Мен үшін жаңа Конституция жобасының ең маңызды қыры – оның халықтық сипатында.
Реформалар жабық кабинетте емес, ашық талқылау форматында өтті. Комиссия отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуі, БАҚ-та кеңінен жариялануы – қоғам сенімін арттырды. Екі мыңнан астам ұсыныстың қаралуы, Ұлттық құрылтайда қорытындылануы – азаматтардың белсенділігін нақты нәтижеге айналдырды. Бұл – «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидаттың іс жүзінде жүзеге асуы. Жаңа мәтінде бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде белгіленуі – біздің қоғам үшін аса маңызды. Дін мен мемлекеттің ара-жігінің нақты ажыратылуы, білім беру жүйесінің зайырлы сипатының айқындалуы тұрақтылық кепілі болмақ. Неке туралы норманың енгізілуі дәстүрлі құндылықтарды құқықтық тұрғыдан бекітіп, әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Зияткерлік меншік құқығының қорғалуы – шығармашылық және ғылыми қауым үшін үлкен қолдау.
Жаңа Конституция еліміздің тарихи тәжірибесіне құрмет білдіре отырып, болашаққа сенімді қадам жасайтын құжат. Ендігі шешімді халық референдумда қабылдайды. Бұл демократиялық дамудың айқын көрінісі.
Асхат Алтыбаев, Жылыой ауданы тұрғыны



