Көгілдір отынның көкжиегі

«Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз тұтынушылары алдындағы міндетін адал және абыройлы атқару үшін ауданды көгілдір отынмен үздіксіз, әрі қауіпсіз қамтамасыз етіп келеді. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде мекеме күні-түні тынбай тұрғындар үшін қызмет көрсетті. Апаттың салдарын жою, бүлінген газ қондырғыларын қалпына келтіру, қосымша бөлшектерін ауыстыру жұмыстарын серіктестік өз күшімен, өз қаражатымен атқарды. Осы және өзге де мәселелер жөнінде біз «Жылыойгаз» ЖШС-ның бас директоры Берік Иманқұловқа жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

- Берік Лұқпанұлы, алдымен, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалға тоқталғым келіп отыр. Газ есептегішті неліктен әр бес жыл сайын тексерістен өткізіп тұрасыздар?

-Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №934 бұйрығымен бекітілген «Өлшем құралдарына салыстырып тексеру жүргізу, өлшем құралдарын салыстырып тексерудің мерзімділігін белгілеу қағидаларын және өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификатының нысанын бекіту» қағидаларының 28-тармағына сәйкес, сондай-ақ метрология жөніндегі ғылыми-техникалық комиссияның 2020 жылғы 14 сәуірінің №2 хаттамасы негізінде шыққан тұрмыстық газ есептегіштері үшін бірыңғай тексеру аралықты белгілеу мәселесі бойынша бұйрық бар. Онда тұрмыстық газ есептегіштердің барлық түрлерін тексеру аралығы 5 жыл болып бекітілгені айтылған. Сондай-ақ «сертификаттарды ресімдеу кезінде 5 жылдан аспайтын бірыңғай тексеру аралық интервал орнатылсын» деп бұйырылған.

- Олай болса, неге тұтынушы газ есептегішті өз қаражатына тексерістен өткізуі керек?

-«Тауарлық және сұйытылған мұнай-газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығының 51-тармағына сәйкес, «Есепке алу аспаптарын ұстауды, оларға техникалық қызмет көрсетуді және салыстырып тексеруді есепке алу аспабының меншік иесі жүзеге асырады. Меншік иесімен шарт бойынша есепке алу аспаптарына техникалық қызмет көрсетуді газ тарату ұйымы, топтық резервуарлық қондырғының иесі немесе өзге де мамандандырылған ұйым жүргізуі мүмкін» делінген.

- Газ есептегішті тексерістен тек қана «Жылыойгаз» мекемесі арқылы өткізуі тиіс пе?

- «Өлшем құралдарын салыстырып тексеру, ұйымдастыру және жүргізу тәртібіне» сәйкес, салыстырып тексеруді аккредиттелген заңды тұлға жүзеге асырады. Олардың тексеру қондырғылары әртүрлі болады, біріншісі портативті, ол қондырғылар мен өлшем құралдарын пайдалану орнында тексереді. Екіншісі, стационарлық, оған зертханаға өлшем құралдарын апарып тапсыру қажет. Дегенмен, есепке алу құралының иесі кез келген аккредиттелген зертханамен тексеру жүргізуге құқылы, ал есептегішті алу және орнату қажетті құжаттаманы ұсынып, мамандандырылған ұйыммен жүзеге асырылуы керек. Егер стационарлық зертханадан тексеруден өткізетін болсаңыз, арнайы мамандандырылған ұйыммен келісімшартқа отырады. Газ есептегішті түсіру және орнату жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымның рұқсат құжаттары мен келісімшарттың көшірмелерін газ таратушы ұйым, яғни «Жылыойгаз» ЖШС-не тапсырады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығының 56-тармағына сәйкес, есептегіштен пломбаны алу туралы жазбаша түрде хабарлау қажет және тексеру жүргізілгеннен кейін есепке алу құралыңызды салыстырып қарау нәтижесінің құжатын ұсынған соң есептегішті тіркеу және пломбалау үшін пломба орнату туралы өтініш қалдыру керек болады. Ал портативті тәсіл бойынша өлшем құралын түсірмей, пайдаланып тұрған орнында тексеретін болсаңыз, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығының 35,36-тармағына сәйкес, газ таратушы ұйым, яғни «Жылыойгаз» ЖШС-нен өкіл шақыртуға алдын ала өтініш беріледі. Себебі, есеп құралын пайдалану орынында тексергенде, газ желісі мен қондырғыларын ажырату, қайта жалғау кезінде газ кетуін болдырмау, қауіпсіздік талаптарын қадағалау мақсатында газ таратушы ұйымның маманы қатысуы қажет.

- Тасқыннан кейін апатты деп танылған көптеген үйлер бұзылды. Бұл ретте «Суға кеткен үйлерді газдандыру жұмыстары ақысыз түрде жасалсын» деген сөздер қаншалықты шындыққа жанасады?

- Бүгінгі күнге дейін уәкілетті органдардан су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын тегін жүргізу туралы ешқандай ресми хабарлама алған жоқпыз. Егер ол бұйрық шын мәнінде болса, ол туралы біздің серіктестікке ресми түрде хат берілуі тиіс. Айта кететін болсақ, 2024 жылдың сәуір айында су тасқыны салдарынан «Жылыойгаз» ЖШС-нің теңгеріміндегі газ құбырларына және газ жабдықтарына айтарлықтай залал келгендігін, атап айтқанда 6-ауыл, «Достық», «Автожолшылар», 2, 4 , 5-учаскелер мен «Атырау» ықшамаудандарында орналасқан барлығы 33 дана шкафты газ реттегіш пункттері суға толып, жалпы саны 930 метр орта және төмен қысымды газ желісінің тіреулері құлап, құбырдың үзілуі салдарынан 649 227,18 шаршы метр газды есепсіз жоғалтып отырмыз. Сонымен қатар, сәуір айынан бері апатты деп танылып, бұзуға жататын тұрғын үйлердің газ желілерін негізгі көшеаралық газ желісінен ажырату жұмыстары ақысыз түрде жүргізілді. Яғни, бүгінгі күнге дейінгі көрсеткіш бойынша 1000-ға жуық тұрғын үйді тапсырыс негізінде газ желісінен ажыраттық. Апаттың салдарын жою, бүлінген газ қондырғыларын қалпына келтіру, қосымша бөлшектерін ауыстыру жұмыстарын серіктестік өз күшімен, өз қаражатымен атқарды.

- Жалпы құрылыс монтаж жұмыстарының ақысы қалай есептеледі және оны кім бекітеді?

- Құрылыс монтаж жұмыстары, яғни газдандыру жұмысының ақысы жыл басында «Жылыойгаз» ЖШС директоры бекіткен прейскурантқа сай есептелінеді. Баға бекітуге бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін. Өздеріңіз де білесіздер, материал бағасынан ай сайын өсім байқалады, себебі газ желісіне қондырылатын барлық қондырғылар көрші Ресей елінде өндіріледі. Сонымен қатар, транспортты жалға алу бағасы, жанар-жағармай, ацетилен, кислород баллондарының бағасында да өсім бар және жұмысшылардың жалақысы да инфляция деңгейінде көтеруді қажет етеді. Осы факторлардың барлығы бағаның өсуіне әкеліп соқтыратыны сөзсіз.

- Қазір Құлсары қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жеке жылу қазандығын орнату мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Жалпы жеке қазандық орнатудың негізгі талаптары туралы баяндап беріңізші.

- Көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлерін табиғи газ пайдаланатын жеке жылу қазандықтарымен жылыту жұмыстарын жобалау - жергілікті атқарушы биліктің арнайы шешімі арқылы және басқа құзырлы органдардың келісімімен, арнайы заңдылықтарды, өрт қауіпсіздігі қызметінің арнайы техникалық шартын басшылыққа ала отырып атқарылады. Талап бойынша пәтерлердің жылу қазандары зауыттық үлгіде, толық автоматтандырылған, жабық жану камерасымен жабдықталған болуы тиіс. Жылу өндіру қуаты, егер бөлек бөлмеде орналасса 100 квт-тан, ас үйде орналасса 35 квт-тан аспауы тиіс. Егер тоқ көзі болмай қалса, қорғаныс тізбелері бұзылғанда, оттықтың жалыны сөніп қалғанда, жылу тасығыштың қысымы қажетті мөлшерден төмен түскенде немесе оның қызуы қажетті температураға жеткенде, түтін тарту жүйесінің жұмысы бұзылғанда, газ қысымының мөлшері артқанда жылу генераторларының автоматикасы міндетті түрде газды ажыратуы керек. Пәтердегі жылу генераторлары орналасатын бөлмелерді жобалаған кезде, оларды инженерлік жүйелермен жабдықтау үшін баспалдақ жаққа орнатылуын қарастыру керек. Жылу генераторын ас үйге немесе арнайы бөлмеге орнатуға болады. Бірақ оны газ плитасының, ыдыс жуу қондырғысының үстіне қоюға тыйым салынады. Генератордың алдында техникалық қызмет көрсету үшін 1 метр ашық орын болуы міндетті. Газдың жануы үшін қажетті көлемді ауа арнайы ауа сорғыш арқылы сырттан беріліп, жану қалдықтары мұржадан толықтай атмосфераға шығарылуы керек. Түтіндік мұржалардың конструкциясы және олардың орналасуы үйдің архитектуралық жобалау шешімдері мен өрт қауіпсіздік талаптарын басшылыққа алып анықталады. Әрбір жылу генераторынан түтіндік мұржаны бөлек-бөлек үйдің фасады арқылы шығаруға болмайды. Ұжымдық ауа жібергіш қондырғылар мен мұржалардың қимасы жылу генераторының куаты мен санына байланысты олардың бір мезгілде жұмыс жасағандағы пайдаланатын ауасы мен шығатын жану қалдықтарына есептелуі керек. Жылу генераторының жұмысын қадағалау үшін диспетчерлік пункт ұйымдастырылуы қажет. Ал пунктке төмендегідей белгі (сигнал) берілуі керек:

* жеке жылу қазандығының қалыпты жұмыс жасап тұрғаны туралы;

* жеке жылу қазандығының тоқтап қалғаны туралы;

* бөлмедегі ауаның құрамындағы газдың көлемі шамадан артқаны туралы;

* өрт болғаны туралы. Ал жылу генераторы орналасатын үй-жай мынадай талаптарға сай болуы тиіс. Яғни, ол пәтердің сыртқы қабырға бетіне орналасып, онда желдеткіші бар терезе болуы керек, терезенің ауданы бөлменің көлемінің 1 м3-іне 0,03м2-ден кем болмау керек. Үй-жайдың көлемі 15 текше метрден, биіктігі 2,2 метрден кем болмауы тиіс. Көппәтерлі тұрғын үйлерді табиғи газға арналған жеке қазандықтармен жылытудың негізгі талаптары, міне, осындай. - Әр пәтер иесінің өз бетімен дербес жылу қазандығын орнатып алуы қаншалықты заңды? -Жалпы, әуел баста ор- талықтандырылған жылу жүйесімен жылытылатын нысанды жеке қазандықпен жылытуға көшіру үшін, жоғарыда айтылғандай, жергілікті аткарушы биліктің шешімімен және құзырлы органдардың келісімімен арнайы рұқсаты бар ұйымға жоба жасатылуы қажет. Ең бастысы - қазандықтарды орнату әр пәтер иесінің өз күшімен емес, арнайы мамандандырылған ұйым арқылы бір үйге бірыңғай жүзеге асырылу керек. Яғни, әр үйге ортақ мұржа, әр пәтерге бірдей үлгідегі, бірдей қуаттағы бірыңғай жылу қазандықтары орнатылуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, мұржаның тарту күшіне кері әсер етеді, яғни, пәтер ішіне улы газ тарауына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл жердегі басты мәселе - техникалық талаптарды нақтылау емес, олар жоғарыда аталған нормативтік құжаттарда барынша ашып жазылған. Басты мәселе - әр көппәтерлі үйдің жылу жүйесін бастан-аяқ қайта жүргізіп шығу үшін қажетті қаражат көзін табу деп есептейміз. Бірақ қаражат көзі табылған жағдайда да, жергілікті атқарушы органның шешімі, арнайы техникалық шарттар, жоба сияқты құжаттар алғышарт ретінде қалады. Яғни, қазіргі қалыптасқан жағдайда, әр үйдегі әрбір пәтер иесінің өз бетімен дербес жылу қазандығын орнатып алу деректерінің жалғасуына жол беруге болмайды. Жергілікті билік осы мәселені шешеміз деп айтқанымен, бұл орайда, заң талаптарына сай нақты әрекеттер жасалмай отырғанын да атап өткен жөн.

- Демек, тұтынушылардың заңсыз орнатып алған дербес жылу қазандықтарын газ жүйесінен ажырату - бүгінгі таңда серіктестіктің алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі болды ғой?

- Иә. «Жылыойгаз» ЖШС аудандағы табиғи газ жеткізуші мекеме ретінде газ шаруашылығындағы қауіпсіздік ережелерінің, Қазақстан Республикасының №532-4 «Газ және газбен қамту туралы» заңының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1041 «Табиғи газды тұрмыстық тұтынушыларға бөлшек саудада өткізу ережелері» қаулысының талаптарын барлық табиғи газ тұтынушылары тарапынан орындалуын үнемі қадағалауға міндетті. Сондықтан жоғарыда айтылған талаптарға қайшы келетін қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерде тұтынушылардың заңсыз орнатып алған дербес жылу қазандарын газ жүйесінен ажырату жұмыстары - негізгі міндетіміз саналады. Осы мәселе туралы бұдан бұрын да бірнеше рет құзырлы органдармен бірігіп тексеріс жүргіздік. Жазбаша да, ауызша да мұндай заңсыздыққа тыйым салынғанымен күні бүгінге дейін ешқандай оң нәтиже бермей келеді. Әрине, қақаған қыста тұрғындар азынаған суық үйде отырсын деген пікір бізде жоқ. Бұл жерде айтылып отырған мәселенің түп мақсаты – тұрғындарды апаттық, бақытсыздық жағдайдан алдын ала сақтап, адам шығынына бейбіт уақытта жол бермеу. Қандай да болмасын көпқабатты тұрғын үйлердің жеке дербес жылу қазандығынан өрт, оқыс оқиға орын алар болса, бүкіл үйді жалынның жалмамайтынына немесе адамдардың өміріне қауіп төнбейтініне ешкім де кепілдік бере алмасы анық. Осындай оқыс оқиғалар біздің қаламызда бірнеше рет қайталанды. Абырой болғанда, адам шығыны орын алған жоқ. Егер де кісі өлімі болса немесе өрт басқа пәтерлерге жарылыс қаупін төнгізсе, жағдай басқаша сипат алған болар еді. Сондықтан да газды заңға қайшы пайдалану өзімізді және өзгелерді қауіпке итермелеу дегенге саяды.

-Аудан көлемінде газ желісіне қатысты тағы да қандай мәселелер бар?

-Табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану, қауіп-қатердің алдын алу, салғырттыққа жол бермеу турасындағы насихат жұмыстарын «Жылыойгаз» ЖШС әркез тоқтатқан емес. Жыл сайын жылу беру маусымы алдында Құлсары қаласы мен аудандағы барлық елді мекендерде округ әкімдерінің ұйымдастыруымен қайталама нұсқаулықтар өткізіліп, қауіпсіздік бетшелері таратылып келеді. Одан өзге баспасөз бетінде де хабарлама мен мақалалар жарияланып отыр. Осының бәріне қарамастан, тұтынушылардың қауіпсіздік шараларына деген белсенділігі өте төмен. Тіпті, кейбір тұрғындар газ жабдығынан табылған ақау мен кемшіліктер жөнінде берілетін ескертуді елемейді, газ жабдығына техникалық қызмет көрсету үшін барған қызметкерлерді үйіне кіргізбейді, техникалық қамту жұмыстарын жасауына кедергі келтіреді, тек газын тоқтатқан күні ғана қозғалып жатады. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 19-бабында «Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады» делінген. Десек те, әр тұрғынды техникалық қамту шартын жасасуға толық міндеттей алмай отырмыз. Заңға салсақ, газ жеткізуші техникалық шартқа отырмаған тұтынушыға газ бермеуге толық құқылы. Алайда, адамгершілік тұрғысынан алғанда шарт жасаспаған тұтынушыларды жаппай газдан айыру дұрыс шешім болмас еді. Бұл жөнінде түсіндірме жұмыстарын күн тәртібінен түсірмей келеміз десек те, нәтижесі көңіл көншітер емес. Тағы бір басты айта кетер жайт, елімізде автокөлік жүргізушілерінің салғырттығынан жол-көлік оқиғалары жиі болуда. Бұл жылдамдықты асыру және жүргізушілердің жауапсыздығынан болып отыр. Ауданда тұрғындар көлік құралдарын жүргізгенде «Жылыойгаз» ЖШС-іне тиесілі қолданыстағы газ желісіне зақым келтіретін деректер де жыл басынан бері жиі орын алуда. Осындай апаттар жеке тұтынушыларға зиян келтіретінін жүргізушілер түсінуі керек. Мұндай апаттық жағдайдың туындауы тұтас ықшамауданның газды үздіксіз тұрақты түрде пайдалануына кедергі келтіріп жатады. Кейбір жүргізушілер апат орнынан ізін суытып, қашып кетеді. Алайда, мұның соңы құзырлы органдардың қылмыстық іс қозғауымен аяқталады. Осындай автокөлік құралына байланысты 2024 жылдың басынан бері он сегіз оқиға тіркелді. Оның басым бөлігі – газ желісін жүк көлігімен қағып, зақым келтіру, арнайы техникамен рұқсат алмай, жер қазу кезінде желіні зақымдау секілді жайттар. Жүргізушілердің оқиға орнынан қашып, кейіннен куәгерлердің және бейнебақылау камералары арқылы құзырлы органдардың араласуымен қаншама көлік иелері айыппұл төлеп, шығынға ұшырады. Алайда, басты мәселе темір тұлпарды тізгіндеген адамның салғырттық пен абайсыздық танытуы үлкен апатқа әкеліп соқтырып, аудан тұрғындарының көгілдір отынды алаңсыз тұтынуына кедергі келтіріп отыр. Сондықтан көлік жүргізушілері қандай жағдай болмасын оқиға орнынан кетіп қалмай, құзырлы органдарға хабар беріп, «Жылыойгаз» ЖШС-інің апаттық диспетчерлік бөлімшесі 104-ті хабардар етуі сұралады. Мұндайда жауапкершілік әр адамның бойында болуы керек деп білеміз.

- Көктемгі су тасқыны кезінде «Жылыойгаз» мекемесі тұрғындарға көмек көрсете білді ме?

- «Тұрмыстық тұтынушыларға серіктестік есебінен көмек көрсету туралы» бағдарламасы «Жылыойгаз» ЖШС құрылтайшысының шешімімен бекітілді. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы барлық бастамалары мен ұлттық саясатын қолдай отырып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлер және мүгедек азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында дайындалды. Біз де табиғи апаттан зардап шеккен күнкөрісі төмен, аз қамтылған, көпбалалы, жалғызбасты азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға осы бағдарлама аясында көмектесуге тырыстық. Жалпы бағдарламада қаралған 2024 жылға әлеуметтік көмек беру мақсатында қаралған қаражат толығымен игерілді.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT