Биылғы жылдың соңына таядық. Демек аудан әкімінің аудан тіршілігін бақылап, атқарылған жұмыстардың қорытындысын саралайтын, тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, ашық сөйлесетін кезең де қатар келді. Осы мақсатта аудан басшысы Жұмабек Қаражанов жыл соңындағы дәстүрлі кездесулерін бастап, ауданның әр аумағын аралап, кент пен ауылдық округтердегі халықпен еркін форматта пікір алмасуды жалғастырды. Сол жүздесу жуырда Құлсары қаласында жалғасын тапты. Ауқымды жиынға жергілікті тұрғындардан бөлек, бөлім басшылары, кәсіпкерлер, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Кездесу басталысымен-ақ тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын ашық қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әкім залдағы тұрғындармен ғана емес, тікелей эфирге қосылған тұрғындардың да сұрақтарына жауап беріп, ашық диалог орнатты.
Келелі кездесу басында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы биылғы жасалған жұмыстарға тоқталып, жиналған жұртшылыққа баяндамасын ұсынды. Ол өз сөзінде аудан бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылғы жобаларға тоқталып:

- Өздеріңіз білесіздер, 2022-2025 жылдар аралығында ауыл тұрғындарымен 9 кездесу өтті. Бұл ретте 325 мәселе көтеріліп, 149 тапсырма орындалғанын айта кетейін. 113 мәселеге объективті түрде жауап берілсе, 38 мәселе орындалу үстінде. Ал 25 мәселе орындалған жоқ. Жол құрылысына тоқталатын болсам, биыл ауданымызда ұзындығы 625,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын реконструкциялау жобасының 4-ші кезеңі басталды. Одан бөлек жалпы ұзындығы 64,4 шақырым болатын тас жол салынуда. Туған жерімізге туристердің келуі жиіледі. Соған байланысты «Ақмешіт» тарихи нысаны бойынша жергілікті бюджеттен ұзындығы 34 шақырымды құрайтын жолды қайта жаңартуға қаражат бөлінді. Сол сияқты «Иманқара» үңгірі мен «Ақкегершін» табиғи нысандарында 134 шақырымды құрайтын тас жолды қайта жаңғырту басталды. Қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша №2, №5 және ГКНС кәріз айдау станциялары арасындағы магистральды кәріз желісінің құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталып отырғанын айтқым келеді. Бұл тұста қаламыздағы «Атырау» ықшам ауданындағы магистральды ауыз су желісін қайта жаңғырту жобасы аясында құрылыс жұмыстарының жалғасып жатқаны да рас. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек Құлсары қаласында қуаттылығы тәулігіне 18 000 болатын ауыз су, тазалау станциясы және 4 ықшам ауданға көтергіш сорғы станциясын сатып алу және оларды орнату жұмыстары бастау алды. Қазіргі таңда жұмыстар 70%-ға аяқталып отыр,-деді өз сөзінде.
Жылыой жеріндегі оң өзгерістерді бір шолып өткен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өз баяндамасын одан әрі жалғап, өз сөзінде «Болашақ» ықшам ауданына дейінгі жалпы ұзындығы 4,3 шақырым болатын көше жарығы құрылысының толық аяқталып, іске қосылғанын, Құлсары қаласы аумағындағы мұнай қалдықтарынан ластанған 2,1 га жер учаскесін рекультвациялау жұмыстарын «Sigma Строй Проект» ЖШС іске асырғанын айтты. Мұнда жер қыртысы қалпына келтіріліп, жер учаскесіне 1600 дана тал егу жұмыстарының жүргізілгенін айта кетті. Аудан орталығын жылумен қамту ісі бойынша Құлсары қаласының ұзындығы 17 шақырым жылу жүйесімен қамтамасыз етілгенін, сондай-ақ бүгінде қаламыздағы орталық жылу қазандығының толық жұмыс жасап тұрғанын жеткізді. Еске салайық, 2025 жылы аймақта 7 шақырым жылу желісі жөнделіп, 7000 метр құбыр демонтаждалды. Бұдан бөлек 4870 шақырым жаңа құбыр ауыстырылды. Ал тұрғын үй саласы бойынша алдағы жоспарларға тоқталған аудан басшысы:
-2025-2029 жылдар аралығында 89 апатты тұрғын үй, нақтыласақ 1206 пәтерді бұзу жоспарымызда бар. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы 2 апатты тұрғын үйге, яғни, 76 пәтерге көшіру жұмыстары жүргізілсе, 2022 жылы 1 апатты тұрғын үйге, оның ішінде 8 пәтерге, 2023 жылы 8 апатты тұрғын үй, нақтыласақ, 60 пәтерге, сол сияқты 2024 жылы 9 апатты тұрғын үйге, яғни, 92 пәтерге көшіру жұмыстары жүргізілген еді. Бұл жұмыстар негізінде Ұ.Абдрахманов көшесінде орналасқан аудандық білім бөлімі, Д.Әжіғалиев көшесінде орналасқан №5 орта мектеп және Махамбет даңғылы бойында орналасқан «Бөбек» бастауыш мектеп ғимараттары бұзылды. Ал қаланың кескін-келбетін жақсарту мақсатында Құлсары қаласында орналасқан 18 көп қабатты тұрғын үйлерге заманауи архитектуралық біртұтас келбет беру және тұрғын үй шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Абаттандыру жұмыстарына тоқталатын болсам, қаламызда қазіргі таңда 30 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде балалар ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдар, сондай-ақ тас жолдар салынуда. Қаламыздағы саябақтар, атап айтсақ, «Нұрсая», «Достық», «Жансая» саябақтарына сметалық құжаттама жасақталып, бүгінде «Нұрсая» саябағының ғана жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан толықтай бейнекамералармен толықтырылды. Басқа демалыс орындарының қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қазіргі таңда жүзеге асуда,-дейді көпшілікті жарқын жобалармен таныстырып.
Иә, көз көріп, құлақ естіп жүргендей, қаламыз күннен күнге ажарланып, жас қала атағына лайықталуда. Оны жергілікті тұрғындар да жасырар емес. Халықпен еркін кездесуде жасалған жұмыстар мен жасалу үстіндегі жұмыстарға көптің көңілі толатыны айқын байқалды. Жеке бас мәселелері мен қаланың дамуына оң ықпал әкелетін ұсыныс-пікірлерін арқалап келген қалың жұрттың бәрі де сөз басында аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, аудан үшін жақсы жұмыстар жасалып жатқанын жарыса айтты. Жиылған жұрт әсіресе қаладағы демалыс орындарының көбейіп, қала берді өлкеміздің таза ауасы мен әсемдігі үшін отырғызылып жатқан талдар мен қылқан жапырақты ағаштар үшін де алғысын білдірді. Сондай-ақ «Қ.Сыдиықов көшесіне аллея салу», «Махамбет даңғылы, І ықшам ауданға арбат салу» сынды жобалардың жүзеге асып жатқанына ризашылықтарын жасырмады. Атап айтсақ, демалушылар үшін арнайы жобаға енгізілген игі жұмыстардың құрылысы 2026 жылы толықтай аяқталады деп жоспарланған. Бұл ретте қалада 11 дана әмбебап балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстарының аяқталып қалғанын да айта кетейік.
Әрине, мазмұнды кездесу тек есеп беру жиыны ғана емес, аудан өміріндегі маңызды мәселелерді ашық талқылайтын, халық пен билік арасындағы сенімді байланыс нығая түсетін орта екені тағы бір мәрте дәлелденді. Жылыойдың бүгінгі дамуы мен болашақ бағытына қатысты айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер әкімнің де, тиісті бөлімдердің де назарында қалатыны белгілі. Тұрғындар тарапынан айтылған алғыс, қолдау сөздер мен нақты ұсыныстар та ауданның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айқындай түсті. Қаламыздың көркейіп, инфрақұрылымның жаңарып, жаңа демалыс орындарының бой көтеруі – осы бірліктің, ортақ еңбектің көрінісі. Иә, жыл аяқталып келеді. Ал Жылыой үшін бұл жыл өзгерістерге толы, жаңа жобаларға жол ашқан, көптен күткен жұмыстардың қолға алынған кезеңі болды десек артық айтқандық болмас. Ең бастысы бұл қарқын келесі жылы да бәсеңдемесі анық. Өйткені жергілікті жұртшылықтың қолдауы мен белсенділігіне сүйенген аудан алдағы уақытта да жаңарып, жаңғыра беретіні анық.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



