ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы Мансап орталығына 7766 жылыойлық жұмыссыз ретінде тіркеліп, 2708-і жұмыспен қамтылды. Оның 1403-і – тұрақты, 1305 уақытша жұмыспен қамтылды. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева аудан әкімдігінде өткен брифингте мәлім етті.

Бөлім басшысы әлеуметтік саладағы өткен жылдың 12 ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.

-Аудан бойынша мүгедектігі бар жандар саны - 2715. I тобы -172, II тобы – 882, III тобы –1116, бала саны- 545. 2023 жылы бөлімге мүгедектігі бар жандардан оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде Халыққа қызмет көрсету орталығының электронды үкімет egov. kz және проактив арқылы 1860 өтініш түсті. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватакси және әлеуметтік такси қызметін көрсету мақсатында 2023 жылдың 7 наурызынан бастап «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Мақат аудандық филиалы инватакси және әлеуметтік такси қызметтерін көрсетті. Аудандық бюджеттен оған 4 млн 647 мың теңге, әлеуметтік такси қызметі бойынша 9 млн 900 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, толық игерілді. Ауданда 2 әлеуметтік такси 42 адамға 701 тасы- мал және арнайы жабдықталған 1 инва такси көлігі 30 адамға 484 тасымал қызметін көрсетті,-дейді.

Ж.Орынбасарқызы бөлімге қарасты Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының үш бөлімшесі жұмыс жасап жатқанын хабарлады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде 50 бала болса, 6 әлеуметтік қызметкердің әрқайсысына 8-9 баладан бекітіліп беріліп, 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіліп жатқанын баяндады. Ал жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету бөлімшесінде 59 қария есепте тұр. Оның 2 -еуі мүмкіндігі шектеулі жан, олар үшін тағайындалған 6 әлеуметтік қызметкердің әрқайсысына 9-10 қариядан бекітілген. Сонымен қатар, күндізгі бөлу бөлімшесінде 17 мүмкіндігі шектеулі балаларға 3 тәрбиеші, 2 дефектолог маман, 1 психолог консультативтік-диагностикалық, психотерапиялық жеке коррекциялық жұмыстар жүргізіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етіп жатса, әр тәрбиеші 5-6 балаға қызмет көрсетеді екен.

- Кесте бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар аптасына 2-3 рет орталыққа келіп тұрады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсарту және көңіл күйін көтеру мақсатында әр түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Соның ішінде жапсыру, мүсіндеу, сурет салу, ұсақ моторикасын дамыту мақсатында әр түрлі саусақ-ойындар, мозайка, пазлы құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ойын бөлмесінде де көптеген жұмыстар жүргізіледі. Әртүрлі дидактикалық, қимылды ойындар, үстелдік театр көрсетіледі. Бір айда екі рет әлеуметтік қызметкерлер қуыршақ қойылымдарын қояды. Жалпы бөлім арқылы 15 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі,-деді Ж.Орынбасарқызы нақтылап.

2024 жылы мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін әлеуметтік такси қызметі туралы айтқан Ж.Қазиева осы мақсатта өткен жылдың 21 желтоқсанында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөнінде конкурс жарияланғанын атап өтті. Инватакси қызметі бойынша 4 млн 647 мың теңге, әлеуметтік такси қызметі бойынша 9 млн 900 мың теңге, барлығы 14 млн 547 мың теңге қаражат бөлінген. Бірақ биылғы 18 қаңтарда портал ашылып, жеңімпаз анықталмады. Сондықтан ақпан айында қайта конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, ауданымызда ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Қазіргі уақытта орталыққа ғимарат бөлініп, ішіне қажетті жабдықтармен қамту мақсатында қаражат бөлу көзделген.

-2021-2025 жылдарға арналған Аумақты дамыту бағдарламаларының жаңа форматына арналған индикатор бойынша 2024 жылы құрылатын жұмыс орнының саны – 3630, оның ішінде тұрақты – 2980, уақытша 650 жұмыс орны бар. Мемлекеттік қолдау шарасын көрсету үшін Мансап орталығына тіркелген 2800 жұмыссыздың қос қолына бір кәсіп көзін тауып беру жоспарланып отыр,-деді қорытынды сөзінде бөлім басшысы.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521