна ауылдық округінің тұрғындарымен, мүмкіндігі шектеулі жандармен де кездесіп, Президенттің тоғыз бастамасы мен жүз тапсырмасының орындалу жайын талқылады. Онда штаб мүшелері, спикерлер Сайлаубай Таласов, Әли Сәменов, Қанат Мыңбаев, Айкен Аманшина, Бекет Құлбаев, Сымбат Қабдырахманова, Альбина Исабай және басқалар референдумда дауысқа салынатын Атом электр станциясының құрылысы хақында қарапайым халықтың ой-пікірін тыңдап, көзқарасын білді. Халықтық штаб өз жұмысын алға қарай да жандандыра түспек ниетте.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521