Халық көп жиналатын орындар бақылауға алынбақ

Мәдени-көпшілік іс-шаралар мен той-жиындарға тыйым салынып, кейінге шегеру жұмыстары қатаң бақылауға алынатын болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірлік жедел штаб отырысын өткізді. Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты өткен жиынды облысқа қарасты 7 ауданның әкімдері мен орынбасарлары және жергілікті бөлім басшылары экран арқылы көріп отырды. Әлем елдерін әуре-сарсаңға салған коронавирус індеті Қазақстанға да жетіп, бүгінде 35 адамнан аурудың белгілері анықталып отыр.

Облыс аумағында аталған вирусты жұқтырғандар болмаса да, қауіптің алдын алу мақсатында өңір басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы аудан әкімдеріне орындалуға тиісті бірқатар тапсырмалар берді. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, көрмелердің, жаттығу залдарының, түнгі клубтардың және кальян кафелердің жұмыстары тоқтайды. Санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, ірі сауда нысандарының жұмысы 10.00-ден 18.00-ге дейін қысқартылады. Дизенфекциялық және санитарлық шараларды күшейте отырып, киім базарлары 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуі қажет деген өкім қатаң түрде тапсырылды. Сондай-ақ азық-түлік дүкендері мен супермаркеттерде нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер тек қана қаптаулы күйде сатылуы тиіс. Кафе мен мейрамханалардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарып, келушілердің саны 50 адамнан аспауы қажет. Бұдан өзге мәдени-көпшілік іс-шаралар мен той-жиындарға тыйым салынып, кейінге шегеру жұмыстары қатаң бақылауға алынатын болады.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл - қауіптен сақтану мақсатында қабылданған нақты шара. Бұған облыс халқы да бейжай қарамай, сақтық шараларын мұқият сақтап, заңға бағынуы керек. Осы тапсырмаларға сәйкес аудан әкімі Азамат Бекет жиналысқа қатысушылармен кеңесіп, жедел шешім қабылдайтынын баяндады. Халық көп шоғырланатын орындардың тәртібі бақылауға алынатынын айтты.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521