Халқымыздың ұлы мұрасы

Домбыра – халқымыздың көнеден келе жатқан киелі мұрасы. Қос ішекті қарапайым аспаптан елдің үні, халықтың мұңы мен қуанышы төгіледі. Ол – шежіре, ол – тәрбие құралы. Әрбір күй – бір-бір тарих. Ал музей – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани алтын көпір. Осы жолы мұражайдың көрме залы ұлттық өнеріміздің ұлы темірқазығына айналған қазақтың киелі қоңыр домбырасын ұлықтауға арналды.

Ұлттық домбыра күніне және қазақтың біртуар композиторы, дирижері Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған тағылымды шара өтті. Соның аясында ұйымдастырылған «Домбыра – халқымыздың ұлы мұрасы» атты экспозициялық көрмеге музей қорындағы Т.Құлтумиев, А.Жылгелдиев, З.Жарылғасов, М.Ғалымов қолданған домбыралар қойылды. Ал І.Шәкірұлы жасаған, басы қалайыдан соғылған бұрышты өрнектелген домбыраны тамашалаушылар ұлттық аспаптың тарихы мен маңызын тереңірек тани түсті. Көрменің жалғасы ретінде ауданда ұлт аспаптары оркестрінің қалыптасуына себеп болған сазгер, дүлдүл домбырашылар Тоқсанбай Құлтумиев және Зәбен Жарылғасов туралы «Өнер саңлақтары-өлке мақтанышы» атты презентация көрсетілді.

Кеш барысында қатысушылар Н.Тілендиевтің өмірбаяны, шығармашылық жолы, қазақ өнеріне қосқан елеулі үлесі туралы мазмұнды ақпараттармен танысты. Оның дирижерлік қызметі, күйшілік шеберлігі туралы мағлұматтар шараға келген көрермендердің қызығушылығын оятты. Ал жазғы лагерьде жүрген кішкентай музей қонақтарына арнайы осы тақырыпта викториналық сұрақтар қойылып, ойындар өткізілді. Нәтижесінде жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды.

Бұл шара өскелең ұрпаққа ұлттық аспаптың қадір-қасиетін түсіндіріп, дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын оята түсті. Домбыра үнін ұлықтаған мұндай мазмұнды шаралар халқымыздың мәдени тамырына үңіліп, өткенді бағалауға, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруге ықпал етері сөзсіз.

Г. Мейрамқызы,

кіші ғылыми қызметкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT